Илхам ИБРАГИМОВ, тележүргізуші: «Фобия» - қорқынышты бағдарлама болмақ»

Screenshot_12.jpg

- Тележурналистикада өзіндік колтаңбасы бар журналистсіз, Астанаға қызмет ауыстырғанда «өсіп кетті» деп едік, Шымкентке, «Отырар» телеарнасына қайта оралдыңыз...

- Осыдан тура екі жыл бұрын Астанаға "Жетінші арнаның" шақыртумен ауысқаным рас. Осы уақыт аралығында телевизия саласында тағы да шыңдала түстім деп айта аламын. Елдегі қазақ тілді бағдарламалар ішінде рейтингі ең жоғары "Нысана" бағдарламасында жұмыс істеу маған үлкен тәжірибе алаңы болды. «Отырарға» оралсам да әлі күнге дейін көрермендер "Нысанадағы" "Ілмек" туралы тынымсыз сұрап жатады. Демек, Илхам Ибрагимді елге танытқан осы жоба болды деп айтуға болады. Бірақ, өзіңіз айтпақшы, «өсіп кетті» деген жігіттің аяқасты ауылға қайтуына тура келді. Оның, әрине, бірнеше себептері бар. Олардың ішіндегі ең негізгісі - ауылда жалғыз қалған ата-анамның ахуалы болды. Оның үстіне отбасы құрғым келді. Дәл осы сәтте Республикалық арналардың бірінен жақсы ұсыныс түсті. Егер осы ұсынысты қабыл алар болсам, ата-анамнан жырақ кетпеуге де мүмкіндік туады екен. Сол себепті де Астанамен қоштасуға тура келді. Қазір, ата-анамның алдында, жарымның жанындамын. Республикалық арнадан да ажырап қалған жоқпын. Көрермендермен өзім түлеп ұшқан «Отырар» телеарнасында да жолығып жүрмін. Басқаша айтқанда, арба да сынбады, өгіз де өлген жоқ. Астанада жүрген кезімде мен үшін жүрегіме ең жақын ән – Заттыбек Көпбосынов шырқайтын "Ауылға кеткім келіп тұрады" әні болды. Өйткені, туған ауылға, ата-анаңа, бауырларыңа деген сағыныштың жөні бөлек екен. Мен осыны шынайы сезіндім. 

 - Білуімізше, сіздің ұлтыңыз өзбек. Мемлекеттік тілді білуге деген құмарлық бала кезден пайда болған қызығушылық па, әлде мәжбүрлік үйретті ме?    

 - Шыны керек, менің қазақ тіліне деген қызығушылығымды оятқан - телевизия.  Мектеп қабырғасында жүргенде қазақшам өте нашар болатын. Әріптерді де ажырату қиын болды. «Қазақ тілі» дәптерімде "екі" деген бағалар қып-қызыл болып менмұндалап тұратын. Жаңылмасам, тоғызыншы сыныпта болу керек, жергілікті телеарнаға кездейсоқ келіп қалдым. Қазақша бір мәтінді оқу керек болды. Оқыдым. Эфирден қазақша сөйлеген даусымды есітіп, төбем көкке жеткендей болды. Осыдан кейін қазақ тіліне деген қызығушылығым күрт артып, аз уақыттың ішінде-ақ үйреніп алдым. Ендеше, қазақ тілін мәжбүрлікпен емес, қызығушылықтың арқасында үйрендім деп айта аламын. Айтқандай, қазақ тілі пәнінен мүлдем нашар оқыған мен мектепті үздік аттестатпен тәмәмдап, ұстаздарды таң қалдырғаным бар. 

- Жаңа бір сөзіңізде республикалық арнадан ұсыныс түсті дедіңіз, ол қай телеарна? 

- «Ел Арна» телеарнасының ұсынысымен сонда ауыстым. Мені "Нысана" бағдарламасынан көрген "Ел Арнаның" продюсері Толқын Сейдоллақызы өз командасына шақырды. Отандық телеарнадағы танымалдығы жоғары тұңғыш реалити-шоу болған "Шіркін Live" жобасының авторы, Толқын Сейдоллақызы "Фобия" деп аталатын реалити-шоуды эфирге шығарғалы жатырмын, сені жүргізуші ретінде таңдадық» деген ұсынысын білдіргенде бірден келістім. Жаңа жобаның түсірілімі басталып та кетті. Бұйыртса, бұл да көрермен көңілінен шығатын реалити-шоу болады деген ойдамыз. 

- «Фобия» қандай бағдарлама болады?

          Фобия - аты айтып тұрғындай, қорқынышты бағдарлама болады. Біз елдегі танымал деген тұлғалардың өз қорқынышымен өзі қалай күресетінін бағдарлама барысында көрсететін боламыз. Мен сізге аздаған құпияны ашайын. Қатысушылар арасында әнші Жанар Айжанова, Меруерт Түсіпбаева сынды апаларымыз бар. Шығармашылық топ бойжеткендер аудиториясын да ұмытқан жоқ. Ең танымал топтардың әнші жігіттері де Фобияға қатысып, өздерінің шынайы бейнелерін көрсететін болады. Жыландармен алысып, тамаққа түскен таракандармен бетпе-бет келеді. Сахналарда, тойларда ән айтып немесе театрдың таза сахнасында ғана жүретін, эфирде отыратын азаматтарды біз ең лас жөртөлеге түсіріп, сынақтан өткіземіз. Ал көрермендер болса бірде күліп, бірде жылайтын болады. Бұл шоу ақпан айының алғашқы күнінен бастап эфирге жол тартпақ.

"Отырар" телеарнасында да жаңа жобамды ашу жоспарымда бар. Ол да атышулы бағдарламалардың бірі болуы тиіс. Алдағы мерекелердің бірінде оңтүстіктің телевизиясында ақпараттық "жарылыс" жасаймыз. 

- Жарым жанымда деп қалдыңыз. Бағы жанған бойжеткеннің есімі кім?

-  Есімі Наргиза. Орыс тілі пәнінің мұғалімі. Менің журналистикадағы тұсауымды кескен «Сайрам ақшамы», қазіргі «Елнұр ТВ» телеарнасында жаңалықтар жүргізушісі болып жұмыс істейді. Мен оның емес, ол менің бағымды жандырды деп ойлаймын. Себебі, Наргиза мен сияқты жұмысбасты, тек жұмысын ғана сүйетін жігітті ғашық етті. Енді менің махббатым екіге бөлінді: бірі - жұмыс, бірі – отбасым. 

- Әңгімеңізге рахмет!

Мұрағаттан: 17.01.2013


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Әлемдегі ең үлкен энциклопедиялық сөздік
  • Әлемдегі ең қымбат кітапты Билл Гейтс қаншаға сатып алды?
  • Әлемде қай жазушының кітабы 2 млрд. данамен тараған?
  • Әлемдегі ең ауыр кітап жинағы қай мемлекетте?
  • Әлемдегі ең «ақылды» көпір
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: