«Халық үні» тәуелсіз бақылаушылар тобы: Сайлауда бақылаушыларға қысастық жасалмасын!
23 тамызда Қазақстанда Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді, оған жеті тіркелген саяси партия қатысады. Сайлау қарсаңында партиялар арасындағы саяси бәсекелестік те күшейді. Сайлауды бақылаушы институттар мен ұйымдар да өз жұмысын бастады.

Бүгін бір топ белгілі журналистер мен саясаттанушылар құрған «Халық үні» тәуелсіз бақылаушылар тобы алдағы сайлау процесін бақылайтынын айтып, ресми мәлімдеме жасады. «Халық үні» тәуелсіз бақылаушылар тобының құрамында саясаттанушы Дос Көшім, журналист Ермұрат Бапи, жазушы әрі қоғам қайраткері Бекнұр Кисиков, саясаттанушы, баспагер Бақытжан Бұқарбай, саясаттанушы Нұрболат Нышанбай, журналист Нұргелді Әбдіғани бар.
Топ алдағы сайлау науқанын бақылайтынын мәлімдей отырып, ресми үндеуін жариялады. Тәуелсіз бақылаушылар сайлауда бақылаушылар мен тілшілер қауымының жұмысына кедергілер жасалмауын, дауыс берушілердің құқығы толық қорғалуын, партиялар арасындағы бәсекелестіктің әділ әрі тең деңгейде өтуін талап етті.
«Біздің миссиямыз қандай да бір саяси партияны немесе кандидатты қолдау емес. Біздің міндетіміз – әрбір дауыстың заңға сәйкес саналуына, сайлаудың ашық та әділ өтуіне және сайлау процесіне қатысушылардың барлығы тең жағдайда болуына ықпал ету», - дейді топ мүшелері.
Қазіргі уақытта «Халық үні» тәуелсіз бақылаушылар тобы дауыс беру күні сайлау учаскелерінде жұмыс істейтін тәуелсіз бақылаушыларды іріктеуге және оқытуға кірісіп кетті.
НҰРБОЛАТ НЫШАНБАЕВ, «ХАЛЫҚ ҮНІ» ТӘУЕЛСІЗ БАҚЫЛАУШЫЛАР ТОБЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ, САЯСАТТАНУШЫ
Кәсіби саясаттанушы ретінде елімізде болып жатқан саяси үдерістерді жіті бақылап, ғылыми әрі практикалық тұрғыдан зерделеу мен үшін әрқашан өте маңызды. Соңғы үш жылда пікірлес әріптестерімізбен бірге еліміздегі бірқатар маңызды саяси науқандарға белсенді қатысып келеміз.
Өзім «Болашақ» халықаралық стипендиясы аясында шетелдің бірнеше жетекші жоғары оқу орнында білім алдым. Оқу барысында Батыс елдеріндегі сайлау мәдениетімен, азаматтық қоғам институттарының қызметімен және демократиялық саяси процестердің ұйымдастырылу тәжірибесімен танысуға мүмкіндік болды. Бұл тәжірибе еліміздегі саяси үдерістерге кәсіби тұрғыдан қарауыма және қоғамдық бақылаудың маңызын тереңірек түсінуіме ықпал етті.
2022 жылғы 5 маусымда өткен республикалық конституциялық референдум кезінде біз «Халық үні» тәуелсіз бақылаушылар тобын құрдық. Сол науқанда ұйымымыздың бақылаушылары Қазақстанның бірнеше қаласындағы жүздеген сайлау учаскесінде жұмыс істеп, дауыс беру процесінің ашықтығы мен заң талаптарына сай өтуіне қоғамдық бақылау жүргізді. Кейіннен Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауында да бақылаушылық қызмет атқардық. Соңғы реті, 2026 ж 15 наурызда конституциялық референдум да бақылау жасадық.
Жалпы, демократиялық институттардың орнығуы үшін тәуелсіз қоғамдық бақылау мәдениетінің қалыптасуы аса маңызды деп есептеймін. Осы бағытта кәсіби маман әрі азамат ретінде өз үлесімізді қосып келеміз.
Әрине, мұндай ауқымды жұмысты бір адамның атқаруы мүмкін емес. «Халық үні» тәуелсіз бақылаушылар тобының құрамында қоғам қайраткері Дос Көшім, қоғам белсендісі Бекнұр Кисиков, белгілі журналист Нұргелді Әбдіғани және азаматтық қоғамның басқа да белсенді өкілдері бар. Барлығымызды біріктіретін ортақ мақсат, еліміздегі сайлау процестерінің ашықтығы мен әділдігіне қоғамдық бақылау жасау.
Ендігі кезекте, 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауына да «Халық үні» тәуелсіз бақылаушылар тобы белсенді қатысуды жоспарлап отырмыз. Мақсатымыз, сайлау процесінің демократиялық қағидаттарға, заң талаптарына және халықаралық стандарттарға сай өтуіне қоғамдық бақылау жасап, азаматтық жауапкершілігіміз бен кәсіби тәжірибеміз арқылы еліміздегі демократиялық институттардың нығаюына өз үлесімізді қосу.
БЕКНУР КИСИКОВ, ПОЛИТОЛОГ
Предстоящие выборы в Национальный курултай знаменуют важную веху в развитии нашей страны. Впервые выборы пройдут в обновленный представительный орган с новым составом депутатов, что придает нынешней избирательной кампании особое значение.
Общественное объединение «Халық үні» традиционно принимает активное участие в обеспечении прозрачности и открытости избирательного процесса. В рамках предстоящих выборов наши наблюдатели будут работать во всех регионах Казахстана, а также в городах Астана и Алматы.
В настоящее время мы запускаем масштабную программу подготовки общественных наблюдателей. Особое внимание будет уделено привлечению молодежи — активных, ответственных и неравнодушных граждан, которые стремятся внести свой вклад в развитие демократических процессов и обеспечение честных и прозрачных выборов.
Мы убеждены, что участие гражданского общества и независимое общественное наблюдение являются важными элементами укрепления доверия к избирательной системе и развитию демократических институтов нашей страны.
НҰРГЕЛДІ ӘБДІҒАНИ, САЯСАТТАНУШЫ, ЖУРНАЛИСТ:
Тәуелсіздіктің кешегісі мен бүгінінде біздің халық сайлау мен саяси науқанның сан түрін көрді. Осыған дейін елімізде өткен сайлаулар мен референдумдар кезінде түрлі құйтырқылықтарды қоғамның көзі көріп, құлағы естіді. Айлакерлікпен жасалған небір заңбұзушылықтарға куә болды, әркім хал-қадірінше ондай өрескелдіктерді әшкерелеуге күш салды. Дауысты көпекөрнеу бұрмалау, бақылаушыларға хаттамаларды бермей, учаскелерден заңсыз шығарып жіберген сәттер де болды. Сөйте тұра, еліміздің сергек саналы азаматтары өздерінің саяси ұстанымдарынан бас тартқан жоқ, азаматтық позицияларынан айныған жоқ.
Ағылшындар айтатын: «Сайлаудың нәтижесі – дауыс берушінің санына емес, дауыс санаушының пиғылына байланысты», - деген сөз бар. Әр бюллетень – бір дауыс десек, әр бюллетендегі әрбір дауыс – халықтың үні. Қазақта «қалыпқа салма, халыққа сал» деген жақсы сөз бар. Бұл сөз бүгінгі Құрылтай сайлауының мағынасын ашатын сөз десек қателеспейміз.
Нұрболат Нышанбай – мықты жігіт. Өте білімді жігіт. Тіл біледі, шетелде білім алған. Еуропаның электоралды процессін көзбен көрген жігіт. Қазақстанның саяси науқандарында да тәжірбие жинаған жігіт. Бір сөзбен айтқанда, сөзі мен ісі жарасып тұр...
Өткен жылы бастама көтеріп, «Халық үні» деп топ құрып, бақылаушыларды оқытып, даярлап, науқанға кіргізді. Өте дұрыс. Осы жолы да ел тарихында тұғ,ыш рет өткелі отырған Құрылтай сайлауына Нұрболат бауырымыз бақылаушылар тобын жасақтап жатыр екен. Қолдаймын. Дос Көшім, Бекнұр Қисықов бастаған ағалардың қасында жүріп, біз де тәжірбие жинадық, ақылдарын тыңдадық. Сондықтан, қолдап қана қоймай, қолдан келсе, көмегімізді көрсетуге кетәрі емеспіз... Мен осыған дейін де айтып келгенмін, қазір де сол сөзімді қайталаймын: Елішілік саяси процесстерге келгенде, әсіресе сайлау, референдум секілді халықтық ауқымдағы процесстерде нейтралды қалуға болмайды. Осы жолы да бақылаушылық жасайтын топтар көп болады және солай болуы тиіс. Қазірдің өзінде бірлі-жарым топтар мәлімдемелерін жасап жатыр. Ендеше сізде таңдау да көп. Сенімді деген бірін таңдаңыз. Сайлаудағы бақылаушылық — әділдік пен ашықтықтың маңызды кепілі. Бақылаушылық арқылы халықтың таңдауы қорғалып, сайлаудың шынайы әрі сенімді өтуіне жағдай жасалады.
ДОС КӨШІМ, «ХАЛЫҚ ҮНІ» ТӘУЕЛСІЗ БАҚЫЛАУШЫЛАР ТОБЫНЫҢ МҮШЕСІ, САЯСАТТАНУШЫ
Менің бақылаушы болғаныма биыл 29 жыл болады. Біз 1997 жылдан бастадық. Макаабрин деген депутат болды, сол кісі екеуміз Қазақстанда алғаш рет бақылаушы болдық. Қазір, оған қарағанда, бақылаушылардың саны өсіп жатыр. Тәуелсіз бақылаушылар бар, партиялық бақылаушылар бар. Көп жерде бақылаушылар дайындалып жатыр. Себебі мен үш-төрт ұйымның бақылаушыларын дайындауға атсалысып жатырмын.
Жалпы алғанда, бақылаушыларды дайындау бағытында шамамыз келгенше жұмыстарымызды жасап жатырмыз. Бақылаушылар тек өз жұмысының мән-жайын білуімен ғана шектелмейді. Себебі бақылаудан кейін сайлауға қатысты түрлі ұсыныстар болуы мүмкін.
Мен өткен сайлауда, 15 наурызда, бақылаушы болдым. Сол жерде көрген бір мәселемізді айтып, оны ұсыныс ретінде бердік. Келген сайлаушылардың көбісі бюллетеньдерін қолдарына алып, урнаның жанында суретке түсе бастады. Көрген шығарсыздар. Сұрасақ, олар: «Біз бюджеттік ұйымдардың жұмысшыларымыз, бізге басшылық есеп жіберіңдер деп айтты», – дейді. Бұл жағдай сайлау процесін бұзуға әкелуі мүмкін.
Біреуді әкеліп, мәжбүрлеп дауыс бергізу болды деп нақты айта алмаймын. Бірақ соған ұқсас жағдайлар кездесті. Енді жаңа сайлауда бюллетеньді суретке түсіруге, ешкімге фото жіберіп, есеп беруге болмайды. Біз бюллетеньді ұстап, урнаның жанында фотоға түсуге болмайтыны туралы ұсыныс айтқан едік. Бұл ұсынысымызды жартылай болса да тыңдады деп ойлаймын.
Сайлауды бақылау арқылы біз сайлау заңын жақсартуға, сайлаудың әділ өтуіне міндетті түрде әсер ете аламыз. Осыны ұмытпауымыз керек. Сонымен қатар біз жыл сайын семинарлар өткізіп, сайлау заңдарын, сайлау кезінде болуы мүмкін түрлі заң бұзушылықтарды түсіндіреміз. Практикалық мәселелерді талқылаймыз.
Біздің тобымыз қазір екі мәселені қарастырып отыр. Біріншіден, барлық бақылаушыларға арнайы блокнот беріледі. Онда қалай бақылау керек, дауыс беру уақытында нені ескеру қажет және ең бастысы, дауыстарды санау кезінде қалай бақылау жасау керектігі көрсетіледі.
Қазір бәрімізде телефон бар. Сондықтан телефонға арнайы нұсқаулық дайындадық. Әрбір бақылаушы телефон арқылы өзіне қажетті заңдармен танысып, қалай жұмыс істеу керектігі жөніндегі ақпаратты ала алады. Қысқасы, біз жыл сайын тәжірибемізді молайтып, жұмысымызды жетілдіріп келеміз.
Мен үнемі айтамын: Қазақстандағы сайлаудың қалай өтетінін, әсіресе жастардың саяси процеске қалай қатысатынын білу маңызды. Себебі сайлауды өз көзімен көрген адамның саясатқа деген көзқарасы өзгереді. Сайлау әділ өтті ме, әділетсіз өтті ме – соны өз көзімен көріп, өзі баға береді. Мұның бәрі адамның көзін ашып, ой-санасының дамуына әсер етеді.
ЕРМҰРАТ БАПИ, «ХАЛЫҚ ҮНІ» ТӘУЕЛСІЗ БАҚЫЛАУШЫЛАР ТОБЫНЫҢ МҮШЕСІ, САЯСАТТАНУШЫ
Бақылаушылық мәселесі өте маңызды. Дос Көшім өз сөзінде айтқандай, бақылаушылық мектебінен өткен азамат ертеңгі күні қоғамның саналы, белсенді тобына айнала алады.
Естеріңізге салсам, 2019 жылғы сайлауда тәуелсіз бақылаушылар пайда болып, аяқ астынан үлкен қозғалыс қалыптасты. Оған дейін «тәуелсіз бақылаушы» деген атау болғанымен, қор ретінде жұмыс істеген ұйымдар болған жоқ. Кейін бұл бастама бүкіл Қазақстан бойынша кеңінен таралып, тәуелсіз бақылаушылар ұйымдары пайда болды. Бұл азаматтық белсенділіктің жаңа бір кезеңі болды. Сол кезде тәуелсіз бақылаушылар бірнеше топқа бөлініп кетті. Бірақ қоғамда үлкен сілкініс болды.
Тарихқа көз жүгіртсек, 2005 жылғы президенттік сайлауда қоғамдағы оппозициялық күштер бірігіп, бірыңғай кандидат ұсынған кезде үлкен бақылаушылық жұмыс жүргізілді. Қазақстанның 57 пайызы бақылаушылармен қамтылды. Бұл белгілі бір кандидаттың сайлаудан өткен-өтпегенін анықтау мақсатындағы мүдделі қозғалыс болды.
Ал қазіргі тәуелсіз бақылаушылардың мақсаты – ешқандай жеке мүдде емес. Мұндағы басты мүдде – сайлаудың әділдігі мен ашықтығы. Әділет партиясы ма, «Республика» ма, «Ақ жол» ма – кімнің жеңіп жатқаны маңызды емес. Ең маңыздысы – урнаға түскен бюллетеньдердің әділ әрі таза саналуы.
Сондықтан қоғам бұл мәселеден шет қалмауы керек. Мүмкіндік болған жағдайда азаматтар сайлау процесіне араласуы қажет. Оның үстіне Құрылтай арқылы елге жаңа бағыт келіп жатыр. Бұл – саяси жүйенің жаңа кезеңі деп айтуға болады.
БАҚЫТЖАН БҰҚАРБАЙ, «ХАЛЫҚ ҮНІ» ТӘУЕЛСІЗ БАҚЫЛАУШЫЛАР ТОБЫНЫҢ МҮШЕСІ, САЯСАТТАНУШЫ
Біз қазір елімізде болып жатқан тағдыршешті реформалардың куәсі болып жатырмыз. Өздеріңіз білесіздер, Конституция қабылданды. Жаңа институттар мен жаңа құрылымдар қалыптаса бастайды. Сол алғашқы институттардың бірі – Құрылтай сайлауы.
Әріптестерім айтқандай, сайлаудың ашық өтуі және заң талаптарына сай ұйымдастырылуы маңызды. Ал ашықтық мәселесі бүкіл қоғамның мойнында деп айтуға болады. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де сайлаудың ашық өтуіне тікелей атсалыса алады. Бұл саяси процесс болғандықтан, бақылаушылардың рөлі де маңызды.
Қазір келіп жатқан жас буын үшін осындай процестерге араласу – үлкен мүмкіндік. Біз жастарға осындай тәжірибе беріп, олардың саяси сауатын арттыруға үлес қоса аламыз.


