Біздіңше идеологияның үлкен-кішісі болмайды. Кішкентай ғана ауылдың, қарапайым ғана бір отбасының да өз идеологиясы бар. Жасыратыны жоқ, біз үшін «идеология» сөзі көбінесе әкімшілік үйіне қатысты айтылатын сияқты. «Әкімшіліктің идеологиялық жұмысы», «әкімнің идеология жөніндегі орынбасары»... Идеология – бұл ғылым саласы емес, бұл -- үлкен күш, үлкен армия, үлкен насихат, үлкен илеу. Облыстың экономика, ауылшаруашылығы, кез-келген саласындағы жетістікті көрсете білу, халыққа жеткізе білу де – идеология. Сол жетістікті көріп, халықтың болашаққа деген сенімі артады. Ал, енді идеологтар дегенде ең алдымен Өзбекәлі Жәнібеков, Жұмабек Тәшенов, Алтынбек Сәрсенбаев, көзі тірілерден Иманғали Тасмағамбетов, Қырымбек Көшербаев, Марат Тәжин еске түседі. Идеолог болу үшін тек сұлу сөйлеу аздық етеді. Идеология саласындағы орынбасарлар көбінесе білім,мәдениет, спорт және ішкі саясат салалары бойынша жетекшілік етеді. Басқа саланың жетекшілері, мысалы, әкімнің экономика жөніндегі орынбасары шотын қағып, ауылшаруашылығы жөніндегісі малын санап, құрылысшысы кірпішін қалап, тасада жүре беруі мүмкін. Ал, идеология жөніндегі орынбасарға тиесілі міндетінен де артылар жүк көп, ол қашанда елдің көз алдында жүруі керек. Сондықтан мұғалім мен өнерпазға жетекшілік ететін кез-келген әкімнің орынбасарын идеолог деп айта алмаймыз. Идеолог орынбасардың жұмысы тек білім мен мәдениет саласының жетістігі бойынша ғана бағаланбауы тиіс. Идеологтың жұмысын тек тың идея, ой мен сөздің өткірлігі, табанды жұмыс қана әрлендірсе керек.
«Оңтүстіктің идеология саласына кімдер жетекшілік етті?» деген сұраққа келгенде, барды жоқ, жоқты бар қылатын Оңтүстіктің идеология саласын кім басқармады десеңізші?!. Бір кездері мамандығы қаржыгер Мұқан Сағындықов та басқарды, қайбір қиын жылдары бір облыс әкімі идеология жөніндегі орынбасарын қысқартып, басқа саладағы орынбасарына жүктей салған жағдаяттар да өтті. Ат жетектегендей бұл саланың тізгінін біресе анаған, бірісе мынаған ұстатып, тіпті аппарат жетекшісінің де жетегінде жүрген кездер де болды. Қарап отырсақ, облысқа 1997 жылы әкім болған Қалық Абдуллаевтан бері санағанда бүгінгі Асқар Мырзахметовке дейінгі алты әкімнің аралығында идеология саласына екі азамат кезек-кезек басшылық жасапты. Олар – Дархан Мыңбай мен Әли Бектаев. Әрине, елдің ішінде «осы екеуінен басқа бұл саланы басқаратын ешкім жоқ па?» деген сауалдың еріксіз туындайтыны заңдылық. Қандай қызмет атқарса да іштей тәубе етіп, іскерлігін шыңдай білген Дархан Мыңбай ақыры Астана асып, бүгінде Ақорданың бір бөліміне жетекшілік етіп жүр. Идея, ұсыныс, түрлі игі бастамалардың кені ретінде танылған Дархан Қамзабекұлының әсіресе, Түлкібас ауданында көше бойына жас ұрпақтың санасына сәуле құятын аталы сөздерді жаздыртып қоюы, алғаш болып ұлттық сусынның байқауы – «Саба» фестивалін ұйымдастырғаны облыс тұрғындардың көңілінен шықты. Сондай-ақ облыстың деңгейінен лықсып, бүкіл республикаға мәлім болған «Оңтүстік – ұлысымның ұйытқысы» акциясын да халық өте керемет қабылдады. Ауылдың қарапайым қазағы Алматының небір марқасқаларын өз көзімен көріп, әңгімесін тыңдап, қолын алған осы бір қимас сәттерді Оңтүстік жұрты енді сірә, ұмытар ма?! Іскерлік қасиеті Дархан Мыңбайдан қалыспайтын, үнемі ізденісте жүретін, нәтижелі еңбегінің арқасында елге танылған облыс әкімінің орынбасары Әли Бектаевты да ерекше атап өтуге болады. Негізі жақсы кадр аяғы салбырап, аспаннан түспейді. Әлде Дархан мен Әлидің Оңтүстіктің идеологиясын кезек-кезек басқарғаны, облыста олардың ізін басатын кадрлардың әлі өсіп-жетілмей жатқанын білдіре ме? Десекте, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Баһадыр Нарымбетов, Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары Гүлмира Тағаева, Отырар ауданы әкімінің орынбасары Асылбек Жақсыбек, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Жанболат Ибрагимов идеология саласында көптен тер төгіп жүргенін атап өтуге болады. Талай жыл бір ауданның идеология саласын басқарып, Бәйдібек, Сарыағаш аудандарынан бай тәжірибе жинақтап, бүгінде «Нұр Отан» ХДП ОҚО филиалы төрағасының орынбасары қызметінде жүрген Ұласбек Сәдібеков те сақа идеологтардың бірі. «Облыс әкімінің идеология жөніндегі орынбасары ауысады екен» деген әңгіме шықса, сол орынға лайықтылардың қатарында ең алдымен осы Ұласбектің есімі аталатыны да тегін болмаса керек. Әйтсе де, облысымыздағы идеологтарды есептегенде он саусағымыздың өзін толық бүге алмайтындай аз екеніне көз жеткізуге болады. Ал облысымызда аудан-қалалар көп емес пе, олардың бас идеологтары кімдер?
Атам қазақ «торғай сойса да қасапшы сойсын» демеуші ме еді, сол айтпақшы 6-ақ аудан-қала әкімдерінің идеология жөніндегі орынбасарларының мамандықтары өз саласына ептеп жақындау екен. Өзгелері кілең заңгер мен экономистер, инженер-техниктер. Мейлі, мамандық та тұрған ештеңе де жоқ шығар, бірақ, іскерлігі, біліктігі жетіспей жатса, тіптен қиын екен. Айталық, Мақтарал ауданы әкімінің идеология жөніндегі орынбасары -- Алтын Ешанқұлова. «Қыздың жасын сұрамайды» деген қағидаға сүйеніп, нақты туылған жылын құпия қалдырайық, бірақ, әлі орда бұзар жасқа жетпеген орынбасар қыз бұған дейін энергетика және минералды ресурстар министрлігінің кадр бөлімінде қызмет атқарып, кадрлық ротацияның пәрменімен ойда-жоқта Мақтарал өңіріне кеп қалған көрінеді. Әрине, кадрмен жұмыс істеген жас маман елдің де қадірін біледі деген оймен осы қызметке тағайындалса керек. Бірақ, бұл орынбасар елді қаншалықты жарылқап жатқанын қайдам, халық пен биліктің алтын көпірі саналатын журналистермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап, маңдайы терлеп жүргенін көргеніміз жоқ. Сөз жоқ, Алтын Күнтуқызы жас кадр, болашағы әлі алда. Алайда, тәжірибесі тым аз жас кадрды жауапкершілігі өте жоғары лауазымға тағайындау қаншалықты дұрыс? Ол бұл орынға жету үшін әлі талай баспалдақтардан өтуі тиіс емес пе еді? Сарт еткізіп үлкен креслоға қонжита салудың салдарынан мақталы ауданның идеологиясы қазір адам мақтайтындай болмай тұр. «Байтал шауып бәйге алмас» дейін десең, Оңтүстіктен Оразкүл Асанғазиева, Сайлаукүл Барахова сынды апаларымыз ел басқарып, нағыз идеологтар атанды емес пе?!
-Осы қызметке келгеніме аса көп уақыт өтпесе де біраз бастаманы жүзеге асырдық. Айталық, Астанадағы ЕҚЫҰ Саммитіне орай жуырда қазақтың рухын көтеретін ұлттық биіміз “Қаражорғаға” Жетісай қаласының орталық алаңында бір мезгілде 10 000 жас биледі, - дейді А.Ешанқұлова. Әрине, елді жинап, ұлттық биге билету де жауапты іс. Бірақ, бұл тың бастама емес, қазір «Қаражорға» модадан қалған, «Қаражорға» қазір қайталау. Идеологтың басты міндеті -- өзгені қайталамау екенін Алтын қыз түсінсе екен дейміз. Қазығұрт ауданы әкімінің идеология жөніндегі орынбасары Гүлмира Тағаева мамандығы бойынша экономист. Бірақ, бірнеше жылдан бері идеология саласының қазанын сапырып, өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қараған ол әжептәуір тәжірибе жинақтаған жақсы кадр ретінде қалыптасып үлгерді. Халықпен қалай тіл табысуды, үгіт-насихат жұмыстарын бір кісідей меңгеріп алған. Мұндай орынбасармен тілші қауымы ғана емес, халықтың да тіл табысуы, бірлесіп жұмыс істеуі әлдеқайда жеңіл болса керек. «Гүлмира Тағаеваны аудан әкімі қызметіне тағайындаса, тірлігін талайлардан жақсы атқарар еді» деген тілекті көпшілік көптен бері тілеп жүргенін елден жиі естиміз. Сондай-ақ Арыс пен Кентау қалалары әкімдерінің орынбасарлары Бақтығали Ділдәбеков, Бауыржан Алимановтың бар-жоғы білінбейді. Ордабасы ауданындағы Қайрат Төлебаев те идеология саласында қызмет атқарғаныа біраз жылдар болғанымен жиындарда бір төбе көрсетіп қойғанымен ел төбесіне көтеріп, әңгіме қылатындай тірлік тындырғанын көре алмадық. Ал Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Өскенәлі Панзарбек ауыл шаруашылығының маманы. Ол бұрын Шардара ауданы әкімінің ауылшаруашылығы жөніндегі орынбасары, одан облыстық жер қатынастары басқармасын басқарған. Сондықтан оны идеология саласына қанша исең де, мұрнына исін барғызу ұзаққа созылатын сыңайлы. «Қызметсіз қалмасын» деген «қағидамен» сансыз баптар еліне келіп қалған ол сарыағаштық әріптесі Серік Әуесханов екеуінің қазір «экрандағы» бейнесін сағынып-ақ жүрміз. Созақ ауданы әкімінің орынбасары болған Берік Мейірбеков қазір әкім креслосына жайғасты. Әрине, оның идеолог ретінде ешкім білмейді де, ол туралы ешкім естімеген де... Енді ауданның әкімі ретінде идеологтық қасиеті «қозып» кетеріне сенім жоқ. Шардарада осы сала орынбасарының орны құтаймай-ақ қойды. Осыдан бірнеше уақыт бұрын аудан әкімінің орынбасары қызметіне республикаға танымал ақын Әлібек Шегебаев кіріскенде үміт үкілене түсіп еді. Алайда, не себептен екенін қайдам, оның келуінен кетуі жылдам болды. Содан кейін де Шардараның бас идеологының орны бірталай уақыт бос тұрды. Ақыры ол орын ішкі саясат бөліміне басшылық жасаған Бауыржан Шомпиевке бұйырыпты. Бірақ, әл-әзірге доданың арасынан бауырын жазып, «кісінеп» тұрған Бауыржанды байқай алмадық.
Неге «идеолог» дегенде мақаламыздың басында айтқан азаматтар бірден еске түседі? Тағы да қайталап айтамыз, «идеология саласын басқару -- сен бір күнде идеолог атандың» деген сөз емес. Ал, жоғарыдағы азаматтарды ел еңбегіне қарай нағыз идеолог, халқының жанашыры деп бағалайды. Яғни, «идеолог» деген атақты тек халық қана береді. Бәлкім, «әкімнің идеология жөніндегі орынбасары» деп айта беруі мүмкін, бірақ, «ол нағыз идеолог еді» дегенді өте сирек естиміз. Ал, Сіз қалай ойлайсыз? Сіз идеолог ретінде кімді танисыз?
Сіз не дейсіз?
Ошақбай Көлбаев, көп жылғы еңбегін ел басқаруға арнаған құрметті зейнеткер:
- Идеология саласында жемісті еңбегімен көрініп жүрген кімдердің есімін атар едіңіз?
- Дархан Мыңбай жаман жұмыс істеген жоқ. Қазір де Президент аппаратына тындырымдылығымен көзге көрініп жүр. Әли Бектаевтың да бұл саладағы тәжірибесі мол. Ал аудандардан ешкімді білмеймін.
Дүйсекүл Бопова, зейнеткер:
Мен өзім Өзбекәлі Жәнібековтың тәрбиесін көргеніме қуанамын. Міне, ол кісі нағыз идеолог, ұлттық идеологияны көтеруге қосқан үлесі қомақты. Сол кісінің бастамасының арқасында 1980-87 жылдар аралығында облысымыздағы 300-ге жуық әулиелі жерді анықтап, бірінші рет тіркеуге алдық. Бұл идеологияға қосылған өлшеусіз үлес, тәрбиелік мәні зор.