Нысандардың қысқы маусымға дайындығы тексерілді
Шымқала қысқы маусымға дайын ба? Бұл сұрақтың жауабын Қоғамдық кеңес пен ардагерлер кеңесінің мүшелері табуға тырысты. Бүгін аталған кеңес мүшелері шаһардағы бірқатар нысандарды аралап шықты.

Іс-шараның негізгі мақсаты – қала аумағындағы әлеуметтік, коммуналдық және өндірістік нысандардың жай-күйімен танысу, сондай-ақ қысқы маусымға дайындық деңгейін көзбен көру болды.
Іс-сапар Шымкент қаласы әкімдігі ғимаратынан басталды. Қатысушылар құрамында Шымкент қаласы әкімі аппаратының бас инспекторы Сапарбек Әділ, Қоғамдық кеңестің төрағасы Бұхарбай Парманов және 30-ға жуық ардагер қатысты. Алғашқы бағыт Қаратау ауданы болды. Делегация Нұрсұлтан Назарбаев даңғылында орналасқан Астана алаңы аумағындағы мұз айдынының жағдайымен танысты. Қала тұрғындарының қысқы демалысын тиімді ұйымдастыруға арналған нысанның қауіпсіздігі мен қолайлылығы назарға алынды.
Одан кейін делегация Абай ауданына жол тартып, Алматы тас жолы мен Атакент көшесінің қиылысында орналасқан «Абай» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қысқы маусымға дайындығымен танысты. Мекеме басшылығы 2025-2026 жылғы қысқа дайындық жұмыстары туралы кең көлемді ақпарат ұсынды.
Бүгінде «Абай» КММ-де 471 штат бірлігі бар. Қызметкерлер коммуналдық шаруашылық, санитарлық-тазалық, абаттандыру, ағаш қырқу, есеп-қисап, мобильді және әкімшілік бөлімдер бойынша жүйелі түрде жұмыс атқарады. Қысқы кезеңге дайындық аясында мекеме қызметкерлері толықтай қыстық арнайы киіммен қамтылған. Атап айтқанда, 365 дана қыстық киім, 365 жұп аяқ киім және 3 000 дана қыстық қолғап таратылған.
Қала аумағын қыс мезгілінде күтіп ұстау үшін қажетті инертті материалдар жеткілікті көлемде дайындалған. Қоймада 2 550 текше метр құм бар, қосымша құм жеткізілген. Сонымен қатар, 1 700 тонна тұз сақтаулы, келісімшарт аясында тағы 2 500 тонна тұз жеткізілген. Клинец материалы бойынша да жеткізу кестесі бекітіліп, жалпы көлемі 6 500 бірлікті құрайтыны белгілі болды. Мекеменің техникалық әлеуеті де жылда артып келеді. Қазір қар тазалайтын және сыпыратын арнайы техникалар, мотопомпалар, күректер мен инертті материал салатын қаптар жеткілікті.


