Басқарма бастығы Жұмағали Исмаилов оларды отқа, ал «Әділет», «Орда» газеттері сотқа итеріп отыр ма?
Оңтүстікте баспасөз бетінде сыналған шенеуніктерге кейбір газеттердің ара түсіп, «адвокат» бола кетуі әдетке айналды. Бұл дерт бүгін пайда болған жоқ. Бірақ бұл жолы айтаққа еріп, қолшоқпар бола кететін басылымдардың өздері күлкіге қалып отыр. Күлмегенде қайтесіз?! Таратыңқырап айтайық.
«Рейтинг» және «Жас алаш» газеттерінде жуырда облыстағы ана өліміне қатысты мақалалар жариялаған болатын. Жалпы, қашанда айқай-шуы көп медицина саласындағы жеткен жетістік те, кеткен кемшілік те газетімізде аз жазылған жоқ. Жоқ жерден ши шығарып, тырнақ астынан кір іздеген жайымыз жоқ. Егер денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жұмағали Исмаиловтың соңына шам алып түскен болсақ, тендердегі талас-тартыс пен редакцияға арызданып келген азаматтардың хаттарын бас-көз демей жариялай бермес пе едік...
Ана өлімі жиілеп, оған Мәжіліс депутаттарының өздері араласып жатқан соң, бұл мәселеге айрықша тоқталғанымыз да рас. Алайда мақала жарияланысымен Шымкенттен шығатын «Әділет» пен «Орда kz» газеттерінде «Рейтинг» пен «Жас алаште» жарияланған мақалаларға қарсы 28 бас дәрігер қол қойған, құзырлы органдар мен облыс әкімінің назарына ұсынылған хат жарияланды. Журналисттік этика бойынша бұл хат әуелі мақала авторына жолдануы тиіс еді. Хат иелерінің әдептен аттап кеткені ме жоқ әлде бұл әлдебіреулердің жасаған шикі-шала тірлігі ме? Соңғысы қисынға келетін сияқты. Өйткені хат мәтіні осыны аңғартады.
Хат иелері «Рейтинг» пен «Жас алашта» жарияланған мақаладағы фактілерге қатысты ешқандай дау айтпайды. «Мына жері шындыққа сәйкес емес, мына дерегі шылғи өтірік» десе ғой шіркіндер. Ол ол ма, тізгінге ие бола алмай қалған ақ халаттылардың жуырда газетімізе жарияланған Сенат төрағасы Қайрат Мәмиге, «Асар» мөлтекауданы туралы мақалаларымызға да пікір білдіргенін оқып, аң-таң болдық. Денсаулық сақтау саласында жүрген азаматтардың Сенат төрағасымен, «Асардағы» ағайындармен не шатысы барын біле алмадық? Әр нәрсенің басын бір шалып, қайта-қайта шатаса берген бас дәрігерлердің әрекетін қалай жорымызды білмей далмыз.
Сондықтан хатқа қол қойған бірқатар бас дәрігерлердің өздеріне қоңырау шалдық.
Айдар Шнетов, Мақтарал аудандық «Асық ата» ауруханасының бас дәрігері
- Хатты оқыдыңыз ба?
- Ия, оқыдым.
- Осы хатта «Асар» мөлтекауданының мәселесі де жазылыпты. Ондағы жағдайды білесіз бе?
- Иә, білемін.
- Бюджеттен бөлінген 800 миллионнан астам қаржының дау болып жатқанынан хабарыңыз бар ма?
- Оны финпол ғой тексеретін. Жеп қойған, ішіп қойған болса...
- Дегенмен, «Асарға» қатысты толық ақпаратыңыз жоқ қой?
- Енді, қазір кез-келген адамды айыптауға болады ғой. Сот, финпол не үшін?
- Ал Қайрат Мәмидің бажасы кім, білесіз бе?
- Жоқ.
- Білмесеңіз хатқа қалай қол қойдыңыз?
- ... бұл жерде.. сөйтіп жазылған ба?
- Иә, сіз қол қойған хатта осы мәселе де жазылған.
- ... е, е, міне, енді оқыдым...
Ерғали Әлімбаев, Арыс қалалық орталық ауруханасының бас дәрігері:
Білеміз, ол мақалаларды газеттен оқыдық. Бірақ, ешқандай хатқа қол қойған емеспін. Осыны ашық түрде айтамын. Мені ондағы тізімнен алып тастаңыз. Жалпы, байқаймын, ұзақ жыл бойы қызмет еткен бас дәрігер, соғыс ардагері болғандықтан менің атымды әр жерге тықпалай береді. Ол хатта не жазылыпты өзі?
Газетімізде жарық көрген мақалаларға қарсылық білдірілген. Ана өлімімен шектелмей, «Асар» мөлтекауданының мәселесі де қамтыла кеткен.
«Асар» мөлтекауданының барын білмеппін де. Тек Шымкенттің маңындағы бір шағынаудан екенінен хабарым бар. Мен әу баста-ақ мені саяси мәселеге араластырмаңдар деп айтқанмын барлығына. Біреуді қолдап, біреуге қарсы шығатын адам емеспін.
Бахытжан Мырзагелдиев, Бәйдібек аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері:
«Жас Алаш» пен «Рейтингтегі» мақалаларға қарсы хатқа қол қойыпсыз.
Иә, қол қойдым.
Хатты оқыдыңыз ба?
Шынымды айтсам, мен ол хаттың қай мәтінде шыққаны - бастапқы ма әлде кейінгі нұсқасыма, онысын білмеймін. Хат басқа мәтінде, басқа күйде шықты, басқа мәселелерді қосып жіберіпті деп естідім ғой.
Мысалы, «Асар» мөлтекауданына байланысты жазылған.
Оған менің қатысым жоқ ешқандай.
Қайрат Мәми мен оның бажасы жайлы да жазылыпты.
Өзім соны оқысам ба деп едім.
Оқыңыз онда..
Уәлихан Малғараев, Түлкібас аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері:
Хатқа қол қойғаным рас, бірақ толық нұсқасын оқи алмадым.
Оқымасаңыз қалай қойдыңыз?
Асығыс едім, кешке жақын болған тірлік.
Ішінде не жазылғаны жайлы хабарыңыз бар ма? Мәселен, «Асар» мөлтекауданының мәселесі қамтыла кетіпті.
Ондайды оқығаным жоқ, «Асар» жайлы әңгіме жоқ болатын ол жерде.
Қайрат Мәми сенаттың төрағасы, оны да қосқан.
Білмеймін, өзім тек «облздрав» жөнінде жазылғанын оқыдым.
«Рейтинг», «Жас алаштағы» мақалаларды оқыдыңыз ба?
Оқыдым.
Хатта сол мақалалар қып-қызыл жалаға құрылған, фактілердің барлығы өтірік деген сөздер жүр. Осыны растайсыз ба?
Шынымды айтсам, хатты толық оқыған жоқ едім, айналайын, айта алмаймын.
Хатқа қол қою жайлы ұсыныс кімнен түсті?
Айналайын... менің жұмыс істеуіме 10 ай қалды. Зейнеткерлікке шыққалы жатырмын... Ол хаттың кімге керектігін мүлдем білмеймін.
Қол қой деген соң қоя салдыңыз ба?
Солай болып тұр ғой.
Жандар Нышанов, Ленгір қалалық ауруханасының бас дәрігері:
Хатты толық оқыған жоқпын. Түнгі он жарымда далада сөйлескендіктен бас жағын ғана шолып шықтым.
Толық оқымай қол қоя салғаныңыз қалай?
Бас жағында өлім-жітімнің азайып жатқаны туралы пайыздық көрсеткіштерді көзім шалды. «Бұл ресми мәліметтер екен, хаттың да мазмұны осы бағытта болар» деп соңына дейін оқымадым.
«Рейтинг», «Жас Алаш» газеттерінде жарияланған мақалалар қып-қызыл жала, өтірікке құрылған деп есептейсіз бе?
Ол жала емес қой. Газеттегі мақалаларды басқа да дәрігерлер оқып жатыр, «мынау жері дұрыс емес» деп пікір білдіргендерді көріп, естімедім.
Хатта ана өлімінен басқа да мәселелер қамтылыпты, айталық «Асар» мөлтекауданы.
Ол жағын білмедім.
Мария Әлжанова, Шымкент қалалық орталық емханасының бас дәрігері:
- Қол қой деп әкелген еді бір хатты, соны оқымай қолымды қоя салыппын. Енді өзім күдіктеніп отырмын. Сол сәтте жиналыс өткізіп отырған едім, асығыстау тірлік болды. Не жайлы екен өзі? Мағынасы қандай?
- Бұл сұрақты өзіңізге қоюымыз керек шығар. «Рейтинг», «Жас Алаш» газеттерінде жарияланған мақалалардың қып-қызыл жала екендігі жайлы.
- Ол хат қай газетке шыққан?
- «Орда.кз» деген басылым.
- Ондай газетті естімеппін. Өмірімде бірінші рет мәтінмен таныспай, қолымды қойыппын. Бір бас дәрігердің орынбасары келіп, әріптестерімізді қорғау мақсатындағы хат деп қоймаған соң қолымды қоя салыппын.
Ғалым Айнабек, Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері:
- Хатқа қол қойдыңыз ба?
- Есімде жоқ, көрейінші ол қандай хат екенін.
- 20 шақты бас дәрігерлер хатқа қол қойыпты ғой. Ол хат газетке шыққан.
- Газетті оқыған жоқпын әлі.
- Бірақ хатқа қол қойдыңыз ба?
- Мен не хат екенін әуелі көріп алайын, мақұл ма?
Біз тілдескен ақ халаттылардың ішінде тек Арыс қалалық емханасының бас дәрігері Марат Серікбаев қана хат мәтінімен танысқанын және одан бас тартпайытынын мәлімдеді. Оның денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жұмағали Исмаиловтың курстасы деген әңгімелерді бұған дейін құлағымыз шалған еді. Курстасының арқасында бағы жанып, жайлы орында отырған азаматтың бастығына деген адалдығының астарында не барын, іштей шамаладық. Ал қалған бас дәрігерлердің сөздерін қаз-қалпында беріп отырмыз. Бұдан кейін бас дәрігерлердің арасында арыз жазу туралы бастама көтерген, солардың қолымен от көсегісі келген Жұмағали Исмаиловтың өзі емес пе деген ой қылаң береді. Бас дәрігерлердлің расында да қуаршыққа айналас бастағын ма? Ал, облыстық бас дәрігеріне «адвокат» болғыш «Әділет» пен «Орда kz» газеттері ақ халаттыларды арандатып, сау бастарын сотқа сүйрелеп отыр ма? Өйткені, біреуді негізсіз, дәлелсіз қаралап, құзырлы органдарға шағым жазудың артында жауапкершілік бары кез-келгенімізге белгілі емес пе?
Жандар Көшенов
"Рейтинг" газетінің бас редакторы
"Рейтинг" газеті №9, 1 наурыз 2012 жыл