Шымкент өндірісі өрлейді

Oinet.kz 11-12-2025 21

Шымкент қаласы соңғы жылдары өндіріс аймақтарын дамытуға басымдық беріп келеді. Соның бір айғағы «Жұлдыз» индустриялық аймағында құрылып жатқан шағын өнеркәсіп аймағы.

Screenshot_5.jpg

Қала экономикасына жаңа серпін беруді көздейтін бұл жоба шағын және орта бизнеске арналған дайын инфрақұрылымды бір жерде шоғырлауды мақсат етеді. Аумағы 10 гектарды қамтитын нысан екі кезең бойынша салынуда. Жалпы инвестиция көлемі – 13 млрд теңге.

Жобаның алғашқы кезеңі толығымен аяқталған. Бұл кезеңде 24 мың шаршы метр өндірістік ғимараттар, қоймалар және инфрақұрылымдық нысандар бой көтерді. Ғимараттар инженерлік желілермен қамтамасыз етіліп, кәсіпкерлерге «дайын өндірістік орын» форматында ұсынылды. Мұның басты тиімділігі  кәсіпкерлер уақытын құрылысқа емес, тікелей өндірісті іске қосуға бағыттай алады.

Бүгінде алаңның алғашқы бөлігі нақты өндірістермен тола бастады. Үш резидент өз жұмысын іске қосып үлгерген. Олар азық-түлік, тұрмыстық тауар және жеңіл өнеркәсіп бағытында өнім өндіруде. Тағы екі кәсіпорынмен алаңды жалға алу және өндірісті орналастыру жайында келіссөздер жүргізіліп жатыр. Әр кәсіпорын өндіріс көлеміне қарай өзіне қажетті алаңды таңдауға мүмкіндік алады.

Қазір аймақта шамамен 100 адам еңбек етеді. Жоба толық жұмыс істегенде бұл көрсеткіш кемінде үш есеге артады деп күтіліп отыр. 300-ден астам жұмыс орнының ашылуы қаланың еңбек нарығына елеулі қолдау.

Екінші кезең аясында 20 мың шаршы метр жаңа ғимараттар салынуда. Құрылыс қарқыны тұрақты, жұмыстар жоспарға сай жүріп жатыр. Жаңа нысандар жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп көзделген. Екінші кезең аяқталған соң аймақтың өндірістік әлеуеті еселеп артады.

«Жұлдыз» индустрииялық аймағының артықшылығы дайын инфрақұрылым ғана емес, логистикалық қолайлылық. Қаланың негізгі жол торабына жақындығы өнім тасымалдау шығындарын азайтады. Бір аумақта шоғырланған кәсіпорындар арасында кооперациялық байланыс орнату мүмкіндігі де жоғары. Бұл – өндірістің өзіндік құнын төмендететін маңызды факторлардың бірі.

Қала әкімдігі жобаны бастапқы кезеңнен бастап қадағалап келеді. Кәсіпкерлерге қажетті кеңес, инфрақұрылым мәселелерін түсіндіру және мемлекеттік қолдау құралдары бойынша ақпарат беру жұмыстары жүргізілуде. Әсіресе жаңа кәсіп ашқандар үшін дайын өндірістік алаң қажеттіліктерді жеңілдететін тиімді мүмкіндік болып отыр.

Жоба толық іске асқанда Шымкенттің өнеркәсіптік картасы айтарлықтай кеңейеді. Қалада өндірістік инфрақұрылым дамып, жаңа технологияларды енгізуге жол ашылады. Сонымен қатар жергілікті өнім түрлері артып, өңірдің экспорттық әлеуеті күшейеді.

Шағын өнеркәсіп аймағы  бір ғана өндіріс алаңы емес. Бұл қалада кәсіпкерлік дамуына бағытталған ұзақмерзімді жоспардың нақты қадамы. Қолайлы инфрақұрылым, дайын алаң, логистикалық мүмкіндіктер барлығы да кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған. Нәтижесінде өндіріс көлемі артып қана қоймай, жаңа жұмыс орындары құрылып, өңір экономикасы тұрақты дамуға бет алады.

Шымкентте алып жылыжай кешені құрылысы басталды
Шымкент: Өндіріс пен инновацияның жаңа тынысы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу