Түркістан: Қосымша құн салығынан бюджетке 120 млрд теңгеге жуық қаржы түскен
Түркістан облысында қосымша құн салығын төлеушілер саны артқан. 2026 жылдың 1 қыркүйектегі жағдай бойынша өңірде 4 691 қосымша құн салығын төлеуші тіркелген.

Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1 269 салық төлеушіге көп. Бүгінде қосымша құн салығы бойынша облыс бюджетіне 119,6 млрд теңге түсіп, өсім 37,5 млрд теңгені құрады. Бұл туралы өткен брифингте Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Камералдық мониторинг басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мадияр Мансұр мәлімдеді.
«2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде жаңартылған Салық кодексі қолданысқа енгізілді. Соған сәйкес қосылған құн салығына қатысты бірқатар өзгеріс күшіне енді. Атап айтқанда, қосымша құн салығының жалпы мөлшерлемесі 12%-дан 16%-ға дейін көтерілді. Жаңа тәртіп бойынша жалпы тауар айналымы мен импортқа 16% қосымша құн салығы қолданылады. Дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтер үшін 2026 жылы 5%, ал 2027 жылдан бастап 10% мөлшерлеме белгіленген. Мерзімді басылымдарға 10% салық қарастырылған. Ауыл шаруашылығы өнімдерін, оның ішінде аквамәдениет өнімдерін өндірумен және қайта өңдеумен айналысатын тұлғалар үшін есепке жатқызылатын қосымша құн салығының қосымша сомасы 80% мөлшерінде белгіленген. Міндетті тіркеу - жылдық айналымы айлық есептік көрсеткіштің 10 000 еселенген мөлшерінен асқан жағдайда жүргізіледі. Мұндай жағдайда салық төлеуші айналымның шекті мөлшерінен асқан күннен бастап 5 жұмыс күнінен кешіктірмей салықтық өтініш ұсынуы тиіс. Ал шекті мөлшерден асатын мәміле жасалған жағдайда өтініш айналым жасалғанға дейін беріледі. Қосымша құн салығы бойынша тіркеуге қою және есептен шығару жөніндегі өтініштерді онлайн түрде Салық төлеушінің кабинеті немесе eGov.kz порталы арқылы беруге болады» - деді спикер.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникциялар қызметі


