Күздің салқын кешінде атқа қонған жолаушы Самарқаннан шығып, алыс сапарға бет алды. Бағыты Мекке, ниеті қажылық парызын өтеу. Бірақ қаладан ұзаған оны соңынан бір топ нөкерлер қуып жетіп, ханның жарлығы бойынша алыс сапарға тыңғылықты даярлану үшін жақын жердегі қыстауға аялдауын сұранды. Ханның бұл шешіміне жолаушы қатты ашуланды. Дегенмен амалы құрыған ол жақын жердегі қыстауға ат басын бұрып, осындағы бір үйге түсуге мәжбүр болды. Нөкерлерге от жағып, тамақ әзірлеуге тапсырма берді. Кенет жағылған оттың ұшқыны тиген оның шапаны лаулай жөнеледі. Үстіндегі отты өшірген ол «Сен де бірдемені сездің бе?» деді. Болған оқиғаны жолаушының жаман ырымға балағанын нөкерлер де түсінді. Бірақ олар сыр білдірмей оны сабырға шақыруға тырысты.
1449 жылдың қазанында болған осы оқиғаны суреттеген тарихшының жазуынша, аздан кейін нөкерлер жолаушыға тосыннан тап береді. Оны сыртқа сүйрелеп алып шығып, өзен жағасына алып келеді. Осы жерде Аббас деген жігіт жолаушының басын қылышпен шауып түсіреді. Қапияда жендеттің қолынан қаза тапқан шығыстың атақты ғұламасы Ұлықбек болатын. Ол осылайша 56 жасында Самарқанның билеушісі Әбдел-Латиф жіберген жендеттің қолынан қаза тапты. Әбдел-Латиф Ұлықбектің өз кіндігінен туған ұлы болатын.
Ұлықбек 1394 жылдың 22 наурызында дүниеге келген. Тарихи деректерге қарағанда, ол атасы Әмір Темірдің үшінші ұлы Тимур Шахрурхтан туған. Толық аты-жөні Мұхаммед Тарағай Ұлықбек. Бала кезінде ол ақын әрі ғалым Ариф Азаридің қолында тәрбиеленді.
Ұлықбектің әкесі Шахрух билік етіп, кезінде ғылым үшін үлкен қайырымды істер жасаған кісі. Ұлықбектің жастайынан поэзияға, астрономия мен математикаға құмар болып өсуіне әкесінің осы қайырымдылығының септігі тиген. Шахрух өз заманында Самарқандағы аса бай кітапхананың ашылуына зор себепші болды. Ұлықбек осы кітапханада Платон, Аристотель, Птоломей сияқты ежелгі грек ғалымдарының классикалық еңбектерімен танысты. Сонымен қатар, ол өзінен бұрын өмір сүрген Орта Азияның көрнекті оқымыстылары Хорезми, Фараби, Ферғани, Бируни, Ибн Сина, Насреддин әт-Тусилердің негізгі еңбектерін жақсы білген.
Ұлықбек билікке 15 жасынан араласа бастады. Ол Мауреннахрдың билеушісі қызметіне кіріседі. Айта кетерлік бір жәйт, Қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында жатқан көне Отырар, Тараз қалалары осы жылары Ұлықбектің еншісіне тиген еді. Сарай төңірегіндегілер Ұлықбектің әскери қызметке, дипломатиялық өнерге деген құмарлығын арттыруға бар күшін салып бағады, оның ғалым емес, ата жолын қуушы әмір болуын көздейді. Бұл ықпалдан шыға алмаған Ұлықбек алғашқы жылдары бірсыпыра жорықтарды басқарып, олардың кейбірін сәтті аяқтап жүреді. Ол ел басқарушылық және әскери талантының бар екенін танытады. Бірақ Ұлықбектің өнер-білімге деген іңкәрлігі күн асқан сайын күшейе түседі. Ол қаңқұйлы соғыстардан гөрі әлем сырын ашып, оның құпиясын білуге ынтығады.
Аңыздарға қарағанда Ұлықбек ғылымға деген еркше ықыласымен танылған. Әсіресе, оның есте сақтау қабілеті адам таңқаларлық болған. Аңға шығуды жақсы көретін ол аңшылықтан алған әрбір олжаларын үнемі жаздырып жүреді екен. Бірде осы жөніндегі жазба жоғалып кетеді. Ұлықбек ойланып отырып, өміріндегі аңға шыққан уақытын және алған олжаларын есептеп, қайта жаздыртады. Ұзамай жоғалған жазба қайта табылады. Салыстырып көргенде екіарада пәлендей айырмашылық табылмапты. Ұлықбекті аспан денелерінің қозғалысын да дәл есептеп шыққан. Оның есептуінше, жыл 365 күннен, 6 сағаттан, 10 минут, 8 секундттан тұрған. Қазір астрономдар Ұлықбектің тек 58 секундтқа ғана қателескенін дәлелдеп отыр. Бүгінгідей аспан денелерін бақылайтын заманауи қондырғылар жоқ 15 ғасырда мұны дәл есептеу шығу тек Ұлықбектің ғана қолынан келді.
Ұлықбектің мемлекеттік қайраткер ретінде істеген ең ірі жұмысы - Самарқанда аса зор астрономиялық обсерватория салдыруы болды. Бұл Ұлықбектің ғылым мүддесін көздеп, болашақ үшін жасаған үлкен ерлігі болып саналады.
Жасы ұлғайған соң Ұлықбек биліктен кетіп, уақытын тек білімге арнады. Осы кезден бастап оның биліктегілермен, діндарлармен арада қырғиқабақтық басталады. Ұлықбектің ғылымға өте беріліп кетуі, прогресшіл еркін ойлары, ғалымдарды бәрінен де жоғары қоюы мұсылман дін басшылары арасында қатты наразылық туғызды. Олар Ұлықбекті райынан қайтарып, ғылымнан бездіргісі келеді, үгіттейді, атасы мен әкесін үлгі етеді. Алайда Ұлықбек ғылымды тастай алмайды, ол: “Дін тұманша сейіледі, патшалық жойылады, ал ғылыми еңбек мәңгі бақи сақталады” деді. Өкінішке қарай, Ұлықбектің ғылымға деген қызығушылығы оның ұлы Әбдел-Латифке дарымаған екен. Ол керісінше билікқұмар, қатыгез адам болды. Осы қылығы үшін әкесі екеуі жиі жанжалдасты.
Өмірінің соңғы жылдарында Ұлықбек ұлының пайдасы үшін тақтан бас тартты. Бірақ Әбдел-Латиф мұнымен тоқтаған жоқ. Ол әкесінің көзін жоюдың амалын кірісті. Ұзақ айтыс-тарыстан кейін Ұлықбек өзінің тым еркін ойлары үшін сот алдында жауап беруіне тура келді. Сотта Ұлықбек Самарқанда қалып, ғылыммен айналысуға рұқсат сұрады. Бірақ сот оған күнәсін жуу үшін Меккеге қажылықа баруы тиіс деген кесім айтты. Бірақ осы сапарына аттанған бойда ол өзінің ұлы жіберген жендеттің қолынан қаза тапты. Кейбір деректерге қарағанда, оның басын кесіп алған Аббастың әкесі бір кездері Самарқанның билеушісі болған Ұлықбектің үкімімен өлім жазасына кесілген екен. Ол әкесінің кегін осылай қайтарды.
Ұлықбек өлгеннен кейін әсіре діншілдер оның салдырған обсерваториясын талқандап, кітаптарын талан-таражға салды. Ұлықбек мектебінің белсенді өкілі әл - Құсшы Меккеге тауап қылуды сылтау етіп, ең басты ғылыми еңбектерді шет елге алып кетпегенде, Ұлықбектің астрономиялық мектебінің тамаша жетістіктері жайлы ғылым ештеңе де білмеуі мүмкін еді. Әл-Құсшы кейіннен Ұлықбектің еңбектерін Стамбулда жарыққа шығарды.
Тарихи аңыздарда былай дейді: 1450 жылдың мамырында әкесін өлтірткен, сонымен бірге тақ үшін бауырының да қанын төккен Әбдел-Латиф түсінде ыдысқа салынған өзінің басын көріпті. Оянған бойда ол мұны жаман ырымға балап, Низамидің кітабы арқылы сәуегейлік жасауға кіріседі. Кітапты ашқан оған «Әкесін өлтірген қанышерге патшалық тақ бұйырмайды. Бұйырған күнің өзінде ол аты айдан аспайды» деген жолдар түсіпті. Арада бірнеше күн өткенде қанышер Әбдел-Латиф сарай төңкерісі кезінде қастандықпен өлтірілді.
Ұлықбектің сүйегі Самарқандттағы Гөр-Әмір кесенесіне жерленді. 1940 жылы кеңес археологтары оның моласын ашып зерттеген. Зерттеу барысында қабірдің бетіндегі құлыптаста әкесін өлтірген Әбдел-Латифқа лағнет айтылған жазу бар екені анықталып, Ұлықбектің басы тірі кезінде өткір затпен кесіп алынғаны дәлелдеді. Атақты кеңес антропологы М. Герасимов осы бас сүйегі бойынша Ұлықбектің бейнесін жасап шығарды. Гөр-Әмір кесенесінен мәңілік тыныштық тапқан барлық тимуридтердің ішінде Ұлықбек қана киімімен жерленгені осы қазу жұмыстары кезінде белгілі болды. Өйткені ислам түсінігі бойынша жазықсыз азаптаумен өлтірілген шейіттер осылайша киімімен жерленетін еді.