Қазақ тілі – цифрлық кеңістікте
Шымкентте Қазақстан халқының тілдері күніне орай «Қазақ тілі – цифрлық кеңістікте: технология, инновация, даму» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шараны Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы ұйымдастырды. Басқосуға тіл мамандары, педагогтер, IT және жасанды интеллект саласының сарапшылары, жоғары және арнаулы оқу орындарының оқытушылары мен жастар қатысты.

Жиында мемлекеттік тілдің цифрлық ортадағы қолданысын кеңейту мәселесі кеңінен талқыланды. Қазір технология күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналып, ақпаратты іздеу, оқу, қарым-қатынас жасау тәсілдерін өзгертіп жатыр. Осы үдерісте қазақ тіліндегі цифрлық ресурстардың қолжетімді әрі сапалы болуының маңызы арта түсуде.
Қатысушылар қазақ тілін цифрландыру, жасанды интеллект мүмкіндіктерін тіл үйрету үдерісіне енгізу, электронды ресурстар мен мобильді қосымшаларды дамыту бағыттарын сөз етті. Сонымен қатар тіл үйренуге арналған заманауи платформалар, виртуалды ассистенттер және басқа да цифрлық шешімдерді қолдану тәжірибелері ортаға салынды. Qazaq Til AI жобасы да таныстырылып, оның қазақ тілін технологиялық ортада қолдануға беретін мүмкіндіктері туралы пікірлер айтылды.
Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының директоры Әбдез Рахманұлы мемлекеттік тілдің цифрлық кеңістіктегі аясын кеңейту үшін IT жобалар мен заманауи технологияларды тиімді пайдаланудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, тілдің қолданыс аясын кеңейту тек дәстүрлі оқыту әдістерімен шектелмей, бүгінгі цифрлық мүмкіндіктерді де тиімді пайдалануды қажет етеді.
Басқосуда қазақ тіліндегі сапалы медиаконтенттің де маңызына назар аударылды. Әсіресе балалар мен жасөспірімдерге арналған мультфильмдер, анимациялық жобалар арқылы қазақ тіліндегі мазмұнды көбейту мәселесі қозғалды. «Сақ» киностудиясының режиссер-сценарисі Батырхан Қалдарбекұлы «АЛАН» мультфильмінің жобасын таныстырып, отандық анимацияның тілдік орта қалыптастырудағы мүмкіндіктері туралы әңгімеледі.
Жиын соңында қатысушылар қазақ тілін цифрлық ортада дамыту бірнеше бағытты қатар қамтитынын атап өтті. Оның ішінде сапалы әрі заманауи контент қалыптастыру, тілдік деректер қорын жетілдіру, электронды ресурстардың санын көбейту және жасанды интеллектінің қазақ тілін сауатты өңдеу мүмкіндігін арттыру міндеттері бар. Мұндай жұмыстар қазақ тілінің технологиялық ортадағы қолданысын кеңейтіп, оны күнделікті цифрлық коммуникацияның толыққанды тіліне айналдыруға бағытталмақ.


