Сазгер Ержан Серікбаевқа деген сағыныш

Screenshot_4.jpg

Әнші-сазгер Ержан Серікбаевтың 50 жасқа толған шағында жол апатынан көз жұмуы қазақ өнері үшін орны толмас қайғыға айналды.  Ел сүйіп тыңдайтын тамаша туындылар авторының арамыздан кеткеніне 40 күн өтіпті.  Марқұмның артында 70-тен асқан анасы, жұбайы мен ұлы қалды. 5 қараша күні Арыс қаласында Ержан Серікбаевтың қырық күндік асы берілгелі жатыр. Назарларыңызға Ержан Серікбаевтың баспасөз беттерінде соңғы кездері жарық көрген ой-пікірлерін, сұхбаттарының үзінділерін  ұсынып отырмыз.   

«Әлі нотаға түспеген дүниелер көп»

-  «Таңғы қаладан» кейін «Лебізім» деген ән жаздым. Еркін Нұржановтың дауысына келетіндіктен, соған бердім. Одан бөлек, «Қайырлы таң, Алматы!» деген әнім дүниеге келді. Көп ұзамай Асқар есімді жас әншінің орындауында естіп қаларсыздар. Санамның түкпірінде жүрген, әлі нотаға түспеген дүниелер де баршылық. Тағдырдың тауқыметін тартып, түзету мекемесінде отырған досым жайлы ән жазғым келіп жүр. Жазсам да тағдырға нала артқан жылаңқы сарында емес, философиялық мәні бар дүние туғызғым келеді. Жалпы, «Ұялы телефон» сынды атауы жеңілдеу естілетін әндерді заман ағымына сай әндер десек те болады. Уақыт ағымымен өзгеретін кез бізге де келді. Тек этика мен әдептен аттамаған абзал.

«Шымкенттің салқын сырасы» туралы

- «Шымкенттің салқын сырасы» деп басталатын ән  көптің көңілінен шыққанымен, «бұл туынды  салауатты өмір салтына қайшы келеді» дегендер де болды. Алты жыл бұрын дүниеге келген әннің сөзін Бақытжан Ауданбаевқа арнайы айтып отырып жаздыртқанмын. «Сыраны неге насихаттайсың?» дегендер де кездесті. Оларға  алкогольсіз де сыралар бар ғой деп қалжыңдаймын. «Алматының алмасы» деген секілді бұл әннің ұстанған басты саясаты - Шымкентке жарнама жасау. Әрі қалжың ретінде шыққан ән.  

«Алғашқы әнімді 8-сыныпта жазғанмын»

- Композитордың бойынан қандай қасиеттер табылуы тиіс деп ойлайсыз?

- Ол жайлы қатып қалған қағида жоқ шығар. Меніңше, композитор бойына Алла дарытқан дарынымен қоса, ең алдымен, ішкі жан дүниесі таза, нағыз адам деген атқа лайықты болмаса, жүректерді жаулап алуы екіталай. Өнерден құралақан емес ата-анам мені солай тәрбиеледі. Кейіннен Алматыдағы Ж.Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжінде алдыңғы буын аға-апаларымыздан алған өнеге де ішкі мәдениет пен жан сұлулығына жетелейтін.  Ең алғашқы әнімді сегізінші сыныпта оқып жүргенде шығарыппын. «Махаббатпен ойнама сен, Жас жүректі қинама сен» деп келетін көше әні бағытындағы тырнақалды туындымды кейіннен алматылық әншілер орындады деп естідім. Алайда, содан кейін ән шығармай кетіп, колледжге түскен соң ғана шындап кіріскендіктен, ол әннің авторы халық болып кетті. Бүгінгі елу жасыма дейін жүздің үстінде әнім бар екен. Барлығы бірдей хит болып кетпесе де, көбі тыңдаушысын тапқан. Әндерімнің алғашқы орындашуысы өзіммін. Әншілер әніме өздері «құда түседі». Бұл тұрғыдан «Жігіттер» тобы алдарына жан салмай келеді.  Өнердің құдіреттілігі де сонда ғой, күтпеген уақытта құлағыма әуен келеді. Дереу ұялы телефонымның диктофонына көкейімде тұрған әуенді ыңылдап жазып ала қоямын. Сосын асықпай нотаға түсіремін. Ақындардан әніме келетін сөзді ұсыныспен жаздыратыным рас. «Ұялы телефонды» жазған, өзі зауытта жұмыс істесе де, қаламын тастамайтын Дәркен Танабаев, «Сен қасымда болмасаң», «Алға, қазақ жігіттері» атты тамаша хиттердің авторы Бақытжан Ауданбаевпен шығармашылық байланысымыз үзілмей, жалғасып келеді. Бауыржан Есебаев өлеңдерін ұсынып тұрады. Анар Жаппарқұлова деген қарындасыммен жаңа ән жазудамыз.

«Әннен пайда көруге құныққан емеспін»

- Адамдарға сеніп қалатын аңғалдығымды жасырмаймын. Ондай жағдайлар кездескен. 2006 жылы ғой деймін, өзін продюсермін деп таныстырған Әділ деген жігіт хабарласып, Астанада шығармашылық кешімді өткізіп беремін деді. Бір концерт беру ойымда жүрген еді. Өзіммен бірге бірнеше әртісті ертіп келіп, концерт қойдық. Кеш соңында әлгі продюсерсымағымыз  ұшты-күйлі жоқ. Билеттен түскен ақшаны қалтасына басып, тайып тұрыпты. Өкінбеймін, есесіне көрермендерге өте керемет мереке сыйладық. Шынымды айтсам, осы кезге дейін әнімді сату дегенді білмеппін. Соңына түсіп, пайда көрейін деп құныққан емеспін.  

Досыма

Сендей дос маған енді жолықпайды,

Тек қана орның қалды болып қайғы.

Лақтырып жібердім мен бұл хабарды, 

Жеткізген сым тетікті өлім жайлы.

Жердің беті уақытша бір мекен тұрақ,

 Ешкім келмейді өлім деген уақыт сұрап. 

Ұлы көшке қосылдың сен Шәмшілердің, 

Әндеріңмен Алатаудан аққан бұлақ. 

Дүл-дүл едің жүйріктердің арасында, 

Жүйрік болып енді мсәгі қаласынң да.

Сағынатын халқың қалды шөлін баспай, 

Әділ болып ақ пен берер қарасын да. 

Не тәйірі, кім өтпеген өмір-өзен,

Өткен бәрі, небір көсем, небір шешен. 

Еркекпіз деп талай адам жүргенменен, 

Нағыз еркек – еркек болып кете білген. 

Қайғыруда туған жерің Арысың, 

Қайғыруда бүкіл қазақ даласы. 

Қайғыруда сені жоқтап қалалар, 

Сен өйткені жалғыз ғана дарасың!

Болашаққа аңыз болып барасың!.

Жандарбек Құралов 

Мұрағаттан: 03.11.2011


 






Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Әлемдегі ең үлкен энциклопедиялық сөздік
  • Әлемдегі ең қымбат кітапты Билл Гейтс қаншаға сатып алды?
  • Әлемде қай жазушының кітабы 2 млрд. данамен тараған?
  • Әлемдегі ең ауыр кітап жинағы қай мемлекетте?
  • Әлемдегі ең «ақылды» көпір
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: