Мақтаарал ауданы, Қызылқұм аулының тұрғыны Омарәлі Теңгебаев мұңын шағып «Рейтинг» газетінің редакциясына арызданып келіпті. Өмірін бала тәрбиелеуге арнап, білім беру ісінің үздігі атанған ел ағасы Жетісай-Шардара тас жолының бойында өзбек бекеті пайда болып, ешкімді өткізбей жатқанын алға тартып, халықтың жанайқайын жеткізді. Соңғы екі аптада қазақ-өзбек шекарасындағы жағдай мүлдем ушыға түсті. Ташкентте өтетін Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің саммитін сылтауратқан өзбек елінің басшылары Қазақстанмен арадағы шекараны тас-түйін жауып тастауға шешім қабылдады. Сондағы берген түсініктемесі - саммит қарсаңында қолға алынған қауіпсіздік шаралары екен. «Қазақстан тарапынан көрші елге шекара арқылы қашан, қандай қауіп төніпті?» деген сауалға жауапты таба алмай дал болдық. Екі ортада қарапайым халық қиналып отыр. Айтпақшы Ташкентте өткен жиынға Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та қатысты. Осыған қарамастан көршілес мемлекеттің қысастық әрекетке барғаны қыр көрсеткені ме, қалай өзі? Саммит аяқталғанмен шекарадағы шиеленіс артпаса азаяр сыңайы сезілмейді.
- Бұған дейін Шардараға жету үшін 65 шақырымдай жол жүретінбіз, дейді Омарәлі Теңгебаев. -- Енді ол екі есе ұзарды, себебі бұрынғыдай Арнасай арқылы өте алмай, айналып жүруге мәжбүрміз. Жолкіренің құны әп-сәтте екі есе қымбаттап шыға келді. Әйтсе де Өзбекстан жақтан келетін автобус өз еліндегідей емін-еркін жүріп, жолаушыларын кедергісіз таси береді. Есесіне 800 теңге берсең әлгі өзбек бекетінен өткізеді деп те естіп жүрміз. Қиындық туындатып отырғаны -- Арнасай ауылының маңындағы аядай ғана жер. Ұзындығы 7, ені 4 шақырым жерді Қазақстанның қайтарып алуға шамасы келмей ме? Сонда қатарынан бірнеше өзекті мәселе шешімін табар еді.
Өзбекстанмен шекараласатын тұстағы Арнасай ауылына көлік қатынасының мүлдем үзілгеніне 10 күнге жуықтады. Бір жағы Шардара қоймасына жиналған дария суымен, қалған тұсы өзбек шекарасымен шегенделген елді мекеннің тұрғындары ауылдан аяқ басып шыға алмай қалды. Себеп, ауылды орталықпен жалғап жатқан жолды өзбек жағы саңылау қалдырмай жауып тастаған. Аралда қалған ауыл тұрғындары азық-түлік пен ішетін судың тапшылығынан қиыншылық көріп, өлместің күнін кешуде. Қақпасының кілті жат елдің қолында қалған Арнасайға енді қайықпен немесе әуе көлігі арқылы ғана қатынауға болады. Өзбек жағы шекара күзетін күшейткеніне бірнеше күн болды. Жаяу жүргінші әрі-бері тек төлқұжатпен ғана өте алады. Ал көлікке мүлдем рұқсат жоқ. Шекарадан қия басқанды өзбек жағы әй-шәйға қарамай қамап тастайды.
«Аралда жатырмыз. Не ұнымыз, не азық-түлігіміз жоқ. Ауылдан аттап баса алмаймыз. Ішетін суымыз да жоқ». Бұл Арнасай ауылының тұрғыны Жәмилә Төреқұлованың журналиспен жүздескенде білдірген пікірі. Әсіресе медициналық көмекке зәру болған арнасайлықтар қатты әбігерге түскен. «Қан қысымым көтеріліп кетті. Ал Шардарадағы ауруханаға барайын десем, бекеттегілер өткізбейді. Ауылда аяғы ауыр келіндеріміз бар. Бүйректері ісіп жатыр» дейді тағы бір арнасайлық Гүлжан Әйтөреева. Бәрінен де ауыл балаларына қиын болып тұр. Жиырма шақырым жердегі Шардарада оқитын балалар сабақ аяқталғанымен әлі өз үйлеріне қайта алмай отыр. Ал Жұмағали Ошанов дейтін азаматқа қызын ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыстыру үшін қайықпен 9 сағат жүзуіне тура келіпті.
Көрші орналасқан қазақ-өзбек шекарасында даудың жиі-жиі орын алатынына елдің құлағы үйренгендей... Шекарада мылтық та атылды, адам да өлді. Шекараны бөлген кезде Арнасайға байланысты әжептеуір айқай-шу шыққан-ақ еді. Алайда соңғы жылдары Арнасай туралы ақпараттардың арыны басылып қалғаны анық еді. Жақында қайтадан Арнасайдың мәселесі құлақ қылтитты. Сол кездегі шекара бөлудің Қазақстанға қаншалықты тиімді болғаны, шекара бөлудің шындығы енді-енді ашылып келе жатқан тәрізді. «Қоршауда қалдық», «Сыртпен байланысымыз жоқ», «Азық-түлік таусылды» дегенді кешегі Ұлы Отан соғысында естуші едік. Өткен аптадан бері Қазақстанның алақандай бір ауылы Өзбекстанның қоршауында қалғаны туралы бүкіл ақпарат құралдары шулады.
Шыдамның да шегі болады. Шекарадағы шекісулер Шардара мен Мақтаарал аудандарының халқын жүйкесін әбден тоздырып бітті ғой деймін, соңғы кездері наразылық акциялары жиілеп кетті. Айталық, былтыр қыркүйек айында шекара маңында орналасқан бірнеше ауыл тұрғындары Үкімет басшысына хат жазып, өзбектерге өтіп кеткен үш елдімекенді Қазақстанға қайтаруын талап етті. Негізі қазақ-өзбек шекарасын делимитациялау туралы шартта көрсетілгендей, Арнасай плотинасы мен оның айналасындағы 5 елдiмекен Қазақстан жағында қалатын болып келiсiлген-дi. Бірақ, неге екені белгісіз, дәл осы 5 ауылдың аты аталып, түсi түстелмепті. Биыл наурыз айында да жергілікті халық Жетісай-Шардара тас жолына шығып, наразылық шеруін өткізгендер бұрынғы талаптарын Үкімет мүшелерінің естеріне екінші қайтара салды. Әрине, бұл мемлекетаралық мәселе болғандықтан жалғыз Кәрім Мәсімовтің қолынан не келер дейсіз? Жыл басынан бері өзбектер шекараны шегендеуге білек сыбана кіріскелі осы маңайда тұратын халық күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалды. Делимитациялау кезінде белгіленген жерлерге баған орнатып, тікенек темір сымдарын жүргізу ісін қарқынды түрде қолға алған алашапанды ағайындардың әрекеттері жергілікті тұрғындардың ашу-ызасын туғызып отырғанын жасырып қайтеміз? Республикалық ақпарат құралдарына арызданып, шағымданған азаматтар «өзбек шекарашылары қазақтың жерлерін де қоса қоршап алып жатыр» деп шырылдаған. Алайда, оны тыңдайтын құлақ бар ма Үкімет үйінде? Обалы не керек, Өзбекстанға өтіп кеткен ауылдарды қарапайым халық қана емес, Мәжіліс депутаттары да көтерген. Осыдан тура бір жыл бұрын оңтүстіктен сайланған Мәжілісмен Төлебек Қосмамбетов Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, 2003 жылы Қазақстан мен Өзбекстан арасында шекара белгіленген кезде, Қазақстанға өткен 5 елді мекенге кірмей қалған «Арнасай» және «Аманкелді» елді мекендерінің жағдайын ойластыруды өтінген. «Менің депутаттық сауал жасауыма Арнасай мен Амангелді ауылы тұрғындарының маған жолдаған ашық хаты негіз болып отыр. Хатта Арнасай мен Амангелді ауылдары Өзбекстан құрамына беріліп, шекара белгілеу кезінде ағаттық жіберілгені жазылған. Көрсетілген мәселенің шешімін тауып, осы елді мекендердің Қазақстан Республикасына қосылуын сұрауда. Өзбекстанға берілген «Арнасай» және «Аманкелді» ауылдарын бұрынғы шекара сызығымен Қазақстанға қайтару мәселесін қарап, бұл мәселені екі ел келісімдерінде көрсетілгендей дұрыс шешілуіне ықпал етуіңізді сұраймын», делінген еді депуаттық сауалда. Алайда, халық қалаулысының бұл сауалы сол күйі жауапсыз қалды.
...Жетісай-Шардара тас жолының біраз бөлігі әу баста-ақ өзбектерге өтіп кеткен. Мәселені шешудің жолы ретінде Қазақстан осы бөлікті көрші мемлекеттен жалға алған. Бірақ екі жыл бұрын жолдың пайдалану мерзімі біткен көрінеді. Осыдан кейін шекарада жанжал көбейе бастаған. Өзбек шекарашылары тек соңғы жарты жыл көлемінде 30-ға жуық көлікті тәркілеп, айыппұл салыпты. Тағы бір айта кетерлігі, өзбектердің еншісіне Шардара ауданынан Мақтаралға тартылған электр сымдары да, қағылған бағаналар да қалып кеткен көрінеді.
Бір қызығы, ауыл тұрғындарының жанайқайын жергілікті билік өкілдері толықтай теріске шығарып, бой бермей отыр. Шардара қаласының әкімі Бұлтбай Мүтәлиев шекара тәртібі күшейтілгелі Арнасайдың тұрғындары ешқандай қиындық көрмегенін, азық-түлік пен ауыз судан қысылмағанына сендіріп бақты. Ал ауыл тұрғындарының шағымдарын «бұл жай ғана қорқыныштан туған сөздер ғой» деп қысқа қайырды.- «Жол жабылып қалыпты, қайықпен қатынап жүрміз» деген әңгіме шыққан соң 9 маусым күні Арнасайға өзім барып қайттым, - дейді Б.Мүтәлиев. - Мұнда ешқандай қиындықтың жоқтығына көзім жетті. Азық-түлік және ауыз сумен ауыл тұрғындары толық қамтылған. Жедел жәрдем көліктері Арнасайға өте алмай жүр деген ақпарат та шындыққа жанаспайды. Дәрігерлер ауылға еш кедергісіз өте алады. Ол ол ма, осы күндері ауылға жедел жәрдем шақыратындай жағдай болған жоқ. Фельдшер бар, медпункт бар, дәрі-дәрмек жеткілікті. Осы мәселені анықтап көріп едім, сөйтсек «бізді шекарадан өткізбейді» деп өзінен-өзі қорыққан бір ауыл тұрғыны ауру баласын Шардараға қайықпен жеткізіпті. Арнасайдың тұрғындарына барлық мән-жайды түсіндірдік. Өзбек шекарашыларына 496 адамның тізімін беріп қойғанбыз. Оның 416-сы Арнасай ауылының тұрғындары, қалған адамдар әкімдік қызметкерлері, дәрігерлер. Сондай-ақ, ауылдағы барлық көліктердің де номерлерін жазып бердік. Төлқұжатын көрсетіп, шекарадан емін-еркін өтуге болады.
Ауыл тұрғындарының жанайқайын теріске шығарған қала әкімі Б.Мүтәлиев қызды-қыздымен Шардара мен ауыл арасында такси көліктерінің күндіз-түні емін-еркін қатынайтынын, кез-келген уақытта қолдануға 9 қайықтың дайын тұрғанын да жеткізді. Арнасайдағы 71 үйді көшіру бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын да атап өтті. «Үкімет тарапынан өтемақы мәселесі шешілсе Шардара қаласынан барлығына жер телімдерін беріп, көшіруге дайынбыз» дейді шенеунік. Ал Арнасай ауылы тұрғындарының ашынған сөзі анау. Сонда кімге сенеміз?
Арнасай мәселесіне қатысты бұған дейін облыс әкімінің орынбасары Ерлан Айтаханов та пікір білдірген. Оның «Арнасайлықтар Қазақстанға көшуі керек. Ал бұрынғы жерінде тұруды қаласа Өзбекстанның азаматтығын алсын» деген сөзі интернетті шарлап жүр. Дәл қазір ел Үкіметі Арнасайдың мәселесінің түйінін тарқатуда дәрменсіздік танытып отырған сыңайлы. Үкімет мүшелерінің қазақ-өзбек шекарасына келген жуырдағы сапары кезінде жолды жалға алу мерзімін ұзарту жөнінде көршілермен келіссөздер жүргізу керектігіне тоқталған. Бұл нәтиже бермесе елдімекенді тұтастай ішкері көшіріп алу туралы байлам айтылды. Әзірге оның нәтижесі белгісіз. Соған қарағанда аралда қалған ауыл әлі біразға дейін аяқ-қолы көгендеулі жанның күйін кешетін түрі бар. Ал Жетісай-Шардара тас жолын бұрынғыдай пайдалану мүмкіндігі екіталай. Еліміздің сыртқы істер министрлігінің өкілдері мәлімдегендей, өзбек шекарасының ашылуы үшін Ташкенттің арнайы бұйрығы қажет екен. «Кісідегінің кілті аспанда» деген дәл қазір өзбек елі басшысының тілін табу оңай жұмыс болмай тұр ғой.
Ғ. Қуандық
P.S. Бет қатталып жатқан кезде ғаламтор беттерінде Қазақстанның Өзбекстан жағындағы шекарасын жапқаны туралы ақпарат жарияланды. Мұны әрине, жоғарыдағы жағдайға байланысты Қазақстанның Өзбекстанға қыр көрсетуі деп жоруға болмайды. Тек Қырғызстанның өзбек нәсілдес ұлттарына Қазақстан арқылы Өзбекстанға өтуіне тиым салды. Ғаламторда жарияланған мәліметтерге қарағанда 11-15-шілде күні Қазақстанның кеден бекеттері Қырғызстанның 283 өзбек нәсілдес ұлттарын шекарадан шығарып тастаған. Өйткені тексеру кезінде бұл азаматтардың бәрі Қырғыз елінің, нақтырақ айтқанда Ош, Жалал-абад облыстарының өзбек нәсілдес азаматтары екені анықталған. Сірә, Қазақстан Қырғызстандағы ұлтаралық қақтығыстан кейін екі елдің ортасына көпір болғысы келмейтін сияқты.