Берік Оспанов, облыс әкімінің орынбасары
Өткен аптаның соңында кезекті іссапармен Қазығұрт ауданына барған облыс әкімі Асқар Мырзахметов бастаған жұмысшы тобы шешімін күткен көптеген өзекті мәселелерге көз жеткізіп қайтты. Олардың басым көпшілігі ауызсуға қатысты.
Мысалы, аудан орталығынан шалғайдағы Шанақ ауылы да жылдар бойы осы ауыз су тапшылығының зардабын тартып келеді. Ауылды бұл зардаптан алпыс шақырым құбыр құтқарады екен. Сол құбырды тағы күте тұруға тура келеді. Тұрғындармен кездесуінде облыс басшысы бірінші кезектегі бұл мәселені келесі жылы қалайда шешіп беруге уәде етті.
Шанақтың жұрты облыс әкімі уәдесін орындайтынына сенімді. Облыс басшысы орындар-ау, бірақ оны іске асыратындардың жұмысты жарым-жартылай атқарып, кейде ұятқа қалдырып жататыны бар. Рабат ауыл әкімдігінде солай болған. Осы ауыл әкімдігіне қарасты елді мекендердің сонау кеңестік дәуірде газдандырылғаны мәлім. Алайда, қайбір жылдарғы қиын-қыстау кездері «көгілдір отынның» бұл ауылдарға барар бұрандасы жабылып, құбырлары қараусыз қалған. Қараусыз қалды дегенше қолды болды дей беріңіз. Сөйтіп, талан-таражға түскен. Бертін келе ауыл тұрғындары тиісті орындарға шағымданып, табиғи газдың берілуіне қол жеткізген. Алайда, жоғарыда айтып өткеніміздей тірлік жарым-жартылай атқарылған. Өткен жылы облыс әкімі барлық үйлерге газ жеткізу мақсатындағы арнайы меморандумға қол қойған болатын. Осы мақсатқа 30 миллион теңге бөлінген. Бірақ сол ақша құбырға жұмсалмай, «терең қалтаға» түсіп кеткен секілді. Бүгінде ауылға газ да келмеген, қаржының қайда жұмсалғаны да белгісіз. Енді бұл мәселе А.Мырзахметовтің жеке бақылауына алынбақ. Осы жұмысшы топ іссапары барысында тағы бір 30 миллион теңгеге қатысты мәселе көтерілді.
Елді мекендерді аралап қайтқан жұмысшы топтар аудан әкімдігінде өткен актив жиналысында көрген-білгендерін ортаға салған болатын. Міне сол басқосуда облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспанов ауылдық жерді айтпағанда аудан орталығының өзін ауыз су мәселесі дұрыс шешілмей отырғанын айтты. Ауыз су аудан орталығындағы 66 көшеде тәулігіне 1 ғана сағат беріледі. Әлгі көшелердің тұрғындары бір сағат ішінде бос ыдыстарының барлығын толтырып үлгеруі тиіс. Ал 4 көшеде су 3 сағат ақса, 7 көшенің тұрғындары осы көршілерінің «колонкасына» ортақтасуға мәжбүр, яғни тасып ішеді. «Жыл басында аудан әкімдігіндегілер 30 миллион теңге болса, аудан бойынша бұл мәселе шешімін табатынын айтқан болатын. Ол қаржы бөлінді. Алайда, бүгін жағдайдың әлдеқайда күрделі екеніне көзіміз жетіп отыр. Аудан әкімдігі жалған мәлімет берген. Сонда сіздер кімді алдамақ болдыңыздар? Бізді ме, халықты ма? Жасырғанмен проблема шешілмейді. Тез арада дұрыс мәліметтер мен қажетті құжаттарды дайындаңыздар», -- деді Б.Оспанов. Ауызсу проблемасы Қызылқия және Тілектес елді мекендердің де өзекті мәселесіне айналып отыр.
Аудандағы басқа да өзекті мәселелер ортаға салынды. Мысалы, Тұрбат ауылындағы 15 орындық аурухана, сондай-ақ Шарапхана ауылындағы аурухана мен мәдениет үйі, Жігірген ауылындағы емхана апатты жағдайда. Мектептердің де жағдай мәз емес. 43 мектеп талапқа сай емес ғимаратта орналасса, 31 мектепте оқушылар үш ауысымда оқиды. 12 елді мекенде білім ошағы мүлде жоқ. Мектептердің материалдық-техникалық базасы нашар. Тіпті, көптеген білім ошақтарында тақталар мен парталар кеңестік дәуірден «мұраға» қалған ба дерсіз. Сондай-ақ, компьютерлердің барлығы дерлік ескірген. Іссапар барысында жұмысшы тобы нысандарды жөндеу мен жаңадан салу кезінде құрылыстың дұрыс есептелмейтінін мәлім етті. Мысалы, Тұрбат айылындағы орта мектепті күрделі жөндеуден өткізуге 53 миллион теңге жұмсалған болса, сол білім ордасынан 5-6 есе кіші мәдениет үйінің ағымдағы жөндеу жұмысына 56 миллион теңгенің жобалық-сметалық құжаттары дайындалған. Шарбұлақ ауылында шағын емхана салуға 85 миллион теңге сұралса, «Қызылтаң» орта мектебінің күрделі жұмысына 177 миллион теңге керектігі көрсетілген. Құжат дайындаушыларда «түйе сұрасаң, бие береді» деген пиғыл емес, басқа бір «жоспар» болған секілді. Облыс басшылығы енді сметалық құжаттар ұсынылатын кезде сараптамадан мұқият өткізу керектігін айтып отыр.