Сұр балапан расында ұсқынсыз еді. Жемді көбірек жегендіктен басқа балапандарға қарағанда тез өсіп кетті және ебедейсіздеу болды. Бауырлары да онымен ойнағысы келмеді. Ұсқынсыз балапан қатты қамығып, өзін жалғыз сезінді. Анасы оны жұбатпақ болып:
– Кішкентайым-ау, сен неліктен мұндай болдың екен, қалайша басқаларға ұқсамайсың? – деген сайын өзін одан бетер жаман сезінді. Түнде басқаларға білдірмей жылап алатын.
– Ешкім мені жақсы көрмейді, бәрі мені ызаландырады. Неге мен бауырларыма ұқсамаймын? – деп қайғырды ол...
(Ханс Андерсенның «Ұсқынсыз үйрек балапаны» (Гадкий утенок) ертегісінен).
«Ұсқынсыз үйрек балапаны», «Қар ханшайымы» сияқты бүкіл адамзатқа мәлім, барлық баланың қиялын қозғап, өзіне еліте түскен ертегілердің авторы, дат жазушысы, Ханс (Ганс) Андерсеннің өмірі ертегілеріндегі кейіпкерлеріне қатты ұқсайтын. Оның өмірінде ертегідегідей қилы кезеңдер де, сонымен бірге жарқын сәттер де аз болған жоқ.
Андерсен 1805 жылы Данияның Оденсе деп аталатын қаласында дүниеге келген. Бірде жергілікті көріпкел Ханстың анасына ұлының болашақта атақты адам болатынын, Оденсе қаласында оның құрметіне отшашулар берілетінін айтады. Бірақ анасы бұл сәуегейлікке езу тартқаннан басқа ешқандай жауап қайырмайды. Себебі бала Ханстың алдында оның өмірін жарқын етерліктей бақыт күтіп тұр дегенге сену қиын еді ол кезде. Андерсен деген фамилиядағы «сен» деген жалғаудың өзі-ақ оның өте қарапайым отбасыдан шыққанын білдіретін.
Кедейліктің қамытын киген оның отбасының дені дұрыс баспанасы да болмады. Әкесі етікшілікпен айналысты, анасы кір жуушы болатын. Ал жұрт «алжыған» деп атайтын атасы ағаштан түрлі қуыршақтарды жасаумен күн өткізетін. Бірақ Ханс Кристиан қарапайым отбасыдан да ұлы адамдардың шығатынын дәлелдеді.
Балалық шағында Андерсен өте тұйық болды. Бір бұрышта отырып алып, қуыршақпен ойнаудан басқаға қызықпайтын. Ол өте қорқақ, өзін өте қорғаныз сезінетін, болар болмас нәрседен күдіктенетін, ескертудің өзін жүрегіне ауыр алатын әсіре сезімтал еді. Ол кездері Данияда мектептегі шәкіртті дүрелеп жазалау қалыптасқан үрдіс саналатын. Осыны білетін Ханс мектепке барудан қатты қорқады. Сондықтан анасы оны еврей мектебіне берді.
Ол ұсқынсыз болатын. Сыртқы келбеті өзгелерге ұқсамайтын еді. Әсіресе, ұзын мұрны, жіңішке мойны, өте арықтығы, ебедейсіздігі оны алабөтен ерекшелеп тұратын. Мектепте оқып жүрген кезінде қатарластары оны осы үшін мазақтап күлетін. «Сен де атаң сияқты алжыған қақпас боласың» дейтін.
Андерсен ұсқынсыздығымен қоса қырсық, бірбеткей мінезі де болатын. Сіңірі шыққан кедей отбасыдан шыққанына қарамастан оның көкейіндегі арманы таудай еді. Ол болашақта атақты болатыны, тіпті астанадағы корольдік театрды мойындатыны туралы айтудан жалықпайтын. Күндердің күнінде сол мақсатына жету үшін Андерсен ақша жинап, Копенгагенге аттанады. Ол корлдік театрға тұру үшін танымал азаматтардың қолдауына арқа сүйеуіне тура келеді. Сол үшін ол астанадағы беделі бар бір баспахананың егесіне барады. Ол Андерсенге мүсіркей қарап: «Сен одан да қолөнерді меңгеру үшін оқуға түссең қайтеді», деп ақыл айтыпты.
-Бұл мен үшін кешірілмес күнә болар еді,--деген екен сонда Андерсен. Баспахана қожайыны оған королдік театрдың атақты балеринасы Анне Шальге баруға кеңес береді. Бірақ ол Андерсенді есуас адамға санап, үйінен қуып шыққан.
Ханс Андерсеннің бір қасиеті—оның даусында керемет мәнер болатын. Оның осы ерекшелігіне бола корольдік театр ақыры оны қызметке қабылдайды. Бірақ сахнада азын-аулақ ролдерді ойнап жүрген оны көп ұзамай-ақ жұмыстан шығарып жібереді. Театрдан күдерін үзген ол енді алғашқы пьессаларын жаза бастаған. Оны кітап етіп басып шығару үшін Данияның королінен қаржы сұрайды. Король оның бұл өтінішін жерге тастамайды. Бірақ баспадан шыққан кітап оқырман арасында оншалықты сұраныс тудырмайды. Ханс Андерсен енді пьессаларын сахнада қою үшін театрларды төңіректегенімен, ондағылар оны есігінен де сығалатпайды. Осындай мазасыз күндердің бірінде таныстары Андерсенге білімін жетілдіру туралы ұсыныс айтады. Бұл оған деген аяныштан туған ұсыныс еді. Тіпті, таныстары осы жөнінде королдің өзіне де өтініш жолдайды. Король Фредерик VI бейшара Андерсенді аяп, оған қазынаның есебінен Слагельсе қаласындағы мектепте оқуға рұқсат етеді. Андерсен өзінен 6 жас кіші шәкірттермен бірге білім алады. Кейіннен өзінің естеліктерінде ол мектепте оқыған жылдары өмірінің ең қиын кезі болғанын, оқу орнының ректоры жиі сынға алғандықтан оның бейнесі қиялында тым әсерленіп, тіпті түсінде оны көріп шошып оянатын дәрежеге жеткенін жазған. 1827 жылы 22 жасында мектепті толық аяқтағанымен Андерсен өмірінің соңына дейін қатесіз жазуды үйрене алмай-ақ қойды.
Атақшы ертегіші ешқашан үйленген жоқ. Оның отбасы құрып, жар сүймеуіне тек сыртқы келбеті ғана емес, ынжықтығы да әсер еткен сияқты. Ол ғұмырына бірнеше мәрте ғашық болып көрді. Бірақ оның барлығы іштей тұншығып қала берді. Андерсен Йенни Линд деген атақты әншіні өлердей сүйді. Бірақ ол Андерсенді атақты жазушы ретінде ғана жақсы көрген.
Ешкімге ұқсамаған Андерсеннің фантазиясы оның күнделікті тіршілігіне де кері әсер еткен. Ол әсіресе, қараңғыдан қорқатын, қызығы сол, тірідей көміліп қалудан өлердей үрейленген. Сондықтан ұйықтар алдында өзінің өлмегенін, жай ғана ұйықтап жатқаны жөнінде тілхат жазып, оны үстелдің үстіне қоюды ешқашан ұмытпаған. Ол өзінің атына сын айтылса, терісіне сыймай ашуланатын. Кездесе кеткен жердің бәрінде осы жөнінде шағымданып, таныстарының мазасын кетіретін.
1829 жылы Андерсен өзінің алғашқы ертегілерін жариялай бастады. 1933 жылдардан кейін оның есімі атақты ертегіші ретінде бүкіл Еуропаға тарады. Жазған ертегілері үшін король тарапынан қомақты ақша алып, шетелдерге шығуға мүмкіндік алды. Шығармашылық шабыты шалқыған Андерсеннің кітаптары бірінен- кейін бірі шығап, ол әлем әдебиетінде мәңгі өлмес тұлғаға айналады. Көпшілік оны «балалар жазушысы деп атағанымен, бұл Андерсеннің өзіне мүлдем ұнамайтын. Балалар оның ертегілерін жақсы көргені соншалықты Андерсенді көшеде танып, әңгімелесуге құмартатын. Бірақ Андерсенге ол да ұнамады. Ол ертігелерін балаларға емес, ересектерге арнап жазғанын айтумен болатын.
Х.Андерсен көзі тірі кезінде өзіне қойылатын ескерткіштің жобасын көріп, оған сын-ескертпелерін айтып кеткен жазушы. Мүсінші алғашқыда өзін қоршап алған балаларға ертегі оқып отырған Андерсенді бейнелегісі келген екен. Бұл жазушының өзіне мүлдем ұнамайды. Ақыр аяғында балалардың бәрін алып тастап, тек кітап оқып отырған Андерсенді ғана қалады.
1872 жылы Андерсен кереуеттен құлап қалып, қатты мертігеді. Осы жарақатынан кейін ол үш жыл бойы төсек тартып жатып, 1975 жылдың 4 тамызында қайтыс болды. Өмірінің соңында ол «Менің өмірімнің ертегісі керемет аяқталды. Зұлымдық мейірімділікке, қайғы-қасірет қуанышқа айналды...Мен жұлдызым биік жаралған жан екенімді мойындаймын» деп жазды. Ғұмырында келеке-мазақты, қорлық пен азапты көп көрген Андерсен ақыр түбі бәрін мойындатты. «Ұсқынсыз үйрек балапаны» туралы ертегідегідей болды бәрі де.