Отырар қалай күйреді?

Screenshot_23.jpg

2004 жылы қабылданған “Мәдени мұра” бағдарламасының қорытындысы бойынша 51 тарихи және мәдени ескерткіштерге жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, еліміздің аумағындағы 39 көне қалашық пен қорғанда археологиялық зерттеу жұмыстары жүзеге асырылды. Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштерінің мемлекеттік тізімі әзірленіп, оған 218 нысан енгізілді. Соның ішінде Қожа Ахмет Иасауи кесенесі мен Тамғалы археологиялық кешені ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілгенін айрықша атап өткен жөн. Енді осы тізімге Отырар қаласын да қосу бойынша жұмыстар атқарылуда.

Отырар—ұлы ойшыл, ғұлама ғалым Әл-Фарабидің отаны ғана емес, өз дәуірінде Қазақстан мен Орта Азияның ортағасырлық тарихында маңызды роль атқарған қалалардың бірі. Кейбір деректерге қарағанда, Отырар түркілердің, Түркістан өлкесінің астанасы болған. Көне қала күміс, мыс теңгелермен қатар алтын ақша соққан Қазақстан аумағындағы бірден-бір шаһар. Бұған дейін Отырарда Жапонияның мақсатты қоры «Көне Отырар қалашығын сақтау мен реставрациялау» жұмыстарын жүргізді. Енді Қазақстан Үкіметінің оны ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізіміне енгізуге талпыныс жасауы көне қаланың мәдениеті мен тарихына берілген шынайы баға деп ұққан жөн. Отырар Қазақстанның басқа ортағасырлық қалаларымен салыстырғанда археологиялық тұрғыдан ең көп қазылған және қазбалар көлемі жағынан алып қарағанда кең ауқымда жүргізілген қала болып табылады. Бұл туралы Отырар тарихымен тұрақты айналысып келе жатқан белгілі ғалым Мұхтар Қожа жан-жақты жазған. 

--Отырар қаласын зерттеу жұмыстары ХІХ ғ. аяғында басталды. ХХ ғ. ортасында Отырар өңірінде А.Н. Бернштам басқарған Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы (құрамында Е.И. Агеева, Г.И. Пацевич бар) жұмыс істеді. 1969 жылы К.Ақышев басқарған Отырар археологиялық экспедициясы Отырар ескерткіштерін жаңаша тәсілдермен  зерттеуді қолға алды. 1970 жылы К.Ақышев басқарған ОҚКАЭ Отырартөбенің стратиграфиясы мен топографиясын зерттеді. 1971 жылдан бастап кең көлемді аудандарды ашу тәсілімен қазба жұмыстары басталды. Әсіресе, ХХ ғ. екінші жартысында К.Ақышев, К.Байпақов, Л.Ерзакович, В. Грошев, Е.Смағұлов, Р. Бурнашева бастаған зерттеушілер тобы қала тарихының көптеген экономикалық, әлеуметтік-саяси мәселелерін қарастырды. Қазіргі таңда мақта және басқа да дақылдарды өсіру үшін егістіктер ауданы ұлғайып, жәдігерлерге едәуір қауіп төніп тұрған кезде аймақтағы археологиялық ескерткіштерді тіркеу, тарихи ескерткіштердің барлығын тізімге алу, тарихи ландшафтың құндылығын анықтау өте-мөте қажет. Осы жұмыстар «Отырар алқабы ескерткіштері» деген атпен белгілі кешенді ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізіміне енгізу үшін, Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштері жиынтығын жасау үшін қажетті қадам деп санаймыз. Осы бағыттағы жұмыстар «Мәдени мұра» мен «Көне Отырарды қалпына келтіру» мемлекеттік бағдарламалары бойынша ескерткішті сақтау, күту, мұражайландыру және оны туристік нысанаға айналдыру жұмыстарының ойдағыдай жүргізілуі үшін де керек-ті,--дейді ғалым өзінің еңбегінде.

Алдымен Отырар атауының этимологиясына тоқталайық.  Бұл жөнінде түрлі пікірлер бар. Айталық, Карл Байпақов оғыз тілінде ұзақ тұрақ, бір орында тұруға байланысты «тураш иер» атты сөз тіркесінің барын тілге тиек ете отырып, «Отырар», «Тұрар» сөздері осыдан туындаған дейді. Ал, Мұхтар Қожа Отырар атауының шығу тегін анықтауда оның ертедегі аталу үлгісін негізге ала отырып, ізденіс жүргізу керек деген пікірін келтіреді.  ІХ–Х ғасырлардың ғалымдары әл–Хорезми, ат–Табари, әл–Балазури шығармаларында Отырар атауы Тарбанд үлгісінде, әл–Фаргани, әл–Буттани шығармаларында Турарбанд үлгісінде жазылыпты. Уақыт өте келе, Турар–Утрар, бертін келе Отырар болып өзгеріске ұшыраған. Түпкілікті атау - Турар осы өңірдің ежелгі тұрғындарының атымен және осы аймақтың байырғы атымен түбірлес екенін байқау қиын емес. Фирдаусидің «Шахнамесінде» Туран деген ұғымды зейін салып тексерген шығыстанушы В.К. Шуховцов бұл атаумен Сырдарияның орта бойындағы Испиджаб, Фараб, Шауғар, Сауран, Канг–дих деп аталатын уалаяттардан тұратын өлкенің аталғанын анықтады. Бұл «Авестадағы» Канх елімен сәйкес келеді, ол елде көшпелі тура– tura атты тайпалардың тұратыны айтылады. Көне парсылық жазбалардағы сака деп аталатын тайпалар өздерін «тура» деп атаған екен. Осыдан «тура» тайпалары мекендеген ел «Туран» болып аталған. Ғалым Тұран өңірінің орталық бөлігінде орналасқан қаланың осы өңірдің ежелгі тұрғындары тұрлардың атымен Тұрар деп аталуы мүмкін дейді.

«Насаб–нама» деп аталатын еңбектің мәліметтері мен археологиялық материалдар қалаға араб жаулаушылары VІІІ ғасырдың екінші ширегінде Сүткент арқылы еніп, Сырдарияның екі жағалауымен жүре отырып, Отырарды басып алғанын көрсетеді. Қазба жұмыстары шынайы тарихтың да бет-бейнесін ашып берді.  1210 жылы Отырар Хорезмшах мемлекетіне күштеп қосылған. Сондықтан да әйгілі «Отырардың күйреуі» кезінде  монғол армиясына тек Хорезмшахтың әскері ғана қарсы соғысқан. Монғолдар алты ай бойы қарсыласқан қаланы талап-тонағанымен, жаппай қырғынға бармаған. Монғолдар тек Қайыр хан мен оның жақтастары қарсылық көрсеткен қаланың цитаделін қиратқан болса керек. Шайқас кезінде Отырардың жермен жексен болғаны да жоққа шығып отыр.  Бұл уақытта қалада ешқандай өрт болмаған. Өліара кезінде бас сауғалап кеткен қала халқы біршама уақыт өткен соң өз шаһарларына қайта оралған. Қаланың Шыңғыс империясының құрамына қосылуы біршама зардаптар әкелгенімен, негізінен оң өзгерістерге де ықпал етті. Отырар бұрынғысынша халықаралық сауданың маңызды орталығына айналды.  ХІІІ ғасырдың  екінші жартысы мен ХV ғасырда мұнда көптеген сәулетті құрылыстар да салынған. 

Дегенмен, Отырар тарихында алапат өрттің болғаны анықталып отыр.  Ол қаланың 1370 жылы Темір империясының құрамына енгеннен кейін болған. Отырардағы алғашқы бүкіл қалалық өрт 1411 жылы болды деген тұжырымға келеміз. Мұны нумизматикалық зерттеулер мен стратиграфиялық байқаулар да растап тұр. Өрттің алдында қала халқының Отырар айналасынан қамал ішіне кіруін біз осындай жағдайлардың салдарынан, яғни мәжбүрліктен туындаған әрекет деп ойлаймыз. Алайда, отырарлықтарға қамал-қалқан бола алмады. Өрттің нақ әскери оқиғалармен байланысты болғаны, өртенген үйлердің қасында адам қаңқаларының табылуы, ал ІІІ қазба орнындағы ІV қабат (горизонт) деңгейдегі бірінші үйден қылыштан жарақат алған адамның бас сүйегінің кездесуібекер дейсіз бе?  

Мұхтар Қожаның пікірінше, Отырар қаласына күйзеліс әкелген үш түрлі жайтты атап айту қажет: біріншіден, жоңғар шапқыншылығы және соның салдарынан ирригациялық жүйе бұзылды. Екіншіден, саны азайған отырарлықтардың егістіктерге, қалаға су алып келу мәселесін тұрақты түрде шеше алмады. Үшіншіден,  ХVІІІ ғ. бастап климаттың өзгеруі де қаланың экономикасына, әлеуметтік өміріне теріс ықпал етті. Мұндағы басты себеп ретінде жонғар шапқыншылығына ерекше тоқталған жөн. 

1681 жылы  Галдан Церен бастаған жоңғар әскерлері Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанға басып кірді. Аңызға қарағанда, отырарлықтар қалмақтарға табанды қарсылық көрсеткен. Сондықтан, жоңғар әскері қаланы  ала алмай кері кетеді. Бірақ, келер жылы олар қайта шабуылға шығады. Бұл жолғы ұрыстың нәтижесінде қала жаппай өртенген. Олар қала халқының бір бөлігін өзімен бірге айдап әкетеді. Көптеген үйлер иесіз бос қалып, ол жерлер мазаратқа айналды. Алайда жоңғар билігі ұзаққа созылмады. 

Ұлы Жібек жолының бойындағы әйгілі Отырардың қысқаша тарихы осындай. Мұхтар Қожа Отырардың соңғы тұрғындары Түркістан, Шымкент, Шілік елді мекендеріне көшкенін айтады. Яғни,  даңқты қаланың тұрғындарынан тараған ұрпақ барша оңтүстікқазақстандықтардың арасынан табылады десек артық айтқанымыз емес шығар. Ал, Ұлы Отырардың өшпес рухы әрбір қазақтың жүрегінде. Оның ұрпақтан ұрпаққа таралары да анық. Бірақ ол аңыз емес шынайы тарихпен сабақтасқаны құба-құп.

Досбол Ерназар

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: