--Құралай апай, соңғы кездері сахнаға көп шықпай кеттіңіз. Өзіңіздің әндеріңзді жақсы көретін тыңдармандарға айтар қандай жаңалығыңыз бар?
- Жеке шығармашылық ән кешіме дайындалып жүрмін. Оны Шымкент, Алматы, Астана қалаларында берсем деген ойым бар. Жергілікті әкімдік қаражат жағынан көмектесеміз деген болатын... Бірақ әлі дайын емес сияқтымын. Сондықтан кештің қашан болатынын нақты айта алмаймын.
Ал сахнаға көп шықпай кеткенім рас. Соңғы жылдары ән жазумен көбірек айналысып жүрмін. Республикалық байқауда лауреат болған Асан қайғының сөзіне жазылған «Аталар аманаты» деген әнім бар еді. Қазір сол әнді қайта өңдеп жатырмыз. Одан кейін жас шәкірттерімді өнерге баулып, түрлі конкурстарға дайындап, қанаттарын қатайтып жүрген жайым бар. Жақында «Аппақ гүлдер ұсынып» деген атпен үнтаспам жарық көрді.
- Әр әннің шығу тарихы бар. Сіздің «Аппақ гүлдер», «Алтынай», «Ару ана», «Сені көргім келеді», «Елім аман» әндері халыққа кең тарады. Осы әндердің шығуы тарихына тоқтала кетсеңіз?
--Жалпы шығармашылық жолымда 150-ден астам ән шығарыппын. Оның 11-іне бейнебаян түсірілген. Көп әндерім орындаушысын әлі тапқан жоқ.
Ең алғаш шығарған әнім Ақұштап Бақтыгерееваның сөзіне жазылған «Бір хатқа жауап» деген ән еді. Шымкентте 1973 жылы тұңғыш Вокалды-аспаптық ансамбль құрылған болатын. Сол ансамбльдің алғашқы әншісі болып қабылданған едім. «Бір хатқа жауап» осы ансамбльде біраз уақыт айтылып жүрді. Сол кездегі «Цементшілер» Мәдениет сарайында болып тұратын би кештерінде орындалатын. Содан кейін «Туған жерім», «Арман әнім», «Аппақ гүлдер», «Алтынай», «Сені көргім келеді», «О, гитара» секілді әндерім шықты.
«Аппақ гүлдердің» сөзін жазған Қуаныш Төлеметов ағамыз өкінішке орай, қазір арамызда жоқ. Ол нағыз өнердің жанашыры болған азамат еді. Бірде мені кабинетіне шақырып «жас кезімде жазған өлеңдерімді оқып көрші» деді. Содан «Сезім гүлі» деген өлеңге көзім түсіп, оған ән жаздым. Кейіннен «Аппақ гүлдер» деген атпен халыққа тарап кетті. Ол әнді алғаш рет әпкем Қарлығашпен бірге орындадым. Қуаныш ағамыздың сөзіне жазылған тағы төрт-бес әнім бар. Ал, «Алтынай» әні қырғыз қызы Алтынайға арналған. Белгілі ақын Ханбибі Есенқарақызы 1991 жылы Қырғызстанға қырғыздың Құрманжан Датқа деген батыр қызының 150 жылдық мерейтойына барады. Оны Алтынай есімді келіншек күтіп алып, бірнеше күн жанында жүрген екен. Ақынмен біраз уақыт бірге болып, бауыр басып қалған Алтынай қоштасар сәтте қимастықпен көзіне жас алып қалған көрінеді. Ханбибі елге оралған соң Алтынайға арнап өлең жазып, оны маған ұсынды. Көп ұзамай оған ән жаздым.
Қытайдың Үрімжі қаласында «Қазақстан» деген мейрамхана бар екен. Сол жерде «Аппақ гүлдер» мен «Алтынайды» Қытайдағы қазақ әншілері үнемі орындап жүреді деп естимін.
- Әндеріңізді әншілерге өзіңіз ұсынасыз ба, әлде өздері сұрап жата ма?
- Көп жағдайда әншілердің өздері Республиканың түкпір-түкпірінен хабарласып, сұрап жатады. Өтініштерін жерге қалдырмауға тырысамын. Бірақ, кейде әнімді берген соң, олардың орындауына көңілім толмай жататын кездер де болды. Әннің бағын ашатын әнші. Сондықтан әнімді бермес бұрын әншінің дауысына баса назар аударамын. Оның табиғатына, дауыс диапазонына сай келе ме деген сұрақтар жиі мазалайды. Негізі әр әнші репертуарын таңдағанда, өзінің дауыс шамасын білуі керек. Әншілерге «әнді нотасын бұзбай айтуды өзімнен үйреніңдерші» деп жиі айтып отырамын.
--Қазір Шымкентте той бизнесінің көрігі қызып тұр. Әншілердің көпшілігі күндіз сахнада, түнде тойда жүреді. Сіздің бұған деген көзқарасыңыз қалай?
- Тойға барып, ән айтқан да жақсы. Ол да бір сахна. Баяғы сал-серілеріміз де дүбірлі тойларда өнер көрсетті емес пе?! Бірақ қазіргі тойларда «өтірік» әншілері көбейіп кетті. Бір-екі әнді таспаға жазып алады да, барлық тойда соны айтып жүре береді. Ақшасы төленсе болды. Өнерге деген адалдық жоғалып барады. Бұл мәселені барлық жерде айтып жүрміз. Қолдан келгенше жас өнерпаздардың қателіктерін айтып, түзетуге тырысып жүреміз. Бұрын «көркемдік кеңес» деген болатын. Кеңес әндердің, әншілердің тек шынайыларын ғана іріктеп, халыққа ұсынатын. Егер бұрынғыдай «көркемдік кеңес» құрылса, халық радио, телеарналар мен концерттік қойылымдарда нағыз таланттарды ғана көретін еді. Қазір оны қадағалап, қолға алатын құзырлы мекеме болмай тұр.
- Кейінгі жылдары әннің саудасы да қыза бастаған сияқты. «Пәлен ән, түген ақшаға сатылыпты» деген әңгімелерді естіп жатамыз. Сіз де әндеріңізді сатасыз ба?
- Бұрындары әндерімді сатқан емес едім. Бірақ заманға қарай кейінгі кездері сатуға тура келіп жүр. Әнді шығарған соң оған аранжировка жасау керек. Ол әрине, үлкен қаражатты қажет етеді. Алматылық сазгерлер әндерін 4000-10000 доллар аралығындағы бағаға сатады екен деп естіп жатамыз. Менікі одан берірек. Сәті келіп жатса тегін беруге де болады. Бірақ мен үшін халықтың бағасы, ықыласынан артық ештеңе жоқ. Қай жерге концертке, қонаққа барсақ та құшақ жая қарсы алып, қошеметтерін білдіріп жатады. Жуырда облыстың 80 жылдығына байланысты облыс әкімі арнайы медаль және «облысқа сіңірген еңбегі үшін» деген төсбелгімен марапаттады. Түркияда өткен «Арт олимпиа» атты Халықаралық конкурста 10 жасар Сәтдәулет Сүлейменов деген шәкіртім қатысып, I орын алды. Жалпы былтырғы жыл мен үшін табысты болды.
- Қазақстандағы шоу-бизнес туралы не айтар едіңіз?
- Қазақстанда шоу бизнес енді дамып келе жатыр. Бізбен салыстырғанда Ресейдің музыкалық қойылымдары көш ілгері. Бірақ оларда батыстан үлгі алады ғой. Бұрынғы әндердің тәрбиелік мағынасы бар еді. Қазір не болса соны ән қылып шығара беретін болды. Мен қырғыздардың ән мәтіндеріне риза боламын. Небір мәнді, мағыналы, сирек айтылатын сөздерді қолданады. Біздің де әндеріміздің мәтіндері сондай болса.
Өнерпаздарымызды сахнадан ұлттық нақышта көргім келеді. М.Әуезов бір шығармасында «Күләш Байсейітова сахнаға шыға келгенде, басына киген үкілі бөркімен, қос етек көйлегімен, оюлы камзолымен, әсем дауысымен бүкіл сахнаны толтырып жіберетін» деп жазған. Ал бүгінгі әншілердің артында топырлап бишілер жүреді. Топпен айту деген модаға айналып кетті. Әнші деген жеке шығып өзін, дауысын, талантын көпшілікке көрсетуі керек. Бір байқағаным қазақта баритон (ер адамның орташа жуан дауысы) деген дауыс азайып бара жатыр. Дәстүрлі әншілердің қатары сиреді. Арзан дүниелерден халық жалыға бастады. Сондықтан қазақ шоу-бизнесіне жаңа толқын, жаңа стиль керек деп ойлаймын.
- Ашық-жақын әңгімеңізге рахмет! Сізге шығармашылық табыс тілейміз!
Мұрағаттан: 17.01.2013