Шөкеевті аяқтан шалу кімге керек?

Screenshot_4.jpg

Біраздан бері ақпарат кеңістігінде «Мәсімов пен Шөкеевтің арасындағы жанжал оты тұтанды» деген сыңайдағы ақпарат тарай бастады. Шөкеев пен Мәсімов бірталай уақыт бір командада жұмыс істеген. Бірі премьер, бірі оның бірінші орынбасары болып қызмет атқарды.  Қазір Өмірзақ Естайұлы «Самұрық-Қазына» Ұлттық Әл-ауқат қорында, ал Мәсімов Президент әкімшілігінің жетекшісі қызметіне кірісті. Саясаттанушылар ауыр салмақты саясаткерлердің ара-қатынасы салқындау екенін бұрыннан айтып жүрген. Мүдделер бақталастығы, ықпал мен бедел шоғырланған жерде саяси талас-тартыстың болуы заңды емес пе?  «Саясат  - лас тірлік, бір рет сүрінсең тіктелуің қиын» деген қағиданың шындыққа жанасатынын ескерсек, бәсекелесін сүріндірудің кез-келген тәсілі жарай беретінін түсінесіз.  Осының бір дәлелін жуырда Президент аппаратының жетекшісі Кәрім Мәсімовтің әкесі Қажымқан көрсеткендей. 

Әуелі өткенге сәл шегініс жасасақ. «Техастықтар», «оңтүстіктіктер» деген терминдерді елдің Солтүстігі, Шығысы және Батысынан шыққандар жиі айтып жүретіні белгілі. Онысы шымкенттіктердің  іскерлігін, пысықтығын меңзегені ғой.  Бірақ, дәл сол пысық деген «техастықтарды»  тақырға отырғызып кеткен жан бар. Кім дейсіз бе? Ол – Қажымқан Мәсімов. Басқа-басқа, Оңтүстікте «HAS-ER.KZ» атты фирмадан асқан атышулы компания жоқ шығар, сірә. Қай іске кіріссе де басы тәп-тәуір жарнамамен басталып, соңы үнемі айқай-шумен бітетін «HAS-ER.KZ» Шымкентте біраз жоспар жүзеге асырмақшы  болған. Коттедж қалашығын саламыз деді. Халықаралық сауда орталығын ашамыз деді. Шетелден инвестиция тартамыз деді. Бадам өзені арқылы салынатын көпірдің  құрылысын да мойнына алғаны есімізде. Қазір солардың бірі де жоқ. «Премьердің әкесі ғой, алдап кетпейтін шығар» деп жылдар бойы тірнектеп жинаған ақшасын қолына ұстатып, сенім артқан ондаған адам опық жеді. Қажымқан ақсақалға өкпесі қара қазандай  жұрт әділдікті талап етіп талай құзырлы мекеменің табалдырығын тоздырды. Шындық іздеп  Астанаға да сандалды. Бұдан да түк шықпады. 

 Қажымқан Мәсімов кезінде «Рейтинг» газетіне арнайы сұхбат беріп, премьер-министр қызметіндегі ұлын бизнесіне араластырып, пендешілікке бармайтынына сендірген еді. «Менің қандай бизнеспен шұғылданатынымды ұлым тіпті білмейді де. Ол менің ісіме араласпайды, мен оның ісіне араласпаймын» деп ағынан жарылған-ды. Бұған жұрт онша сене қоймаған. Қазір байқағанымыздай, ұлының ісіне араласпақ түгілі араша түсіп, енді өзге саясаткерлерге «секіре» бастапты. 

Не түлен түрткені белгісіз, жуырда «guljan.org» сайтында жарияланған мақалада Қажымқан Мәсімов «кәсіпкерлердің қайта-қайта наразылық акцияларына шығуы менің ұлым Кәрім Мәсімовты орнынан кетіргісі келгендердің ісі деп білемін. Бизнесмендердің өзі сол адамның аты-жөнін айтып берді. Ол Өмірзақ Шөкеев. Құқық қорғаушы Талас Сағымбаев соның тапсырысын орындаған. Өзім бұл Шөкеевтің тірлігі екенін жоққа шығармаймын. Ол бұны премьердің креслосын алу үшін істеген» деп атышулы мәлімдеме жасады.  

Дәл осы сайтта Мәсімов-Шөкеев тақырыбына қатысты және бір  мақала жарық көрді. Онда Қажымқан Мәсімовтің Оңтүстік Қазақстан облысының бұрынғы басшылығының үстінен сотқа арызданғаны келтірілген. Шын мәнінде «HAS-ER.KZ» компаниясы облыс басшылығы емес, Шымкент қалалық құрылыс бөлімінің үстінен арыз түсірген. Қойып отырған талабы  -  2007 жылғы келісім-шарттың  №241/51 қосымша келісімін жарамсыз, ал мердігердің 2007-2008 жылы атқарған құрылыс-монтаж жұмыстарын қабылдау актілерін жарамды деп тану. Жарияланымда көпір құрылысына республикалық бюджеттен 928 миллион теңге бөлінгенімен, мердігердің есеп-шотына бар-жоғы 278 миллион теңге түскені, қалған 651 миллионның із-түссіз жоғалып кеткені хабарланады. Осының кесірінен көпірдің құрылысы аяқсыз қалып кеткен деген ой меңзеледі. Автор  бұл қаражат қан орталығының құрылысына аударылғанын келтіре отырып, мақаласын  «бірақ, күні бүгінге дейін ешқандай қан орталығы салынбаған,  бюджеттен бөлінген ақшаның қайда кеткені белгісіз» деп аяқтайды.  Әріптесіміздің мәселенің байыбына бармай, «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп фактілерді дұрыстап тексермей жаза салғаны көрініп-ақ тұр.    

 Қажымқан Мәсімовтың басқаруындағы компанияның өз ісіне жауапсыздықпен қарайтын мердігер ретінде танылғаны жұртқа мәлім. Көпір мен жол өтпесінің құрылысы бойынша тендерді жеңіп алған «HAS-ER.KZ» ЖШС нысанды 2007 жылдың желтоқсан айында тапсыруға міндеттелгенімен, уәдесін уақытылы орындауға асықпады. Мемлекеттік сатып алу конкурсы аяқталған соң бір ай ішінде бюджеттен 278 миллион теңге аударылғанымен, нақтылы жұмыстар тек қараша айында басталғанын қайтерсіз? Мұндай қысылтаяң мерзімде көпір түгілі жол салып та үлгермейсің. Оның өзінде құрылыстың сапасы сын көтермейді. Әкімдіктегілер келісім-шарттың мерзімін тағы да созғанымен, көп ұзамай жұмыс мүлдем тоқтап қалды. Амалы қалмаған соң құрылыс бөліміндегілер келісім-шартты бұзуға әрекет жасады. Журналистерге сұхбат берген «Тұран-Құрылыс» инжинирингтік компанияның жетекші маманы Сұлтанбек Омаров «көпір құрылысының құны - 172 миллион теңге. «HAS-ER.KZ» бюджеттен 278 миллион теңге бөлінді. Қазір көпір де жоқ, ақша да жоқ. Көпірдің жеті тірегі сараптамадан өтпеді, бес ригельдің үшеуі нормативке сай емес. 15 метр тереңдіктегі бұрғы ұңғымасы тіптен бірде-бір сынаққа шыдамады. Біз бұл көпірді қалайша қабылдауымыз керек?!» деп үзілді-кесілді қарсылығын жасырмай, қабылдау актісіне қол қоюдан бас тартқан болатын. Шынында да, көпір сапасыз салынса қаншама адамның өміріне қауіп төндірмей ме?  

Бірақ, Қажымқан ақсақал шегінер емес. Биыл наурыз айында «HAS-ER.KZ» ЖШС облыстық мамандандырылған экономикалық сотына Шымкент қалалық құрылыс бөлімінің үстінен арыз түсірді. Арыз жазуын жазғанымен, компания өкілдері сол бойы қарасын көрсетпей ұшты-күйлі жоғалды. Сот әрі-бері күткен соң 22 маусымда істі қараусыз қалдыру жайлы қаулы қабылдайды. Ендігі қызықты қараңыз. Жуырда, дәлірегі 12 қараша күні «HAS-ER.KZ» ЖШС-ның сенімді өкілі Қанат Батырбаевтан маусым айында шыққан талап арызды қараусыз қалдыру туралы сот ұйғарымын бұзуды сұранған өтініш келіп түсті. Арада тура он күн өте, яғни 22 қарашада сол Батырбеков «талап арызды қараусыз қалдырған сот ұйғарымын бұзу туралы өтінішімізді қараусыз кері қайтаруыңызды сұраймын» деп аяқ астынан «айнып» шыға келді. Сонда қалай? Сотты ойыншық көріп, «тығылмашақ» ойнағаны ма? Заңды сыйламай мың құбылған Мәсімовке не көрінді? Ойына келгенде арыз түсіріп, қалаған уақытында кері қайтарып ала беретіні ненің белгісі екен?  Сізді қайдам, өзіміз  мұны еріккен сарттың тірлігіне ұқсаттық. (Осындайда  Мәсімовтердің ұлтына қатысты алып-қашпа әңгіменің нүктесі әлі қойылмай келе жатқаны ойға орала кететінін айтсаңшы). Бізді ойландырғаны мынау. Қажымқан Мәсімов өзінің ұлы мен Өмірзақ Шөкеевті шағыстырып отырғанын, мұның арты үлкен жанжалға ұласуы мүмкін екенін түсіне ме? Әлгіндей мәлімдеме жасаудан бұрын талай жыл премьер-министр қызметінде отырған, қазір президент әкімшілігін басқаратын ұлы Кәріммен ақылдаспайды дегенге сену қиын-ақ. Әлде шынымен де әкелі-балалы Мәсімовтердің бірлесе іске  асырған  әрекеті ме бұл? 


Сіз не дейсіз?

Ерқанат Әбени, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі: 

--Өмірзақ Шөкеевтің есімін осы іске араластыруға ешқандай негіз жоқ. Мақалада қан орталығы сол күйі салынбаған деп көрсетілген. Шын мәнінде бұл орталық 2008 жылдың аяғында пайдалануға берілген. Оны мемлекет басшысының өзі ашты.  Бұл ТМД-дағы ең мықты қан орталықтарының бірі. Мұндай орталықтың өте қажет екенін ешкім жоққа шығара алмайды.  Өмірзақ Естайұлының облыс әкімі қызметіне балалардың жаппай ВИЧ ауруына шалдығуынан соң тағайындалғаны белгілі.  Бәлкім, құрылыстағы жоспардың өзгеруі осыған байланысты болар. Екіншіден, бюджеттік процестен хабары бар адамдар ақшаның із-түссіз жоғалып кетуі мүмкін еместігін жақсы біледі. Мемлекеттің қаражатын басқару – мәслихаттың араласуымен өтетін келісулер мен бекітулерден тұратын өте күрделі әрі жауапты іс. Сондықтан, бюджеттік ақша жоғалды деп ел-жұртты даурықтыру  тіптен күлкілі нәрсе. 

Мұрағаттан, 06.12.2012 ж

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Туркестане прошел семинар по разъяснению выборного законодательства
  • Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
  • Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
  • Димаш Құдайберген Ержан Максимге «Қазақша сөйле» деп ескерту жасады
  • Қытайда 40-қа жуық мемлекет басшылары кездесті
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: