Қызмет барысында шенеуніктердің қарамағындағы қызметкерлердің біріне бүйрегі бұрып, бірінің соңына шырақ алып түсуі жиі кездесіп жатады. Қызмет болғаннан кейін ондай-ондай келеңсіздіктердің болмауы мүмкін емес шығар. Алайда кейбір басшылар осындай әрекетімен шектен шығып, заңды белден басатынын қайтерсіз. Мұны неге айтып отырмыз.
Сейсенбі күні Тәртіптік кеңесте Кентау қаласына қарасты Хантағы және Байылдыр ауылдарының әкімдері Әбу Кіркінбаев пен Әділ Әуелбековтің мәселесі қаралып, екеуіне де қатаң сөгіс беру туралы ұсыныс жолданды.
Тәртіптік істің мән-жайына қарағанда Хантағы ауылы әкімінің орынбасары А.Утепбаева 2011 жылы жер теліміне қатысты шешімдерінде заңбұзушылықтар жіберген. Ауыл әкімі Әбу Кіркінбаев осы дерек бойынша алты айдан кейін оған «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» жазасын берген. Әкімнің орынбасарына неге соншалықты шүйліге қалғанын кім білсін, әйтеуір, оның бақандай алты заңбұзушылығының қалған үшеуі де А.Утепбаеваға қатысты. Дәлірегі орынбасардың жеке ісіне аттестациялық парағы мен қызметтік мінездемесі тігілмеген, қызметтік мінездемемен таныстырылмаған, қайта даярлаудан кеш өткен. Есесіне Ә.Кіркінбаев бас маман болып істейтін С.Атаханова мен М.Айменоваға үстемақы белгілеу туралы өкімдерді тиісті ұсыныссыз қабылдап, оларға заңсыз артықшылықтар беріпті.
Ал, Байылдыр ауылының әкімі Әділ Әуелбеков 9 күн емделуде болған бас маман-есепші К.Умароваға біржолғы ақшалай материалдық көмек көрсеткен. Тәртіп бойынша мұндай материалдық көмек егер қызметкердің емделу уақыты 10 күннен асса ғана беріледі екен. Сондай-ақ, ауыл әкімі есепшіге тиісті жазбаша ұсыныс болмаса да, оның лауызымдық жалақысына үстемақы белгілеген. Тіпті, ауыл әкімі өзіне және аппарат қызметшілеріне тиісті жазбаша ұсыныссыз сыйақы берген. Ал, заңда мемлекеттік органның басшысы өзіне сыйлық белгілеу шарттары көзделмеген. Ә.Әуелбековке қарамағындағы қызметкеріне заңсыз тәртіптік жаза беріп, артынан оны заңсыз қайтып алып қоя салу да түк емес екен. Әкім өзінің кеңесшісі К.Айтбаевадан жазбаша түсінік алмастан оған «сөгіс» береді. Артынша қолданылған тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын қайта алған. Бұдан бөлек әкім «әртүрлі жұмыс жасайтын жұмысшы» деген лауазыммен екі азаматты қызметке қабылдаған. Мұндай қызмет мемлекеттік қызметші болып табылмайтын лауазымдардың тізбесінде көзделмеген болып шықты.
Тәртіптік кеңестің мәжілісіне Әбу Кіркінбаев денсаулығына байланысты келе алмады. Ал ауыл әкімі қызметіне тағайындалғанына үш ай болған Әділ Әуелбеков қарамағындағы 18 жылдық өтілі бар іс-жүргізушіге сеніп қалғанын айтып ақталды.
Жиында Тәртіптік кеңестің төрағасы Ермағамбет Бөлекбаев облыста мемлекеттік әкімшілік қызметкерлерін аттестациялаудың тестілеу сатысынан өту көрсеткішінің әлі де төмен деңгейде екенін атап өтті. Тәртіп бойынша аттестациялаудың алдында қызметкер тестілеуден өтуі тиіс. Өте алмағандар 10 күннен кейін қайта тапсырады. Бұл жолы да сынақтан сүрінгендерге қайта тапсыру мүмкіндігі алты айдан кейін беріледі. Егер үшінші жолы да өте алмаса, қызметінен босатылады. Биылдың жеті айында осындай үш мүмкіндікті де мүлт жіберген 30 (20 аумақтық және 10 жергілікті органдардың) мемлекеттік әкімшілік қызметшісі тестілеуден 3 рет те өте алмай қызметінен кеткен.
Жалпы, барлығы 1424 мемлекеттік әкімшілік қызметші тестілеуге қатысып, оның 780-і, яғни 54,8 пайызы шекті мәннен жоғары баға алса, 644-і немесе 45,2 пайызы төмен баға алған. Жалпы жергілікті, аумақтық органдардан 376 адам 1 реттен, 238 адам 2 реттен сүрінген.
--Бұл мәселе тәртіптік кеңестің өткен отырысында да қаралған болатын. Тәртіптік кеңестің шешімі барлық мемлекеттік органдарға жолданды. Бірақ белгіленген тестілеуге келмеу әлі күнге жалғасуда,--деді төраға жиын барысында. Кеңесте тест тапсырудан жалтарып жүрген Төлеби, Мақтарал және Қазығұрт ауданынан келген мемлекеттік қызметкерлердің мәселесі қаралып, оларға сөгіс түрінде жаза ұсынылды.
--Келесі жолы тестілеуден өтуін қамтамасыз етпеген мемлекеттік органның басшысы мен кадр қызметінің тәртіптік істерін қарайтын боламыз,--деді Е.Бөлекбаев.
Алайда мемлекеттік органдардың басшылары, оның ішінде аудан, қала әкімдері, басқарма басшылары Тәртіптік кеңестің алдына келе қояр ма екен. Мәселесі қаралатын күні олардың бірінің ауырып, бірінің іс-сапарлап кетуі үйреншікті әдетке айналған емес пе?
Айтқандай, осы жиынның күн тәртібі бойынша Кентау қаласының әкімі Б.Байсалов есеп беру тиіс еді. Алайда Байсалов басқа жиынға кетіп қалғандықтан, мәселені қарау кеңестің келесі отырысына қалдырылды.
Мұрағаттан, 09.08.2012 ж