Ұлыстың ұлы күні – Наурыз: «Қош келдің, Әз-Наурыз – 2026!»
Шымкент қаласында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы кең көлемде аталып өтті. 2026 жылғы 20 наурыз күні сағат 11:00-де Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты №2 Оқушылар сарайында «Қош келдің, Әз-Наурыз – 2026!» атты мерекелік салтанатты іс-шара ұйымдастырылып, көрермендерге ұлттық рухқа толы әсерлі концерттік бағдарлама ұсынылды.

Наурыз – табиғаттың түлеп, тіршіліктің жаңаратын, адамдардың бір-біріне ізгі тілектер айтып, татулық пен бірлікті дәріптейтін ерекше мейрам. Көктемнің шуағымен бірге келетін бұл мереке халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрі мен мәдени құндылықтарын жаңғыртып, ұрпақтар сабақтастығын нығайта түседі. Осы мазмұнды мерекені дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған шара ұлттық өнер мен мәдениеттің көркем көрінісіне айналды.
Мерекелік кештің шымылдығы домбырашылар оркестрінің орындауындағы Әбдімомын Желдібаевтың «Еркесылқым» күйімен түрілді. Күйдің күмбірлеген әуені көрермендерді бірден ұлттық рухқа бөлеп, қазақтың дәстүрлі музыкасының әсемдігін паш етті. Домбыраның қоңыр үні мерекенің алғашқы сәттерінен-ақ көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Бағдарлама барысында қыс мезгілімен қоштасып, көктемнің келуін бейнелейтін «Ақ түтек» атты хореографиялық композиция ұсынылды. «Ақшолпан денс» би ансамблінің орындауындағы бұл қойылым табиғаттағы өзгерістерді көркем бейнелеп, сахнада қыс пен көктемнің алмасуын әсерлі жеткізді. Ал қар суының еріп, бұлақтардың сылдырап аға бастауын бейнелейтін көріністі «Қуаныш» би ансамблі сахналық би арқылы көрерменге жеткізді.
Көктемнің келуімен бірге табиғаттың жанданып, құстардың сайрап, жер ананың оянуын бейнелейтін көріністер де көрермендер назарына ұсынылды. «Алтынай» және «Интегра» би ансамбльдерінің орындауындағы хореографиялық композициялар сахнада табиғаттың әсемдігін әсерлі түрде көрсетті. Бұл қойылымдарда көктемнің келуі, гүлдердің бүр жарып, жердің жаңаруы көркем би тілінде бейнеленді.
Мерекелік бағдарламаның ерекше бөлімдерінің бірі – ұлттық танымға негізделген сахналық көріністер болды. Сахнада Ұмай ана бейнесі сомдалып, қазақ халқының дүниетанымындағы ананың, табиғаттың және өмірдің қасиетті мәні көркем түрде жеткізілді. Сонымен қатар Ай мен Күннің теңелуін бейнелейтін сахналық көрініс ұсынылып, табиғат пен адам өмірінің үйлесімі көрсетілді.
Бағдарлама барысында Көктем қыздың бейнесі сахна төрінде көрініс тауып, оның айналасында қалықтаған көбелектер биі көрермендердің ерекше ықыласына бөленді. «Аюми» би ансамблі орындаған бұл көркем би көктемнің нәзіктігі мен сұлулығын әсерлі жеткізді.
Мерекелік кештің тағы бір әсерлі сәті – Қыдыр атаның сахнаға шығып, бата беруі болды. Халқымыздың танымында Қыдыр ата – береке мен ырыстың символы. Оның батасы арқылы көрермендерге ізгі тілектер айтылып, елге амандық, береке-бірлік тіленді.
Сонымен қатар жыршылардың орындауындағы халық әндері мен жырлар мерекелік бағдарламаның мазмұнын байыта түсті. Дәстүрлі өнердің бұл үлгісі қазақ халқының рухани мұрасын тағы бір мәрте айқындай түсті.
Концерт барысында өнерпаздар «Наурыз-думан», «Наурыз – көктем», «Туған жер» сияқты әсерлі әндерді орындап, көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлады. Ән мен биден өрілген концерттік бағдарламада жас өнерпаздардың өнері де ерекше бағаланды.
Шара барысында әжелер ансамблі халық әндерін орындап, ұлттық өнердің өміршеңдігін көрсетті. Әжелердің орындауындағы әндер көрермендерге ерекше жылулық сыйлап, ұлттық дәстүрдің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Мерекелік іс-шараның маңызды бөлігі ретінде қазақтың ежелгі дәстүрі – шашу шашылып, қонақтарға Наурыз көже ұсынылды. Ұлттық тағамнан дәм татқан көпшілік мерекенің ерекше атмосферасын сезінді. Бұл дәстүр халықтың қонақжайлығын, кең пейілін және бірлікке негізделген мәдениетін көрсетеді.
Шара соңында сахна төрінде «Қазақтың тойы бітпесін» әні шырқалып, мерекелік кеш көтеріңкі көңіл күймен қорытындыланды. Әсем ән, ұлттық би мен салт-дәстүр көріністері көрермендерге ерекше әсер қалдырды.
«Қош келдің, Әз-Наурыз – 2026!» атты бұл мерекелік шара ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жас ұрпақтың бойында туған жерге, ұлттық мәдениетке деген құрмет пен сүйіспеншілікті арттыруға бағытталған тағылымды мерекеге айналды. Наурыздың мәні – жаңару мен жақсылықта. Осындай игі шаралар халықтың бірлігін нығайтып, ұлттық дәстүрдің жаңғыруына жол ашады.
Елімізге құт-береке әкелетін Ұлыстың ұлы күні барша жұртқа шаттық пен қуаныш сыйлай берсін!


