Қаратау ауданында жаңа гүлзар ашылды
Шымкент қаласы күн санап көркейіп, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауда қарқынды дамып келеді. Соңғы жылдары қаладағы экологиялық жағдайды жақсарту және тұрғындардың демалыс орындарын көбейту мақсатында көптеген гүлзарлар салынып жатыр.

Бұл бастамалар тек қала эстетикасын жақсартумен ғана шектелмей, сонымен қатар экологиялық тұрақтылықты сақтауға үлкен үлес қосады. Бір сөзбен айтқанда Шымкент саябақтар мен гүлзардар қаласына айналып келеді. Жақында гүлзарлардың қатары тағы бір әсем нысанмен толықты. Қаратау ауданы аумағын абаттандыру және көгалдандыру бағытындағы жоспарлы жұмыс жалғасуының нәтижесінде аудан әкімдігі ғимаратының жанынан жаңа Қаратау гүлзары пайдалануға берілді.
Демеушілердің қолдауымен салынған гүлзар ауданның келбетін көркейтуге, жасыл аймақтың көлемін ұлғайтуға және тұрғындарға қолайлы демалыс орнын қалыптастыруға үлес қосып отыр.
Айта кетейік, биыл Қаратау ауданында жаңа 14 гүлзар салынды. Шапағат, Мирас, Алтын орда, Тұран, Қайтпас-1, Нұртас, Таскен, Нұрсәт шағынаудандары мен Сайрам, Шапырашты, Өтеміс тұрғын алабтарында демалыс орындары ел игілігіне берілген.
Бұл бағыттағы жұмыстар аудан аумағындағы қоғамдық кеңістіктерді кеңейтіп, тұрғындардың демалысына қолайлы жағдай жасауға, ауданның жалпы инфрақұрылымын жақсартуға септігін тигізеді.
Айта кетейк, қаладағы гүлзарлар тұрғындарға таза ауада серуендеуге, табиғат аясында демалуға мүмкіндік береді. Көптеген жаңа жобаларда ерекше дизайндық шешімдер қолданылып, түрлі гүлдер мен ағаштар отырғызылды. Бұл Шымкент қаласын көркем етумен қатар, экологиялық тепе-теңдікті сақтау мақсатында жүзеге асырылады. Қаладағы ауа сапасын жақсартуға, жаздың ыстық күндерінде қала тұрғындарына сая болатын орындар жасалуда.
Шымкентте салынып жатқан гүлзарлар қала өмірінің жаңа символына айналып, тұрғындардың денсаулығы мен экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып отыр. Қаладағы әрбір жаңа гүлзар тұрғындар үшін жайлы, әдемі және табиғатпен үйлесімді демалыс аймағына айналуда.


