«Айтылды – орындалды» қағидаты: халық пен биліктің тиімді диалогы

Oinet.kz 10-12-2025 5

Шымкент қаласында қоғамдық мәселелерді шешуде «Айтылды – орындалды» қағидаты тұрақты жұмыс істеп келе жатқан тиімді механизмге айналды. Бұл қағида халықтың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдап қана қоймай, олардың нақты іске асырылуын қамтамасыз етуге бағытталған.

image.png

Механизм аясында тұрғындар қала инфрақұрылымы, әлеуметтік қызметтер, жол жөндеу, абаттандыру, экология, тұрғын үй, құқықтық мәселелер және өзге де өзекті бағыттар бойынша өз ұсыныстары мен шағымдарын тікелей жеткізе алады. Барлық өтініштер тіркеліп, тиісті сала мамандарының қарауына түседі және орындалу барысы қадағаланады.

Осы орайда Шымкент қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Дария Сайрамбаева «AMANAT» партиясы Әл-Фараби аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне жүгініп, А.Алимбетов көшесіндегі ойын алаңшасы әбден тозып, тұрғындарға ыңғайсыздық тудырып жүргенін жеткізген еді.

Азаматтардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыруды басты мақсат еткен партия өкілдері бұл мәселені назардан тыс қалдырған жоқ. Қоғамдық қабылдауға келіп түскен өтініш негізінде Әл-Фараби аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ердаулет Жүнісбек аудан әкімдігіне ресми хат жолдады. Нәтижесінде аталған жердегі тозығы жеткен ойын алаңшасы толықтай жаңартылды.

Сондай-ақ «AMANAT» партиясы Тұран аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне қала тұрғынынан Б.Момышұлы көшесіндегі №29 үй ауласында орналасқан орындықтардың тозуына қатысты өтініш түсті. Тұрғынның айтуынша, орындықтардың ұзақ уақыт бойы жөндеу көрмеуі тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлылығына кері әсерін тигізіп келген.

Өтініш түскен сәттен бастап мәселе партия тарапынан бақылауға алынды. Тұран аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Есімхан Қалмаханұлы бұл мәселе бойынша Тұран ауданы әкімдігіне тиісті түрде хабар берілетінін атап өтті. Партия филиалының негізгі міндеттерінің бірі – азаматтардың ұсыныс-тілектеріне жедел әрекет ету және оларды шешу жолдарын үйлестіру екенін ескере отырып, жұмыс жүйелі түрде жүргізілді.

Нәтижесінде Тұран КММ-нің абаттандырылған нысандарды күтіп ұстау бөлімі мекенжайға мамандарды жіберіп, орындықтарды қалпына келтіру жұмыстарын толық орындады. Тозығы жеткен бөлшектер ауыстырылып, орындықтардың сыртқы келбеті жаңартылды. Тұрғындардың көтерген мәселесі толық шешімін тапты.

«Айтылды – орындалды» қағидаты аясында атқарылған бұл іс тағы бір мәрте партия мен билік өкілдерінің халық үніне құлақ асып, нақты әрекет ететінін көрсетті.

Бұл – тұрғындармен тиімді кері байланыстың нақты нәтижесі.

Жүйенің басты мақсаты – билік пен қоғам арасындағы сенімді нығайту, тұрғындардың пікірін шешім қабылдау процесіне тиімді енгізу және қызмет көрсету сапасын арттыру болып табылады. Әр өтініш нақты мерзімде қаралып, шешімін табуы арқылы тұрғындар өз ұсыныстарының мән-маңызын көріп, мемлекеттік органдарға деген сенім арттырылады.

Бұл қағида тұрғындар үшін ғана емес, мемлекеттік қызметкерлер үшін де маңызды. Ол әрбір мәселеге жүйелі түрде қарауға, жауапкершілікті күшейтуге және қала басқару процесін ашық жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, халықтың белсенді қатысуы арқылы қоғамдық бақылау күшейіп, мегаполистің дамуының сапасы арттырылады.

«AMANAT» партиясы тұрғындар өтініштерінің дер кезінде қаралуын және әрбір мәселенің нақты шешімін табуын басты назарда ұстайды. Партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері бұдан әрі де азаматтардың тыныс-тіршілігіне қатысты өзекті мәселелерін қабылдап, нәтижелі жұмыс жүргізуді жалғастырады.

«Таза бейсенбі» 50-ші рет өткізілді
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу