Қайнарбұлақ тұрғын алабында электр желісінің құрылысы жүргізілуде
Шымкент қаласының Қайнарбұлақ тұрғын алабында электр желісі құрылысының 2-кезегі жүзеге асырылуда. Жоба іске асқан жағдайда 4 мыңға жуық абонент тұрақты және сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етіліп, аумақта заманауи электр инфрақұрылымы қалыптастырылады.

Жобаны Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының тапсырысы бойынша «Отау Строй» ЖШС мердігер мекемесі жүзеге асыруда.
Жалпы 90 шақырымға жуық желі тартылып, 26 дана трансформатор қойылады.
Наурыз айында басталған құрылыс 2026 жылдың күзінде аяқталады деп күтілуде. Бүгінгі таңда жоспарлы жұмыстың 30 пайызы орындалды. Жоба Шымкент қаласының инженерлік инфрақұрылымын дамытуға, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және қаланың тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді.
Жалпы Шымкент қаласында тұрғын алаптарды сапалы әрі тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Қаланың қарқынды дамуы, жаңа шағынаудандар мен тұрғын алаптардың бой көтеруі инженерлік инфрақұрылымға, оның ішінде электр желілеріне түсетін жүктемені арттырып отыр. Осыған байланысты жергілікті атқарушы орган тарапынан электрмен жабдықтау жүйесін жаңғырту мен кеңейтуге ерекше көңіл бөлінуде.
Қала аумағындағы жаңа және бұрыннан қалыптасқан тұрғын алаптарда электр желілерін тарту, трансформаторлық қосалқы станциялар орнату және тозығы жеткен желілерді жаңалау жұмыстары жоспарлы түрде атқарылуда. Бұл шаралар электр қуатының үзіліссіз берілуін қамтамасыз етіп, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар, халық санының өсуі мен жеке тұрғын үй құрылысының қарқынды жүргізілуін ескере отырып, электр желілерінің өткізу қабілетін арттыру мәселесі де назарда. Қосымша қуат көздерін енгізу, резервтік желілер салу және заманауи жабдықтарды пайдалану арқылы электр жүйесінің сенімділігі күшейтілуде.
Электрмен қамту жұмыстары барысында қауіпсіздік талаптарының сақталуына да ерекше мән берілуде. Мамандар электр желілерін пайдалану кезінде тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, апатты жағдайлардың алдын алу бойынша профилактикалық шаралар қабылдауда.
Аталған жұмыстардың нәтижесінде Шымкент қаласындағы тұрғын алаптар кезең-кезеңімен сапалы электр энергиясымен қамтылып, қаланың инженерлік инфрақұрылымы нығая түсуде. Бұл өз кезегінде қала тұрғындары үшін қолайлы, қауіпсіз және жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.


