Бұған кінәлілер лайықты жазасын ала ма, әлде кезекті жаңғырық күйі қала ма?
«Сайрам ауданы Ақбастау ауылында төрт жасар бүлдіршінді ит қауып құтыру ауруынан қайтыс болыпты». Құлаққа түрпідей тиген суыт хабарды естіген бойда мәселенің анық-қанығын білу, журналистік зерттеу жүргізу мақсатында сол ауылға қарай асығыс аттандық. Балдай тәтті балалық шақтың қызығына енді бөлене бастаған сәтте құлдыраңдап жүгіріп жүріп абайсызда ажалдың құрығына ілінген Еңлікті қапқан ит ауылдағы «Димаш» деп аталатын балалар бақшасындағы тағы бір бүлдіршінге де тап берген.
- Ит қапқан бүлдіршіннің беті аздап қана жараланған. Дереу ауруханаға апарып, барлық ем-домын жасаттық, бала-бақшаға залалсыздандыру жұмыстарын жүргіздік. Дәрігерлердің жіті бақылауына алынған бүлдіршініміздің қазіргі жағдайы жақсы. Бірақ, әлі де балабақшаға келуге рұқсат бермей отырмыз, - дейді «Димаш» балабақшасының меңгерушісі Раушан Ерназарова.
Қылығы ерке Еңліктің өмірін жалмаған ит есігі ашық тұрған балабақшаның әжетханасына көлеңке іздеп кірген кезде адамдар амалын тауып сыртынан жауып үлгерген. Әжетханаға қамалған күйі ит екі күннен кейін өліпті. Сонда жауапты адамдардың әжетханаға қамалған итке қарсы екі күн бойы ешқандай әрекет жасамай отырғаны түсініксіз. Құтырған ит қапты деген күдік тудырған сиыр да, таланған иттер де әлі күнге дейін елден оқшауланбағаны таңдандырады. Сол итпен таласты деген көрші үйдегі екі күшіктің бірін аулада, пісіп, жерге түсіп жатқан өріктің түбінде атып, өлексені сол жерге тастап кеткен арнайы мекеменің тірлігіне аң-таң болдық. Таланған екінші күшік тірі жүр. «Біз жас отбасымыз, балалардың барлығы әлі кішкентай. Өрік теріп жеп, сол жерден шықпаушы еді, енді қалай жібереміз? Күшікті атқан жер қан-қан болып жатыр» деп шырылдайды сол шаңырақтың отанасы Динара Байдарова. Ал Жәнібек Оразбеков деген ауыл азаматы «Мал дәрігерлері қыршынынан қиылған қызды қапқан иттің басын өлгеннен кейін кесіп алып зертханаға жіберумен шектеліп, денесін жерге көмуді жергілікті тұрғындарға сілтей салды. Таңертең суға шықсам, топырақтың бетінде иттің сүйектері шығып жатыр. Демек, саяз көмілген. Ауылда иттің өлекселері көбейіп кетті» деп қынжыла сөйлеуінің ар жағында үлкен қорқыныш тұрғанын түсіндік.
Айтқандай, Еңлік қайтыс болған күні атып өлтіріп, жинаусыз қалған бірнеше иттің өлекселерін амалдың жоқтығынан ауыл адамдарының өздері ауылдың шетінде бір жерге үйіп, өртепті. Мұның қауіпті екенін айтып, ауыл адамдары тағы бір дүрлікті. Сонда иттерді атып, орнын заласыздандырып, өлексені қауіпсіз жағдайда жою үшін мемлекеттік тапсырыс арқылы бюджеттен қаражат алған «Нұр квартал» ЖШС-ның басшылары қайда қарап отыр?
Ал әрбір әрекеті ет-жүрегіңді елжірететін аяулы перзенті Еңлігінен қалай айырылғанын айтып жанарынан жас саулаған Қасым Сауыровтың сөзін тебіренбей тыңдау мүмкін емес еді.
- Маусымның 4-күні сағат 11-лер шамасында аулада ойнап жүрген қызымды қаңғыған ит желкесінен тістеп алған. Бірден аудандық емханаға апардым. Бұл кезде сағат тілі 11-ден 40 минутты көрсеткен болатын. Дәрігер Уламжан Юсуповтың қабылдауында болдық. Жараны тазалап, сағат 12-ден 40 минут өткенде дәрі екті. Кешкі сағат бес жарымға дейін, яғни әр 40 минут сайын төрт укол салып, үйге қайттық. Қолымызға емханаға келу кестесін берді. Кестеден бір де ауытқымай, көрсетілген уақытынан кешікпей барып, ем-домын қабылдап тұрдық. Сөйтіп, маусымның 18-күні емнің алғашқы сеансы бітіп, келесі сеансы басталғанға дейін, яғни 4-шілдеге дейін демалу керек болатын. Бірақ, өкінішке қарай, Еңліктің көрер күні, атар таңы ол уақытқа дейін жетпеді. Маусымның 19-күні күндіз теледидар көріп жатып ұйықтап қалған қызым ұйқысынан шошып оянды да жылап, құса бастады. Шақыртқан жедел жәрдем дәрігерлері Еңлікті өздерімен бірге алып кете алмайтындығын, бірақ, ертерек емханаға апарып, жеке бөлмеде емдеу қажеттігін ескертті. Ертеңіне емханаға алып бардық. Абдулла Таджиев деген дәрігер қызымызға тыныштандырғыш дәрі ектіріп, бір таблетканың атын айтып, соны алып беріңдер деп, кері қайтарып жіберді. Бірақ, беті бері қараудың орнына кері кете берді. Содан қайтадан жедел жәрдем шақыртуға тура келді.
Бұл жолы ахуалы қиындаған қызымызды дәрігерлер өздерімен бірге алып кетті. Ақ халаттылардың ертең келіңдер дегеніне қарамастан, айқайласып жүріп анализ тапсырдық. Содан кейін ғана дәрігерлер де, санэпидемиологтар да дүрліге бастады. «Маусымның 4-күні, яғни арада 17 күн өткен оқиғаны енді сұрап отырсыздар ма?» деп мен қатты ашуландым. Санэпидемиолог қыз «мен негізі үш күн сайын қадағалап тұруым керек еді, кешірңізші» деп жанұшырып жүр. Кейін аудандық санэпидстанцияның басшылары келіп, қызымызды жеке изоляцияға жатқызу керектігін айтты. Сол кезде «осы жерден қайтып шыға ма, шықпай ма?» деген күдік санама сап ете қалып, жүрегім тулап кетті.
Ертеңіне таңғы сағат 9-да аудандық аурухананың бас дәрігері Қайрат Келібаевтың кабинетіне бардым. Орнында жоқ екен. «Жиналысқа кеткен, келмеуі де мүмкін» дейді хатшысы. Орынбасарларын да таппадым. Кейін облыстан келген мамандар менімен жеке сөйлесіп, қызымды аман алып қалу қиын екенін мойындады. Мен қызымды көргім келді. Палатаға кіргенде Еңлігімнің боп-боз болған түрін көріп шошып кеттім. Құса-құса әбден қиналыпты. Дәтім шыдамай, өзімнің қалай кері шығып кеткенімді білмей қалдым. Сөйтіп, шамамен кешкі сағат бестерде осы кезге дейін қара көрсетпеген бас дәрігер Қайрат Келібаев келді. Жалғыз емес, бір топ полиция қызметкерлерімен бірге. Бізді шу шығарады деп ойлаған шығар. Сонда деймін-ау, бүлдіршін қыздың жағдайын мүлдем ойламаған бас дәрігер өзінің жағдайын ойлап, жанына полицияларды ертіп алғанына не дейсіз?
Бұл кезде қызым өліп қалған екен. Дәрігерлер оны ұйықтап жатыр деп алдағысы келеді. Аурухананың жанындағы талға шығып, қызым жатқан тұстағы терезеден қарадым. Еститін шығар деген оймен атын атап айқайлаймын. Қимыл жоқ. Бет-ауыздарын тұмшалап алған дәрігерлер қолдарына шыбын ұрғыш ұстап алып, қызымды шыбындардан қорып отыр. Осы оқиғадан кейін байқағаным, үлкен ауданның ауруханасының бас дәрігерін халықтың жағдайы, науқастың ахуалы мүлдем қызықтырмайды екен. Сонша қиналғанда ең болмағанда бір рет те келіп, жағдайымызды біліп, не істеп жатырсыңдар деп сұраған жоқ. Балық басынан шіриді деген осы шығар. Дәрігерлердің кесірінен енді өсіп келе жатқан қызымнан айырылып қалдым.
Амал нешік, аяулы да сүп-сүйкімді Еңліктің маңдайына бесінші көктемін қарсы алу бақыты бұйырмаған екен. Балауса ғұмыр қиылды, балғын шыбық сынды. Қайғыдан қан жұтқан отбасы аяулы перзентін мезгілсіз келген ажалдан арашалап қалу жолында дәрігерлердің жанталаса қимылдаудың орнына өз міндеттерін салғырт-салақтықпен атқарғандырын ашынып айтып берді. Қаралы отбасының жанайқайы кезекті жаңғырықтардың бірі болып қала бере ме, әлде жауапты адамдардың кінәсі дәлелденіп лайықты жазасын ала ма? Әліптің артын бағып, «Рейтинг» газеті алдағы уақытта бұл тақырыпқа тағы да қайта оралмақ.
Сіз не дейсіз?
Ерлан Оспанов, «Сайрам» аудандық ветеринария бөлімі мемлекеттік мекемесінің директоры:
- Өлген иттің басы лабораторияға жіберілді. Әзірге қорытындысы келген жоқ. Тәртіп бойынша 30 күн ішінде, яғни шілденің 6-күні нақты қорытындысы шығуы тиіс. Сол себепті ол иттің құтырған, құтырмағандығы әлі анықталған жоқ. Дегенмен, дәрігерлер қыздың құтырудан қайтыс болғанын мойындап отыр. Соған орай оқиға болған ауылда 20 шақты ит жойылды. Онымен байланыс болған жерлерге вакцинация жасалды. Сондай-ақ, 80 ит пен 40 бас қара малға, 200 бастай уақ малға дәрі егілді. Соңғы есеп бойынша аудан аумағында 27 мыңға жуық ит-мысық бар. Биылғы қаралған қаражатқа осы уақытқа дейін 6800 ит пен 2003 мысыққа құтыру ауруына қарсы дәрі егілді. Бұл аудандағы жалпы ит-мысықтар санының 27 пайызын құрайды. Ал қаңғыбас иттердің қатарын жыл соңына дейін 5000-ға дейін жою жоспарда бар. Ал олардың нақты санын есептеу мүмкін емес ұқсайды.
Мұрағаттан: 29.06.2012