Вахаббистер баланы құрбандыққа шала ма?

Screenshot_5.jpg   

 «Ойбай не дейсің, вахаббистер алдағы Құрбан айт мейрамында оңтүстіктен 70 баланы  құрбандыққа шалатын болыпты. Соларды шетінен ұрлап әкетіп жинап жатыр екен. Сарыағашта бес бірдей  бала сабақтан қайтқан жолда «жоғалыпты». Шымкентте бала бақшаға баратын балаларды аңдуға көшіпті. Түркістандағы базардың қасында екі бүлдіршінді әке-шешелерінің көзінше тартып әкетіпті. Мақтаралдағы мешітің қабырғасына «Құрбан айтқа әр мектептен 15 бала бауыздалатынын» бадырайтып жазып қойыпты…». Құлаққа түрпідей тиіп тұла бойыңды түршіктіретін осындай суық хабар соңғы күндері Шымкент жақты шарлап кетті. Бұл ақпаратты әркім әр қилы қабылдады. Мұны жел сөз деп ақпаратқа айтарлықтай көңіл бөлмегендер жетерлік. Бауыр еті баласының амандығын ойлап ақпаратқа сенер-сенбестерін білмей балаларын бала бақшаға, мектепке жіберуден бас тартқандар да аз емес. Бұған қызымыз мектепке, ұлымыз бала бақшаға баратын өзіміз де куә болдық. 

  Өткен аптада   елді дүрліктірген дақпыртқа байланысты облыстық ішкі істер депртаменті баспасөз мәслихатын ұйымдастырған болатын. «Жел тұрмаса шөптің бас қимылдамайтыны» белгілі ғой. Қауесет Мақтарал жақтан шығып, жан-жаққа жедел тараған. 

    --Құрбан айт қарсаңында 70 бала ұрланып құрбандыққа шалынатыны жайлы ел арасына парақша таратуды ұйымдастырды деген күдікпен алғаш Алматы қаласында 31 жастағы сезікті қолға түсті. Ол Өзбекстанда туылған. Тоқсаныншы жылдардың басында Қазақстанға қоныс аударған. Бұған дейін ұрлықпен ұсталып сотталған адам. Келесі күні Мақтарал ауданында оның сыбайласын «құрықтадық». Енді олардың үшіншісі қайда екенін анықтап білдік. Көп ұзамай ол да қармаққа ілігеді. Қазір қылмыстық іс қозғалып тергеу амалдары жүруде,--деген еді Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қаракөзова.  

    Осы аптада облыстық прокуратура да  арнайы мәлімет таратып, қауесеттен қорыққандықтан балаларын әлі де сабаққа жібермей отырғандарды сабырға шақыратын нақты айғақтарды бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінен жұртқа жеткізуді өтінді. Олардың айтуынша дүрбелең туғызған ақпаратқа алаңдауға ешқандай негіз жоқ.   Мұны саяси ахуалмен, діни ұстаныммен ұштастыру мүлдем шындыққа жанаспайды. Елдің дүрліккенін қызық көрген ауыл арасындағы кейбір балалар ақымақтыққа салынып, оны ойынға айналдыра бастаған келеңсіздіктер де кездесіп жатыр. Айталық осындай қадамға барып, қателікке ұрынған Түлкібас аудандағы 9 сыныптың оқушысы қолға түсіпті. Ол қателігін мойындап енді қайталамауға уәде берген. Ал Сайрам ауданындағы 29 жасар қарапайым хат тасушының қалжыңдап айтқан жалған ақпараты жұртты үрейлендірген. Шындығында соңғы күндері облыс аумағынан балаларының жоғалғанына арызданып, ешкім шағым түсірмеген. 

Мұрағаттан: 03.11.2011

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Әлемдегі ең үлкен энциклопедиялық сөздік
  • Әлемдегі ең қымбат кітапты Билл Гейтс қаншаға сатып алды?
  • Әлемде қай жазушының кітабы 2 млрд. данамен тараған?
  • Әлемдегі ең ауыр кітап жинағы қай мемлекетте?
  • Әлемдегі ең «ақылды» көпір
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: