Шымкентте әйелдер көшбасшылығы мен кәсіпкерлікті қолдау мәселелері талқыланды

Oinet.kz 14-12-2025 5

Шымкент қаласында әйелдер кәсіпкерлігін қолдау және көшбасшылық қабілеттерін дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл шаралар әйелдердің экономикалық белсенділігін арттыру, олардың бизнес саласында үлесін кеңейту және қоғамдағы рөлін күшейтуге бағытталған. 

image.png

Қалада әйелдерге арналған оқыту бағдарламалары, тренингтер және семинарлар тұрақты түрде өткізіліп, олар бизнес-жобаларды тиімді жоспарлау, қаржыны басқару, маркетинг және сату стратегияларын үйренуге мүмкіндік алады. Сонымен қатар, шағын және орта бизнес саласындағы әйел кәсіпкерлерге қаржылық қолдау, жеңілдетілген несие және гранттар беру іс-шаралары да ұйымдастырылуда. Әйелдердің көшбасшылық қасиеттерін дамытуға бағытталған жобалар аясында жетекшілік дағдыларын, командамен жұмыс істеу және шешім қабылдау қабілеттерін нығайту бойынша оқыту бағдарламалары іске қосылған. Бұл әйелдерге өз жобаларын басқаруға, қоғамдық және әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Шымкент қаласында өткен «Әйелдер көшбасшылығы және қоғамдық өзгерістер: Re.Women-нің Қазақстан болашағындағы рөлі» атты форум ел дамуының өзекті бағыттарын, оның ішінде кәсіпкерлікті қолдау, шағын және орта бизнестің (ШОБ) мүддесін қорғау, сондай-ақ әйелдердің экономика мен қоғамдық үдерістердегі рөлін кеңінен талқылайтын маңызды алаңға айналды. Форум нақты нәтижелерден бастау алды. Себебі Respublica партиясы жаңа Салық кодексінде «оңайлатылған режимді» сақтауды табанды түрде қорғап, өңірлердегі кәсіпкерлер көтерген мәселелерге нақты шешімдер ұсынып келеді.

Ауқымды іс-шараны Respublica партиясының Шымкент қалалық филиалы мен Re.Women қауымдастығының өңірлік өкілдігі бірлесіп ұйымдастырды. Жиынға мемлекеттік органдардың өкілдері, партия мүшелері, кәсіпкерлер, қоғамдық ұйым жетекшілері мен белсенді әйелдер қатысты.

Форум жұмысына арнайы қатысқан Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек жиналған қауымды форумның ашылуымен құттықтап, оның мазмұндық маңызына тоқталды. Ол әйелдер көшбасшылығы мен кәсіпкерлікті дамыту – қаланың әлеуметтік-экономикалық өсімінің маңызды құрамдас бөлігі екенін атап өтіп, форум жұмысына сәттілік тіледі.

Сондай-ақ, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, Respublica партиясының аймақтық кеңес төрағасы Асқар Молдабек сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсіпкерлікті қолдауға қатысты тапсырмаларының өңірде орындалу барысына тоқталды. Оның айтуынша, партияның белсенді араласуымен өңірде салықтық режимге қатысты бірқатар оң шешімдер қабылданған.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасын кідіріссіз қабылдау қажеттігін атап өткен болатын. Бұл құжат өңірлік ерекшеліктерді ескеріп, кәсіпкерлерге дәлме-дәл қолдау көрсетуі тиіс. Мемлекет басшысы жергілікті өнім мен технологиялардың тиімділігін көрсете отырып, мемлекет пен бизнес «ынтымақты жауапкершілік» қағидаты бойынша жұмыс істеген жағдайда ауылдар мен шағын қалалардың дамуына серпін беретінін айтты, – деді Асқар Молдабек.

Шымкент қаласының әкімдігі мен жергілікті кәсіпкерлер бірлестігі әйелдер кәсіпкерлігін қолдау бағытында қоғамдық кеңестер, нетворкингтік кездесулер ұйымдастырып, тәжірибе алмасуға жағдай жасайды. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан әйелдер кәсіпкерлерін қолдауға бағытталған заңнамалық және қаржылық мүмкіндіктер туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

«Re.Women деген қауымдастығымыз бар. Соған қолдау көрсету мақсатында оңтүстік өңіріндегі қыздарымыздың мүмкіндігі, олардың қандай қамқорлықта екендігі, қолдарынан не келетіндігі және тағы басқа біздің партия тарапынан үлкен көмек көрсетіп жатыр»,- дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұргүл Тау. 

Осы шаралардың нәтижесінде қаладағы әйелдер кәсіпкерлігінің үлесі артып, әйелдер жаңа бизнес жобаларды іске қосып, қоғамдағы белсенді рөлін күшейтуге мүмкіндік алады. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, Шымкент қаласында әйелдер көшбасшылығы мен кәсіпкерлігін дамытуға тұрақты жағдайлар жасалатын болады.

Бадам тас жолында жол ережесін бұзу фактілері дрон көмегімен анықталды
Еріктілерге арналған танымдық-квест өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу