Премьер-министр Түркістандағы құрылыс жұмыстарымен танысты

Screenshot_1.jpg

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Түркістан облысына жұмыс сапары аясында салынып жатқан бірқатар нысанды аралады, сондай-ақ облыс орталығындағы жаңа ғимараттар салынатын жерлердің жұмыс жоспарларымен танысты.

Премьер-Министр Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығындағы облыс әкімдігі нысандарын, басқармалар мен департаменттердің ғимараттары салынатын алаңдарды тексерді. Осы айда іргетасын қалап, 2020 жылдың сәуір айында пайдалануға беру жоспарланып отыр. А. Маминге құрылыс жұмыстарын отандық өндірістің қажетті материалдар көлемімен қамтамасыз ету үшін өңірде фибробетон (еск. – ауқымды ғимараттар құрылысына қолданылатын материал) шығаратын жаңа зауыт салу көзделгені баяндалды.

Бұдан өзге, А. Мамин медиа орталықтың, конгресс-холдың, спорт кешенінің құрылыс барысын тексерді. Мұнда ғимараттардың іргетасын қалау жұмыстары басталды. Ұсынылған нысандар жақсы функционалдылығымен, сыйымдылығымен ерекшеленеді және сәулет өнерінің қазіргі стандарттарына сай келеді.

Салынып жатқан әкімшілік нысандарды тексеруді аяқтаған соң, А. Мамин Президент тапсырмаларын уақытылы орындауға барлық жағдай жасалғанын атап өтіп, құрылыс жұмыстарын күшейтуді және қажет болған жағдайда құрылысшыларды қосымша тартуды тапсырды.

А. Мамин «Түркістан — жаңа қала» шағын ауданын аралау кезінде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы тұрғын үй құрылысының басталуымен танысты. Жоба біртіндеп іске асырылады: 2019 жылы 44 үй, 2020 жылы — 52 үй пайдалануға беріледі. Жалпы, 2 977 пәтер «7–20–25» бағдарламасы бойынша, сондай-ақ облыс әкімдігі жоспарлап отырған несиелік тұрғын үйдің жаңа бағдарламасы бойынша қолжетімді болады. Бұл көп балалы отбасылардың баспана мәселесін шешуге ықпал етеді. Премьер-Министр баспана құрылысы көлемдерін кеңейту келешегін зерделеу және қолайлы өмір сүруді қамтамасыз етуге заманауи технологияларды енгізу қажеттігін атады.

Айта кету керек, жалпы өңірде құрылыс жұмыстарының көлемі биылғы қаңтар–ақпан айларында өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,3 есеге артқан.

Сонымен қатар, Премьер-Министр әлеуметтік инфрақұрылымның салынып жатқан нысандарын, оның ішінде білім және ғылым саласындағы нысандарды тексерді. Сапар кезінде Оқушылар сарайының, облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың құрылыс алаңдары қаралды.

Түркі дүниесінің рухани-мәдени орталығы ретінде Түркістан қаласын дамыту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысу мақсатында А. Мамин қаланың тарихи-мәдени орталығын аралады. Қожа Ахмет Яссауи мұражайы, «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорығының визит-орталығы, «Ұлы дала елі» орталығы салынып жатқан жерлерде болды. Бұдан өзге, Премьер-Министрге Түркістан қалашығын абаттандырудың тұжырымдамалық бас жоспары таныстырылды.  

Премьер-Министр жұмыс сапары барысында туристік инфрақұрылымды құру жұмыстарының жоспарларымен танысып, құрылыс жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Түркістанда туризмді дамыту, оның ішінде ішкі туризмді дамыту мақсатында музыкалық субұрқақ, амфитеатр, аттракциондары бар қалалық саябақ салу көзделген.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің баспасөз қызметі


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: