Ерболат Төлепбай, суретші: "Біреуге ұнайын деп сурет салмаймын"

Screenshot_21.jpg     

Тарихтың таза парағына қолтаңба қалдыру, тың «төңкеріс» тудыру екінің бірінің еншісіне жазылмайды. Ал талантты қылқалам шебері Ерболат Төлепбай адамзат атаулының қай-қайсысы да арман-мұрат тұтқан соны сүрлеуге аяқ басуды дәстүрлі дағдыға айналдырған. Оған айтар айғақ жетіп артылады. Ресей мен Қырғызстан Халықаралық Көркемсурет академиясының мүшлегіне қабылданып, бұл құрметті алғаш рет иленген қазақ ретінде «айды аспанға шығарды». Мәскеудегі мемлекеттік Третьяков галереясында жеке көрмесін ұйымдастырып, Орта Азия мен Қазақстанға қиял саналған биікті бірінші бағындырды. «Тарлан» сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген өнер қайраткері Ерболат Төлепбай Чехия Республикасы Көркемсурет академиясының академигі атанып, Сальвадор Дали атындағы халықаралық жүлдені қанжығасына қоса байлады. Дәл осы Сальвадор Далимен бірге Париж қаласында бірлескен көрмесін өткізу қазақ баласының пешенесіне жазылғанына ТМД аумағы былай тұрсын, әлемдік деңгейдегі «аузын айға білеген» мүйізі қарағайдай өнер мамандары таңдай қағып қарағанына қалай қуанбассың?! Жерлесіміз,  оңтүстіктен түлеп ұшқан талантты суретшінің соңғы жылдардағы елеуге тұрарлық ерлігі ескеріліп, тамаша туындылары мемлекеттік сыйлыққа ұсынылды. «Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы» атанды. Біз елдің мақтанышы Ерболат Төлепбаймен арнайы тілдесіп, онымен өнер туралы ой-пікір бөліскен едік.

САЛЬВАДОР ДАЛИ.  ПАРИЖ. СУРЕТ КӨРМЕСІ.

        -Жалпы дүние жүзінде суретшілер үшін бейнелеу өнерінің қасиетті ордасы Еропа болып саналады. Бұл – тарихтан белгілі жәйт. Ал енді ғасырдан бергі уақытта қылқалам шеберлерінің арманы да, құштар көңілі де Париж қаласына ауып тұрады. Оның да себебі бар. Өйткені,  Франция елі, оның елордасының тұрғындары бейнелеу өнерінің ең биік шыңын сараптай алатын талғамға ие.Әрбір суретші осынау ғажайып қала арқылы әлемге танылады. Өзін-өзі әлемге, қарапайым тілмен айтсақ, мойындату мақсатын қойған кезде немесе спорттық тілмен келтірсек, бәсекелесуге, қазақ ұғымымен ұғындырсақ, көкпарға түсуге дайын болған кезде Париж қаласын іздейтін болған. Жол түссе, солай қарай ағылған. Жолы түспей арманда кеткені қаншама. Қазақстандық суретшілер бұған дейін төрт-бес мәрте Париж қаласында  өткен кішігірім көрмелерге барып қайтқанбыз. Бірақ, жеке-дара шауып, туындыларымызды дербес таныта аламыз деген әл-дәрменіміз ол кезде жоқ болатын. Бірнеше  талантты қазақ суретшілері бірігіп, сол қаланың ауасымен тыныстап, өнерді бағалайтын халқының көзқарасын біліп оралудың өзі үлкен бір олжа еді.

        Аллаға шүкір, менің жеке шығармашылық бақытым болар, жеке көрме өткіздім. Бұл көрмеге жалғыз қатысқан жоқпын.  Ұлы суретші Сальвадор Далидің дара дүниесі өз туындыларыммен қатар қойылды. Қазақтың данагөй ақсақалдары сияқты әлемнің майталмандары өздерінің жолын қуған іні таланттарын бір кісідей еркелете алады. Сол еркелеудің тағдыры, бәлкім, маған бұйырған шығар. Иншалла, бәрін де баянды етсін деп тілейік.

 «АЛТЫН АДАМ»

       - Осыдан біраз жыл бұрын  Қазақстанның Ресейдегі күндері болды. Мәдениет пен өнердің салтанатты ашылу жиыны Санкт-Петербург қаласында өтті. Қазақтың ұзына бойғы  ғасырдағы ең үздік мақтанышы – Алтын адам экспонаты Эрмитажға қойылды. Біздің саяси бақытымыз шығар, еліміздің көрмесі ашылуына 3-4 сағат қалғанда Эрмитажға Ресей елінде ресми сапармен жүрген АҚШ-тың президенті Джордж Буш пен оның қасында болған Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин келді. Екі ірі мемлекеттің басшылары алтынмен көмкеріліп безендірілген Сақ жауынгерінің бейнесіне, мың түрлі әшекейлеріне қатты қызыға қарап, тамашалапты. Аса мәртебелі қос басшы қазақ халқының жауһар мұрасына разы көңілмен жоғары баға беріпті. Мұры мұражай қызметкерлерінен естігенімізде бәріміз шаттанып, шексіз қуандық. Сонау 1970 жылдары Есік қаласынан табылғалы бері дүние жүзінің сан ондаған елдеріне көрсетілген бұл баға жеткісіз  экспонаттың тарихи маңызы әлі де айтылуы тиіс еді. Мұхиттың ар жағында жатқан ел біздің кең-байтақ даламызда өркениеттің ізі қалғанын және ол кереметтің кереметі екенін көріп-білгені аз олжа емес. Содан кейін мәдениет пен өнер күндерінің  салтанатты ашылуы жүріп жатты. Министрлер мен губернаторлар ресми сөз сөйледі. Дастархан жайылды. Аққайнарлар атылды. Мен сол жерде тағат таппадым. Ойымды әлгі оқиға мазалап тұрды. Жиын аяқталмай жатып, сыртқа шықтым. Тағы да дамыл таппадым. Эрмитажға қарай асықтым. Музей ішінде тұрған Алтын адамның алдына келіп, қонақтар қолтаңба қалдыратын журналға мынадай сөздерді жазып қалдырдым: «Аруағыңнан айналайын! Біздің көне  мәдениеттің көзі, мәдениетіміздің ешбір елден кем емес екенін дәлелдеп беріп, еңсемізді мәңгі көтергеніңіз үшін барлық замандағы ұрпақтарыңыздың атынан Сіздің қасиетіңізге бас иемін, Белгісіз суретші аға!»  Мен мұны жайдан-жай жазған жоқпын.  Біз Алтын адамды бағасы өлшеусіз құндылықтың атасы деп санаймыз. Бірақ біз осынау Алтын адамды безендірген суретші туралы әлі күнге шейін тіс жармаймыз. Сақ ханзадасын алтынмен аптаған сан мың ою-өрнекті салған адам – ол ұлы суретші. Сондықтан белгісіз суретші ата, ұлы баба туралы біз қанша роман, поэма жазсақ та аздық етпейді. Ұлы қолөнершіні сыйлау деген осыдан шығады.

БІР ЖАСАҒАН ЕҢБЕГІМДІ ҚАЙТАЛАМАСАМ ДЕЙМІН

       - Рас, қазір классикалық  суретшілерден көшірме жасау оңай. Қайсысы түпнұсқа, қайсысы басқа туынды екенін айыра алмайтын жағдайға да жеттік. Бірақ өнердегі адалдық үшін олай етуге болмайды. Құдайдан қорқу керек қой.

       Менің мақсатым - өзім жасаған еңбегімді өзім қайтадан жасауға мүмкіндік бермеу. Ол, бәлкім, нашар, орта деңгейдегі немесе керемет сурет болуы мүмкін. Ол үлкен бе, кіші ме, бағасын тарих айтады. Ақылды суретшілердің бәрі де осындай мақсатты алдына қояды. Менің ол шығармам бұл дүниеде жалғыз болуы да мүмкін. Жалғыз нәрсе әрдайым өнерде құнды болады.

       Өнер адамының өзін-өзі қадірлеу тұрғысындағы бұл ой сабағы әркімді де ойландырып жүруі керек. Шынайы өнерді түсінетін адамдардың қаражаты жоқ, ал түсіне бермейтін жекелеген адамдардың бұл заманда қаражаты көп екені анық. Өмір-бақи белгілі бір картинаның үйінің төріне тым болмаса көшірмесін іліп қоюды армандап кеткен базбіреулер бар ғой. Олардың ішкі жан түйсігіне, құштарлығына таң қалмай тұра алмайсың. Олар да біледі. Таң қалдыратын дүние күнде тумайды. Өткен дәуірдің идеологиясында  бір жақсы ой бар. Адам молшылыққа кенелген кезде үлкен мәдениетке көңіл бөледі. Мәдениет пен спорт алға шығады. Адам бостандығының тәтті арманы туындайды. Олар өмірін мәдениетке бағыштайды, спортпен шұғылдануды ұнатады. Өзін-өзі жақсы сезінгеннен кейін өмір қызық болады. Қалталы адамдардың өнер туындыларына бет бұрғаны – күнделікті қажетті проблемалардың шешілгенінің белгісі. Сіз қазір байқайтын шығарсыз, бақуатты кісілер теннис ойынын үйренуде, суға жүзеді, таза ауада демалады, кейде көңілі ауса, концертке де барады. Сол деңгейге адамдардың бәрі жетсе, мен қуанар едім.

СУРЕТТІ БІРЕУГЕ ҰНАЙЫН ДЕП САЛМАЙМЫН

      - Көне дәуірдің ғажайып куәгері  Алтын адамды безендірген белгісіз баба суретшіден кейін қазақ халқының тарихында ұлы суретші болу Әбілхан Қастеевтің пешенесіне жазылған. Басқалай бағалау мүмкін емес.

       Мені қарапайым адамдардың образы қызықтырады. Олардың қоңыртөбел өмірінде әжім түскен бейнет бар. Адалдық исі аңқып тұрады. Қалыпты мінезі өзгеріссіз көзге көрінеді. Мені дүниені жалпағынан басып жүрген, мейлі ол қайраткер болсын, оның образы, ішкі жан-дүниесі түк қызықтырмайды. Екіншіден, бұл өмірден түңілген, өз тағдырына өзі кесел келтірген, қаңғыбастар тобына қосылған адамдардың болмысына үңілгім де келмейді.  Ақ шаңырағында бала-шағасын өсіріп, мәпелеп тәрбиелеп отырған пәк пенделердің образы жүрегіме жылы.

        Әрине, идеологияның қыспағына төзу, шыдас беру қиын соғатынын жақсы білемін. Оны мен өз басымнан өткергенмін. Бірақ сіз менің бір шығармамнан социалистік реализмге қызмет еткен реңк таба алмайсыз. Ондай бірде-бір құжат жоқ. Мен сол заманда-ақ томаға тұйықтық пен догматизмге қарсы ойымды білдірген  туындыларымды шығардым. Тұспалдап жеткіздім. Адамдық асқақ  қасиетті боямасыз биікке көтеруге тырыстым. Біреу опат болса, ол жеке адамның шаруасы деген идеяға қарсы болдым. Адамдық тепе-теңдікті сақтау, жақсылық пен жамандықтың ара-жігін ажырату мәнісіне жаратылыстың заңдылығымен түйсініп үңілдім. Тақырыптық көрме ұйымдастырған жоқпын. Мұның бәрін дәйекті деректермен айтып отырмын.

       Қазір де біреуге ұнайын деп сурет салмаймын. Әлдекімнің портретін салсам, тасым өрге домалап, атақ-даңққа ие боламын деген ой жоқ. Мені не толғандырады? Ішкі жан дүниемде қандай мәселе тулап жатыр, осы жәйттерді  зердеден өткіземін. Ұлттық идея, ұлттық болмыс арқылы әлемдік түйткілдерге қозғау салуға болады.

      Бір мыңға жуық сурет салыппын. Оның бағасын бүгін көрермендер, ертең өнерді зерттеуші тарихшылар береді. Шамамен 200-дейі  қайталанбайтын сурет десем де болады. Әйтеуір осы суреттердің бәрі көңілге жақын. Менің шыңдалу мен қалыптасу  кезеңдерімнің куәгерлері. Бұл картиналар қарлығаштың балапанындай жан-жаққа ұшып кеткен.

       Уақыт өтіп жатыр. Әркім өз қара басын күйттеп кеткен ділгір заман ғой. Бұл мен үшін ауыр. Мен өзім жасаған рухани төл дүниемді әйеліме, бала-шағама көрсетуге дағдыланбағам. «Өйтіп жатырмын, бүйтіп жатырмын» деп әріптестеріме де көрсетпеймін. Бұл – менің ең үлкен кемшілігім.

        Суретші мен суретшінің дос болуы да қиын мәселе. Дос болу – ауыр жүк. Дос деген сөзді аузыма сирек аламын. Оның есесіне ағайын-туысты, үлкен кісіні, кіші ініні сыйлайтын қадір-қасиетті жоғары қоямын. Ертеде тамырлас болу деген бір әдемі ұғым бар еді. Сол қатты ұнайды. Өзіңмен үндес, сені жақсы түсінетін адаммен тамыр болу өте жақсы қасиет дер едім. Кейбір адамдар атаға, руға, жүзге бөлініп жатуы мүмкін. Сондықтан адамдарды жақындастырудың ең оңтайлы жолы – тамыр болу.

        Менің пікірімше, дәуір өзгерген сайын адамдар да өзгереді ғой. Нарықтық қарым-қатынас кезінде экономикалық жағдай, меншікті иелену түрлері мен пиғылы алға шығады. Соның салдарынан адамдық қарым-қатынастардың ең қиын кезеңі  туындайды. Дүниеқоңыздық, жағымпаздық, қара бастың қамы үшін ар-ұятты белге буу сияқты теріс құбылыстар етек алады. Адамдық қасиет төмендеген сайын бейбастық, бейдауа нәрселер көбейеді. Әке мен бала, туған-туыстар мен ағайын  арасында түрлі қайшылықтар пайда болады. Әркімнің бойында іштарлық, қызғаныш сезімдері ойнақшып тұрады. Менің тындыларымда жақсы адамдар үміт ететін үндестік пен таңданыс тудыратын қайшылықтың көрінісі бейнеленеді. Суреткерліктің сыр-құпиясын ашу үшін де суреткер болу керек.

Әңгімелескен

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ.


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: