Мырзахметов үшінші...

Screenshot_5.jpg

Сарапшылар алдағы уақытта облыс әкімінің қызметі өсуі мүмкін дейді

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың өткен жылы саяси салмағы, танымалдылығы артқан. Жауырынға қарап бал ашатын сәуегейлер алдағы уақытта облыс әкімінің қызметі жоғарылауы мүмкін дейді. 

Жуырда «Саясат-Monitoring» тобы интернеттегі сайтында  2012 жылдың қорытындысы бойынша облыс және Алматы, Астана қалалары әкімдерінің рейтингісін жариялады. Рейтингті түзушілердің жазуынша,  төрт көрсеткіш бойынша жасалынған нәтижелер сарапшылардың, әлеуметтанушылардың, журналистердің, соның ішінде жергілікті жерлердегі мамандардың жасаған сауалнаманың негізінде шығарылыпты. 

Рейтингте Астананың әкімі Иманғали Тасмағамбетов 11,7 баллмен бірінші орын алды. Сарапшылардың айтуынша, Елорданың мэрі өзіне жүктелген міндеттерді ойдағыдай атқарып келеді. Тіс қаққан кәнігі саясатшы ретінде Тасмағамбетов қайда жүрсе де орнын, салмағын білетін, аспайтын, сонымен бірге сынға да саспайтын тұлға ретінде бағаланыпты. 

Алғашқы үштіктегі қалған екі орынды  Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев(11,5)  пен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов (11,4) иеленді. Бір қызығы, екі әкім де былтыр ерекше бастамаларымен елдің есінде қалыпты. Жыл соңында Б.Сапарбаев Өскеменде Аяз атаның резиденциясын саламыз, Алтайды Аяз атаның отанына  айналдырамыз деп шала бүлінген еді. Бұл әлдебіреулерге ерсі көрініп, ғаламторда әжептәуір пікірталасқа ұласқан. Аяз ата Бердібек Сапарбаевтың беделіне еш  нұқсан келтірмеген екен. Ал, Тәуелсіздік тойы тарқағанша шырша орнатпаймыз деп, алдын ала елге жариялап, тапсырма беріп, сол арқылы әжептәуір бедел жинаған, тіпті, осындай азаматтығы үшін Астанадан шығатын «Халық сөзі» газеті «Жыл әкімі» деген мәртебеге лайық деп тапқан Асқар Мырзахметов үшінші орын алды. Бірақ сарапшылар Асқар Мырзахметовтың үшінші орын алуын оның елді елең еткізген бастамаларымен емес, өткен Мәжіліс сайлауын у-шусыз өткеріп, «нұротандықтарды» даусыз жеңіске жеткізгенімен байланыстырыпты... (Қайта қаңтардағы сайлауда биліктің атынан түскен үміткерлердің қалпақтай ұшуы өзге өңірлермен салыстырғанда Оңтүстікте көп болды емес пе?  Соған қарағанда рейтингті түзушілер облыстың ішкі жағдайына оншалықты қанық болмаған ба деген ой келеді).

 Сарапшылар А.Мырзахметовтың қызметтік карьерасының келешегі туралы да жоғары балл беріпті (4,8 балл). Бұл көрсеткіш бойынша ол И.Тасмағамбетов пен Алматы қаласының әкімі А.Есімовтен кейін үшінші орында тұр. Яғни, алдағы наурызда Оңтүстіктің әкімі қызметінде отырғанына табаны күректей төрт жыл толатын А.Мырзахметов жуық арада жылы орнын суытатын болса, онда жерде қалмайды, Ақордада үлкен креслолардың бірінен көрініп қалуы мүмкін деген сөз. Бірақ бізде үлкен лауазымды қызметтердің тағдырын сарапшылар шешпейді ғой. Сарапшылар тек шамалайды, ал, шешетін...  

Жасыратыны жоқ, өткен ұлу жылында Асқар Мырзахметов өзінің имиджіне ерекше мән берді. Қызметіне алғаш келген жылдары сырт көзге томаға-тұйық, суықтау көрінген әкім кейінгі кездері елмен етене-жақын араласып, республикадан шығатын ақпарат құралдарынан жиі көрінетін болған. Әрине, ел мақтайтындай тірлік болса, мақтанғанға, жариялағанға не жетсін. Облыста былтыр ауыз толтырып айтарлық жетістік аз болған жоқ. Әсіресе, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы  саласында. Желтоқсан айында Елбасының әкімдермен өткен кездесуінде де Оңтүстіктегі атқарылған жұмыстарға оң баға берілді. А. Мырзахметов Елбасының алдында сөз сөйлеу мәртебесіне ие болды. Дегенмен осы жиында Елбасының «Тәуелсіздігімізді жариялағанымызға 21 жыл толды, бірақ кейбір өңірлерде, аудандарда 60-70 жылдықты тойлау белең алып барады, мұны тоқтату керек» деген сөзі дәл осы А.Мырзахметовке қатысты айтылғандай көрінді. Шымкентте Алашорда үкіметінің  95 жылдығына орай конференция ұйымдастыру да облыс әкімінің абыройын асқақтатып тастады. Бірақ сол жиында не әкімнің өзі, не орынбасарларының төбе көрсетпегенін түсіне алмадық. 

Облыста былтыр ана мен бала өлімінің өршігені, бас дәрігерлер мен денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жұмағали Исмаиловтың арасындағы текетірес, сыбайлас жемқорлық қылмыстың артқаны,  біраз өндіріс орындарының түтіні түзу ұшпай, тұралағаны, ал кейбір жобалардан жартымды нәтиже шықпай жатқаны жоғарыдағы мәдени шаралардың қасында елеп-ескереме бермейтін кемшілік ретінде көлеңкеде қалып қойғаны ма?! Әйтеуір, жылт еткенді жарғақ құлағы жастыққа тимей күндіз-түні теледидардан жарнамалап, құрғақ мақтап, құрақ ұшып, барлық тірлікті облыс басшысымен байланыстырып, тіпті «көрегенділік» деп, асыра дәріптеушілер түбі  А.Мырзахметовтың өзін ұятқа қалдырып жүрмесе игі еді.  

Мұрағаттан: 10.01.2013


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Әлемдегі ең үлкен энциклопедиялық сөздік
  • Әлемдегі ең қымбат кітапты Билл Гейтс қаншаға сатып алды?
  • Әлемде қай жазушының кітабы 2 млрд. данамен тараған?
  • Әлемдегі ең ауыр кітап жинағы қай мемлекетте?
  • Әлемдегі ең «ақылды» көпір
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: