Шымкентте Мәдениет және өнер университеті құрылып, жаңа Опера және балет театры салынады

Oinet.kz 15-04-2026

Бүгін Шымкентте ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Мәдениет және өнер университетін құру мәселелері жөнінде кеңес өтті. 

Screenshot_1.png

Аталған жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мегаполиске жұмыс сапары барысында Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Шымкент қаласының әкімдігіне берген тапсырмасы аясында жүзеге асырылмақ.

Кеңес жұмысына Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, жергілікті атқарушы органдардың, мердігер ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің басшылығы қатысты.

Жиын барысында Аида Балаева қатысушылардың ауқымды жобаны іске асыру барысы жөніндегі баяндамаларын тыңдады.

Жаңа жоғары оқу орны М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің Мәдениет және өнер факультетінің базасында құрылады. Жоспарға сәйкес оқу орнында 6 факультет, 17 кафедра және бакалавриат, магистратура мен докторантура бойынша 46 білім беру бағдарламасы жұмыс істейтін болады.

Негізгі басымдық кино және телевидение, анимация, медиа-менеджмент, цифрлық дизайн, сценография және өзге де бағыттар бойынша техникалық кадрлар даярлауға беріледі.

Сонымен қатар Қазақстанда алғаш рет цирк өнері саласы бойынша жоғары білімді мамандар даярлау жоспарланып отыр. Сондай-ақ реставраторлар даярлау да жаңа бағыттардың бірі болмақ.

Кездесуде Шымкент қаласында жаңа Опера және балет театрын салу мәселесі де қаралды. Бұл нысан бойынша қала әкімдігі жалпы аумағы 2,8 гектарды құрайтын жер учаскесін белгілеп қойған. Жобаға сәйкес театрдың көрермен залы 1500 орынға лайықталып салынады.

Қазіргі уақытта қалада 1984 жылы салынған, 330 көрерменге арналған Опера және балет театры жұмыс істеп тұр.

Площадка единства и равенства: студенты КазНУ на инклюзивных соревнованиях
Университет культуры и искусства и новый Театр оперы и балета: два масштабных проекта реализуют в Шы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу