Көзсіз зорлық ғасырынан
Надандықтың тасырынан,
Жер астына жасырылған
Дара тұлға бабалардың ұшқыр ойы, санасы.
Ұяттыны толғандырған,
Қанаттыны заңғар қылған,
Күллі әлемді таңқалдырған,
Рухыңмен қолда бізді
Отырардың Ұлы кітапханасы!
(Мұхтар Шаханов)
Қазақ даласында сыры ашылмаған, құпиясын ішіне бүгіп жатқан тарихи орындар қаншама. Солардың бірі--Отырар қаласы. Отырар тарихқа ерекше мәдениетімен, әлемнің Аристотельден кейінгі екінші ұстазы атанған шығыс ғұламасы әл-Фарабимен, «Отырар апатымен» және Отырар кітапханасымен енді. Соның ішінде Отырар кітапханасы туралы аңызға бергісіз әңгімелер күні бүгінге дейін ел арасында айтылып келеді.
Сол аңыздардың бірінде былай дейді:
Қай заманда болғаны белгісіз Отырардың даласында бір жігіт түлкі көріп, оны соңынан қуалай жөнеліпті. Қашып келе жатқан түлкі інге келіп тығылыпты. Аңшылықтың қызығына түскен жігіт інді қаза бастаған. Кенет оның қолына папирустың орамасы ілігіпті. Оның не екенін түсіне алмаған жігіт інді одан ары қазыпты. Көп ұзамай ол әлдебір құпия үңгірге тап болған. Ары жақтан жинаулы жатқан қабат-қабат кітаптарды да көзі шалған. Бірақ осы кезде ініндегі жасырынып жатқан түлкі жалт етіп қайта шығып, қаша жөнелген. Аңшы оның соңынан тұра қуған. Арада біраз уақыт өткеннен кейін кітап көмбесін қазу үшін қайта оралған аңшы бұрынғы жерін таба алмапты...
Аңыздарға қарағанда, ғылымның ордасы атанған Отырардағы кітапханада ескі замандардан жеткен жазу жазылған қыш тақтайшалар, папирус, пергамент орамалары, ежелгі грек, араб, қытай кітаптары жинақталған. Кітапхананың ізім-қайым жоғалуы монғол шапқыншылығының кезінде болған. Шыңғыс әскеріне алты бойы қарсыласып, табандылық көрсеткен қала халқы кітапхананың жойылып кетуінен сақтап қалу үшін, оны құпия түрде жер астына жасырған. Әрине, мұның бәрі де әзірге аңыз. Өкінішке қарай, ғалымдардың айтуынша, осы уақытқа дейін Отырар кітапханасының болғандығы жайлы ешқандай тарихи дерек жоқ. Бірақ соған қарамастан оны іздеушілердің қарасы ешуақытта толастаған емес. Қаншама тарихшылар, өлкетанушылар Ғылым академиясына өтініш айтып, Отырар кітапханасын іздеуге қаржы сұрады. Бірақ ол әзірге қанағаттандырылған жоқ.
Отырар кітапханасын іздеу туралы бастаманы парламент депутаттары да көтерді. Солардың бірі Сенат депутаты Қуаныш Айтаханов жуырда баспасөз беттерінде:
--Бүгінгі таңда Отырар кітапханасын іздестіру бойынша археологиялық қазба жұмыстары толыққанды жүргізілмей отыр. Осыған орай премьер-министр Кәрім Мәсімовтың атына жолдаған сауалымда әлемнің екінші үлкен білім бұлағы саналатын Отырар кітапханасын іздестіру бойынша археологиялық қазба жүмыстары толыққанды және жан-жақты жүргізілуіне ықпал жасап, аталған жұмыстарға республикалық бюджеттен қаржы бөлу мәселесін шешіп беруді сұрадым,--деп жазды.
Отырар кітапханасы туралы аңыз ақиқатқа айналады деген сенім жоқ емес. Өткен-кеткен тарихқа зер салсақ, Отырар Ұлы жібек жолының бойында жатқан, мәдениеті де, ғылымы да өркендеген қалалардың бірі болған. Ал, керуен жолының бойында араб, қытай, грек тілінде жазылған кітаптар да көп кездескен. Мәселен, Отырарда туып өсіп, алғашқы білімін осы жерде алған әл-Фараби грек оқымыстыларының еңбектерімен жақсы таныс болған. Тіпті ол грек ойшылы Арисотельдің күрделі еңбектеріне алғаш рет түсінік берген ғалым. Жаңа замандағы еуропа оқымыстылары ежелгі грек-рим ғалымдарының еңбектерін, ең ақыры олардың аты-жөндерін де де шығыс даналарының еңбектері арқылы таныған. Мұның бәрі де ортағасырларда шығыста ғылымның өркендегенінің анық дәлелі бола алады. Шығыста кітап ең қастерлі де, құнды дүние болып табылған. Бұдан бөлек осыдан 5-6 жыл бұрын шымкенттік археологтар Арыс қаласының аумағанын қыш тақтайшаларға жазылған құпия жазуларды тапты. Ғалымдардың болжамы бойынша ол ежелгі қаңлы тайпаларына тиесілі болған көрінеді. Тағы бір назар аударарлық дерек, Петр I өз заманында Ертіс өңіріндегі халықтың тыныс-тіршілігін зерттеп, мәдени мұраларын жинау үшін арнайы экспедиция аттандырған екен. Экспедиция Семей жерінен ежелгі скиф тайпаларына тиесілі кешенді кітапханаға кез болған. Сол кітапханадағы құпия жазулары бар қыш тақтайшалардың үшеуін экспедиция мүшелері өздерімен бірге Петербурга әкелген. Осы қыш тақтайшалардың біреуінің көшірмесі бүгінгі күні Парижде сақтаулы тұрған көрінеді.
Аңыздарға қарағанда Отырар кітапханасы ауқымы жағынан Александрия кітапханасынан кейін екінші орын алған. Алайда профессор Еренғайып Омаров Отырар кітапханасының Александрия кітапханасынан үлкен болғандығы жайлы болжамын дәлелдемек.
- Осыдан шамасы 30 жыл бұрын, не одан ертеректе, қой бағып жүрген бір шопанның иті үңгірден, сырты терімен қапталған араб тілінде жазылған көне кітап алып шыққан. Ұмытпасам, шопанның аты Нұрмағанбет. Кітап Отырар қалашығының қасынан табылған, яғни сол кітапхананың кітабы болуы әбден мүмкін. Атақты Александрия кітапханасы 391 жылы өртелген болса, ал Отырарды Шыңғысхан 1220 жылы қиратқаны белгілі. Отырар кітапханасы өртенбесе де тағдыры жан ашырлық. Халықтың кітапхананы жақсы көргендігіне таңданбасқа болмайды. Бастарына қатер төніп тұрғанына қарамастан, кітаптарды жер астында орналасқан құпия үңгір-қалашыққа (катакомба) тыққандары - тарихтың алдында жасаған үлкен ерлік, ұрпақтың келешегіне деген риясыз қамқорлық. Фирдоусидің «Шахнама» кітабында батырдың жер астындағы үңгірлермен қоршалған қаладан шығып кеткені жазылады. Тіпті Геродотта, Парсылардың патшасы Кир Орта Азия қалаларын басып алғанда халық сондай үңгірлер арқылы құтылып кететін, байлықтарын тығып қоятын деп жазған.Африкадағы Мали мемлекетінде туарег деген көшпенді халық бар, солардың астанасы болған Тумбукту қаласында дүние жүзіндегі ең бірінші университет ашылған болатын. Сол туарег халқы осы күндері де кітаптарын әр отбасы сандыққа салып, жерге көміп сақтайды екен. Осының бәрін мысал етіп жатқан себебім, небір кітаптар көміліп жатыр. Сондықтан, Отырар кітапханасын іздеу жұмыстарын күшейте түсу керек, оған көп ақша кетпейді,--дейді ғалымның өзі.
«Отырар кітапханасы 1000-1200 жыл шамасындай уақыт дүние жүзіндегі ең үлкен кітапхана болған!» деген ғалым «Отырар кітапханасына кітаптар негізінен Жібек жолының көмегімен жиналған» дегенді алға тартып:
- Ендігі мақсат сол кітапхананы іздеу жұмыстарын бастау керек. Жер астында шамамен бес жүз мыңдай кітап жатуы мүмкін. Кітаппен қатар алтын сияқты бағалы заттар да көмілуі ғажап емес,--деп ойын түйіндейді.
Отырар кітапханасы туралы аңыз ақиқатқа айналуы мүмкін бе? Халық арасында тараған аңыздарға қарағанда, кезінде әлем таныған Отырар кітапханасын жеті жастағы бала табады екен. Бірақ ол бала дүниеге әлі келмеген көрінеді. Ол қашан келеді, Отырар кітапханасы туралы әңгімелерге қашан нүкте қойылады?
Мұрағаттан: 03.11.2011