Үш медициналық ұйымда госпитальдық фармация бөлімшесі ашылды

Oinet.kz 15-09-2026

Шымкент қаласында госпитальдық фармация бөлімшелерін енгізу жұмысы кезең-кезеңімен жалғасуда. Бұл жүйе медициналық ұйымдардағы дәрілік заттарды тиімді басқаруға, олардың қауіпсіз әрі ұтымды қолданылуын қамтамасыз етуге және пациенттерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған.

Screenshot_1.png

Бұған дейін қаладағы 8 медициналық ұйымда госпитальдық фармация бөлімшелері жұмыс істеп келген болса, бүгінде тағы 3 медициналық ұйымда жаңа бөлімшелер ашылды. Алдағы уақытта тағы бір медициналық ұйымда осындай бөлімшені іске қосу жоспарлануда. Осылайша, бүгінде Шымкент қаласында госпитальдық фармация бөлімшелері 11 медициналық ұйымда жұмыс істеп жатыр.

Жаңа бөлімшелер Шымкент қалалық Психикалық денсаулық орталығында, Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында және «Хадиша» клиникасында ашылды. Бұл медициналық ұйымдарда дәрілік заттарды қабылдау, сақтау, есепке алу және бөлімшелерге беру тәртібін жүйелеуге мүмкіндік беретін жаңа тәсіл қалыптасады.

Госпитальдық фармацияның басты міндеттерінің бірі – дәрі-дәрмекті пациентке тағайындау сәтінен бастап оның қолданылуына дейінгі үдерісті бақылауды күшейту. Мұнда дәрілік заттардың дұрыс сақталуы мен есепке алынуы, олардың қажеттілігіне қарай тиімді бөлінуі және белгіленген талаптарға сәйкес пайдаланылуы маңызды.

Жүйенің тағы бір ерекшелігі – дәрілік терапияның қауіпсіздігіне назар аударылуы. Медициналық ұйымдағы дәрі-дәрмек айналымының реттелуі қажет препараттың дер кезінде қолжетімді болуына, ал дәрілік заттарды пайдаланудағы ықтимал қателіктердің алдын алуға жағдай жасайды. Бұл пациент қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды бағыттардың бірі.

Госпитальдық фармация бөлімшелерінің қызметі медициналық ұйымдардағы дәрілік қамтамасыз ету жүйесін біріздендіріп, дәрілік заттарды сақтау, есепке алу және пайдалану үдерістерін жетілдіруге мүмкіндік береді. Сонымен бірге дәрі-дәрмек қорын тиімді жоспарлау мен басқаруға да жол ашады.

Шымкентте бұл бағыттағы жұмыстардың кезең-кезеңімен жүргізілуі медициналық ұйымдарда заманауи басқару тетіктерін енгізуге мүмкіндік беріп отыр. Алдағы уақытта жаңа бөлімшелердің ашылуы дәрілік қамтамасыз ету жүйесін одан әрі жетілдіріп, медициналық көмектің қауіпсіздігі мен сапасын арттыруға бағытталмақ.

Берекелі шаңырақ – берік қоғам
Ректор жаңа оқу жылында «Алтын белгі» иегерлерімен кездесті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу