- Мен Жаңаөзенге жазда келгім келген, бірақ мені мәселелердің барлығы шешімін тауып жатыр, адамдардың көңілі орнына түсіп, оларға жұмыс табылып жатыр деп сендірді.Бұдан соң қыркүйекте келуді жоспарладым, ол кезде де облыс пен «Қазмұнайгаздың» басшылығынан бастап барлығы да мұның қажеттігі жоқ екенін айтып, проблемалардың шешіліп жатқанын жеткізген болатын. Сонда мені шатастырып жүрген екен ғой.
(Президент Н. Назарбаевтың Жаңаөзенге барған сапарындағы жиында айтқан сөзінен)
«Сайлаудан кейін Қазақстанның Үкімет басшысы кім болады?». «Рейтинг» газеті жүргізген осы сауалнамаға байланысты көп оқырманымыз қоңырау шалып, бірқатары газеттің сайты, электрондық нұсқасы арқылы да үн қосты. Дауыс жинау жағынан Тимур Құлыбаев бірінші, Өмірзақ Шөкеев екінші, Кәрім Мәсімов үшінші орынды еншіліп тұрғанда бұл көрсеткіш соңғы күндері күрт өзгерді. Себебі түсінікті. Жаңаөзендегі жұрт жағасын ұстаған сұмдық қасіретті оқиға Ақорданың алдын ала құрған, әдеттегідей Елбасының кеңесшісі Ертісбаевтың аузымен аужайды байқап айтылатын жоспарды күл-талқан еткен сыңайлы. Билік басындағы шенеуніктердің Елбасыны алдап жалған ақпарат беруі, көзбояушылыққа баруы, әлеуметтік әділетсіздікті шешпей, мұнайшылардың орындауға болатын орынды талабына құлақ аспай, жүрдім-бардым қарауының ақыры ауыр қасіретке ұласқаны өкінішіті-ақ. Сонымен өзгерген сценарий қалай өрбігеніне тоқталайық.
Қарымта соққы беру кезегі Құлыбаевта
«Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағалығының тізгінін биыл сәуірде ұстаған Тимур Құлыбаев Жаңаөзендегі оиғадан кейін Павлодардағы мұнай-химия зауытының басшылығына барды. «Самұрық-Қазынаның» төрағалығына тағайындалып, ірі саяси тұлға ретінде халыққа енді таныла бастаған Құлыбаев үшін бұл ауыр соққы. Қазір көптеген сарапшылар Құлыбаевтың «Самұрық-Қазынаның» басшысы ретінде мұнайшылардың мәселесін шешуде қолдан келген мүмкіндіктің бәрін істегенін, өздерінің қызметіне қатысты барынша маңызды проблемалар мен әлеуметтік-экономикалық үдерістерді талқылап отыру үшін қордың жанынан «Сарапшы» клубын құрғанын, тіпті "Wikipedia" энциклопедиясының қазақ тіліндегі тармағын дамыту идеясын бастап, ұлтжандылық танытқанын жазып жатыр. Обал болды-ау, бірақ болары болып бояуы сіңген соң, оның бәрін айттың не, айтпадың не? Ал Құлыбаевтың «құрбандыққа шалынуын» қалап, оның аяғынан шалған, жолын торауылдап, алты қабат арқан керген кім? Бұл сұрақтың жауап беру үшін алдымен дауға тамызық болған Жаңаөзен оқиғасының артында кім тұр деген сауалға жауап іздеген жөн сияқты. Қалай десек те сырт көзге Құлыбаевтың қызметі құлдыраған болып көрінгенімен құдіреті мен құзіреті кемімегені сөзсіз. Қарсыластарына қарымта соққы берудің ендігі кезегі Құлыбаевта. Күтейік, көрерміз.
Үкімет басшысының бірінші орынбасарлығынан Құлыбаевтың орнын басып, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының төрағалығына бекітілген Шөкеевтің бұл қадамы өсу ме, әлде өшу ме, оны тап басып айту қиын. Бірақ бұл тағайындау Шөкеевтің Прездиденттің әлі де сенім білдірген адамы екендігінде күмән тудырмайды. Қашанда өрт ішінде жүретін Шөкеев кезінде сәбилер жаппай ВИЧ дертіне шалдығып, айқай-шуы шетел асқан Оңтүстік Қазақстан облысын басқаруға жіберілді. Алматыда тау баурайындағы тамаша ұстарынан кілең шенеуніктерге қатысты жер дауы көтерілгенде де Шөкеев арнайы құрылған комиссияны басқарды. Күні кеше Жаңаөзенде бұрқ ете қалған бүлікте де Елбасы мұнайшыларға барып жағдайды реттеуді премьерге емес, Шөкеевтің мойнына жүктеді. Енді міне, ереуілші мұнайшылардың «Казмұнайгазға» деген наразылық өршіп тұрған кезде Шөкеевтің сол компанияның 100 пайыз акциясын иеленіп отырған, сонымен бірге ел экономикасына түсетін табыстың 80 пайызын қадағалайтын «Самұрық-Қазынаның» төрағалығына тағайындалуы да бекер емес. Қалай болғанда да, Шөкеев бірінші вице-премьерліктен кетсе де, Ақордадағы абыройын, өзінің саяси салмағын кетірген жоқ.
Әбіләзов-Әлиев тандемі
Жаңаөзенде кенеттен бұрқ ете қалған жапапай тәртіпсіздіктің, жиырмаға жуық адамның өмірін қиған қантөгістің қолдан ұйымдастырылғаны және оның артында «экс-күйеу бала» Рахат Әлиев пен қашқын банкир Мұхтар Әбіләзовтың тұрғаны Ақорда жасаған алғашқы болжамдардың бірі. Мұндай ой түюге не түрткі болғанына тоқталайық. Жеті айдан бері ереуілдеп жатқан мұнайшылардың айтуынша, жаппай тәртіпсіздіктің алдында белгісіз біреулер Тәуелсіздік тойы өтіп жатқан алаңға «Джиппен» келіп, мұнайшыларға қарсы оқ атқан. Шетпе станциясында да осындай жағдай. Полиция халықпен тіл табысып, бейбіт жолмен тарауға ымыраласып жатқан сәтте кенеттен белгісіз топ оқиға орнына көлікпен келіп, полицияға оқ жаудырған. Әлиев пен Әбіләзов қаржыландырып отырған «К+» каналының журналистерінің 16 желтоқсанда Жаңаөзендегі алаңнан табыла қалып, барлық тәртіпсіздіктерді таспаға басып алғаны да таңқаларлық. Қазақстанда тарамайтын каналдың тілшілері түкпірдегі Жаңаөзенде «кездейсоқ» келе қалды дегенге сенесіз бе? 16-17 желтоқсан күндері «К+» «Полиция бейбіт халыққа оқ атты», «Мұнайшылардың ереуілін басып-жаншу үшін билік бұл оқиғаны әдейі қолдан ұйымдастырды» деген сыңайдағы ақпарат беріп, ол сол заматта-ақ интернеттегі «YouTube» жүйесі арқылы бүкіл әлемге тарап жатты. Бұл телеканалға не үшін қажет? Әрине қожайындары Әбіләзов пен Әлиевтің қазақстандық билікті құбыжық етіп көрсеткен сөздеріне дәлелді-дәлелсіз айғақ тауып беру үшін.
Кейбір сарапшылар да төңкерістің артында Әбіләзов-Әлиев тандемінің тұрғанынтуралы болжам жасайды. Біріншіден, желтоқсанның басында Мұхтар Әбіләзовтың ісімен Ұлыбритания соты шындап айналаса бастады. Күні бүгінге дейін өзін саяси қашқын ретінде көрсетіп жүрген оның «БТА» банкінен миллиондарын оффшорлық компанияларға аудару арқылы ұрлағанын әшкерлейтін құжаттар табылды. Алдап соққаны үшін британ соты оның маңдайынан сипамасы анық. Сот шешімімен Әбіләзовтың барлық активтері тексеруге жіберілді. Енді ол ешқайда қашып құтыла алмайды. Бет-пердесі сыпырылған банкир ақырғы тәуекелге барған сияқты. Жаңаөзендегі оқиғаны ұйымдастыру осы тығырықтан шығу үшін жасалынған жандалбаса ғана. Төңкерістердің нәтижесінде билікке өзінің сөзін сөйлеп, өткен-кеткенінен кешіріммен қарайтын біреу-міреу келеді деген есек дәме. Бұл әрине, кәнігі саясаткердің жүрісіне ұқсамайды. Бірақ құрдымға кетіп бара жатқан адамға әйтеуір бір әрекетпен жан жалдау керек қой. Ал мұндай операцияны Ұлттық қауіпсіздік комитетінде жауапты қызметтерді атқарып, тыңшылық тәсілдің қыр-сырын жақсы меңгерген Рахат Әлиевтің көмегінсіз істеу мүмкін емес. Ал, мұнайшылар ереуілінен ши шығару арқылы өзінің бұрынғы бажасының репутациясына да соққы беру Әлиевтің жоспарында болды ма, жоқ па, оны тап басып айту қиын.
Келімбетов, Жақсыбеков, Марченко...
Кәрім Мәсімовтың сайлаудан кейін орнынан кету-кетпеуі дәл қазір екіұшты. Бір жағы елде тұрақтылық орнағанша Мәсімов үкіметінің мұрты бұзылмаған күйі жұмыс істей беруі мүмкін. Бір жағы оның бір орында алты жыл бойы отыра беруі де қисынсыз сияқты. Ол сайлаудан кейін министрліктердің біріне кетуі немесе келер жылдан бастап жұмыс істей бастайтын Бірыңғай экономикалық кеңістіктен жауапты қызмет алуы мүмкін. Егер солай болған жағдайда Үкіметті кім басқарады?
Дәл қазір премьерлікке ыңғайы келіп тұрған үміткерлердің қатарында Қайрат Келімбетовты атауға болады. Қызметтік жолында Президент әкімшілігінің жетекшісі, «Самұрық-Қазына» қорының төрағасы, биылдан бастап Экономикалық даму және сауда министрі қызметінен атқарып отырған Келімбетовті енді премьерлік креслодан көрініп қалсақ, оған таңқалуға болмайды. Келімбетов президентке мейілінше жақын тұлға. Тіпті 2001 жылы «Қазақстанның демократиялық таңдауы» оппозициялық қозғалысын құрып, 2002 жылы «Ақжол» партиясына мүше болуы да Келімбетовтың карьерасына кедергісін тигізе алған жоқ. Елбасы оған бұдан кейін де сенім артып, жауапты қызметтерді тапсырған.
Екінші үміткер-- Әділбек Жақсыбеков. Астана қаласының әкімі, Индустрия және сауда министрі, Президент Әкімшілігінің басшысы, Қазақстанның Ресейдегі елшісі болған ол мамандығы экономист екендігіне қарамастан Қорғаныс министрі қызметінен атқарып отыр. Қаржы дағдарысының төбе көрсетіп қалғанын ескерсек, Үкіметке барлық салада ысылған осындай кәнігі маманның келуі әбден мүмкін.
Қаржы дағдарысы демекші, Ұлттық банктің төрағасы Григорий Марченкодан аса мықты қаржыгер. Биыл мамыр айында Минскіде өткен ТМД елдерінің үкімет жетекшілерінің отырысында Марченко мерзімінен бұрын отставкіге кеткен Халықаралық валюта қорының төрағасы Доминика Стросс-Кананың орнына ТМД-дан ұсынылған жалғыз кандидат болғанын білеміз. Өзге ұлттың өкілі екендігіне қарамастан Марченко да министрлер кабинетін басқарып қалуы мүмкін. Елбасының соңғы кездері Ресей, Беларус мемлекеттерінің басшыларымен қарым-қатынастары күшейуі, жүргізіп жатқан келіссөздері тым тереңдей бастауы осыны аңғартады.
Әрине, мұның бәрі де болжам ғана. Сайлаудан кейінгі сценарийдің қалай өрбитінін уақыт көрсетеді.
Мұрағаттан, 23.12.2011 ж