Қала инфрақұрылымын қалай дамытып жатыр?

Oinet.kz 12-12-2025 8

Шымкент мегаполисінің инфрақұрылымдық дамуы соңғы жылдары ерекше қарқын алып келеді. Қаланың өсу динамикасы тек экономикалық көрсеткіштермен емес, ең алдымен тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін жағдайлардың жақсаруымен өлшенеді. 

Screenshot_15.jpg

Осы тұрғыда ауыз су, электр энергиясы, табиғи газ сияқты негізгі инженерлік желілерді жаңарту мен кеңейту жұмыстарының нәтижесі айқын сезіліп отыр. Астана қаласында өткен брифинг барысында Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында атқарылған жұмыстарды жан-жақты баяндап, нақты деректерді ұсынды.

Әкімнің айтуынша, биылғы жылы ең ірі жобалардың бірі Қызылжар-2, Ақжайық және Тұран шағынаудандарын орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету. Бұрын су тасымалдап ішетін немесе қысым төмен желілерге тәуелді болып келген 11 мыңға жуық тұрғын биыл толыққанды сапалы суға қол жеткізді. Бұл  тұрғындардың өмір сапасын тікелей көтеретін, күнделікті тұрмысқа үлкен жеңілдік әкелетін шешім.

Ұңғыма суына қарап отырған Текесу мен Айкөл елді мекендері үшін де биыл тарихи жыл болды. 32 шақырым су құбыры тартылып, осы екі елді мекен алғаш рет орталықтандырылған таза су жүйесіне қосылды. Бұл  ондаған жылдар бойы шешімін таппай келген мәселенің түйіні тарқатылды деген сөз. Қала әкімінің айтуынша, бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады, мақсат әрбір үйге тұрақты сапалы су жеткізу.

Электр энергиясына қатысты жағдай да біршама жақсарған. Қызылжар-2, Ақжайық, Азат, Тұран және Құрсай шағынаудандарында жалпы саны 13 мыңға жуық адам сапалы электр желілеріне қосылып жатыр. Бірнеше жыл бойы құрылысы созылып келген «Ақжар» қосалқы станциясының пайдалануға берілуі аймақтың энергетикалық тұрақтылығын қамтамасыз ететін үлкен қадам. Бұл станцияның іске қосылуы жаңа шағынаудандардағы ұзақ жылдар бойы туындап келген жарық мәселесін шешуге мүмкіндік берді.

Өңірдегі электр энергиясы тапшылығы мәселесі де назардан тыс қалмаған. «Қазығұрт» қосалқы станциясының қуатын арттыру жобасы жүзеге асып, нәтижесінде 40 мыңға жуық тұрғын мен ондаған өндіріс орны үздіксіз электрмен қамтамасыз етілетін болды. 

Ал табиғи газбен қамту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылған. Шымкенттің шеткі аймақтарында орналасқан елді мекендерге газ тарту мәселесі жылдар бойы көтеріліп келген еді. Биылдың өзінде 25 мыңға жуық адам газ жүйесіне қосылып, көмір мен ағашқа тәуелділіктен арылды. 

Газ жүйелерін тек жүргізіп қана қоймай, олардың қауіпсіздігін тұрақты бақылауда ұстау мақсатында жаңа технология енгізілді. «Пергам» деп аталатын жылжымалы қондырғы сатып алынып, 107 шақырым құбыр тексерілді. Диагностика нәтижесінде табылған 67 ақау дер кезінде қалпына келтіріліп, тұрғындардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. 

Брифинг барысында қала әкімі атқарылған жұмыстардың нақты нәтижесін келтірді: бүгінгі таңда Шымкент тұрғындарының 99,9 пайызы ауыз сумен, 100 пайызы электр энергиясымен, 98 пайызы табиғи газбен қамтамасыз етілген. Бұл – миллионнан астам халқы бар мегаполис үшін айтарлықтай көрсеткіш. Қала күн сайын кеңейіп, жаңа шағынаудандар пайда болып жатқанын ескерсек, бұл жұмыстардың ауқымы мен жауапкершілігі тіпті жоғары.

Балалар робототехниканы қайда үйренеді?
"Pacs systems" қалай жұмыс істейді?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу