Шымкент тұрғындарының 99 пайызы коммуналдық қызметпен қамтамасыз етілді
Орталық коммуникациялар қызметі алаңында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков халықтың тұрмыстық сапасын жақсарту мақсатында инженерлік және жол инфрақұрылымын дамыту, баспанамен қамту, экологиялық таза жайлы орта құру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Айтуынша инженерлік инфрақұрылымды дамыту аясында биыл Қызылжар-2, Ақжайық, Тұран шағын аудандарында 11 мыңға жуық халық ауыз сумен қамтылған. Ұңғыма арқылы су ішіп отырған Текесу және Айкөл елді мекендеріне 32 шақырым су құбыры тартылып, орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қостық. Қызылжар-2, Ақжайық, Азат, Тұран және Құрсай шағын аудандарындағы 13 мыңға жуық халық сапалы электр энергиясына қосылуда. 2019 жылдан бері құрылысы созылған «Ақжар» қосалқы станциясы пайдалануға берілді. Өңірдегі электр энергиясы тапшылығын азайту мақсатында «Қазығұрт» қосалқы станциясының қуаттылығын ұлғайтып, 40 мыңға жуық тұрғындар мен өндіріс орындарын үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік жасалды. 2025 жылдың 1 желтоқсандағы жағдай бойынша Шымкент қаласында 1,8 млрд кВт сағат электр энергиясы өндірілді. Ал, тұтыну көлемі 6,9 млрд кВт сағатқа жетті. Өңірдегі электр энергиясын таратумен “Оңтүстік Жарық Транзит” ЖШС айналысады. Компанияның балансында бүгінде 23,2 мың шақырым электр желілері және шамамен 6,3 мың трансформаторлық қосалқы станция бар.
Шағын аудандарда тұратын 25 мыңға жуық тұрғын табиғи газға қол жеткізді. Газ жүйелеріндегі ақауларды анықтайтын «Пергам» жылжымалы қондырғысы алынып, диагностика жүргізілген 107 шақырым құбырлардан анықталған 67 ақау қалпына келтірілді.
«Қала тұрғындарының 99,9%-ы ауыз сумен, 100%-ы электр энергиясымен, 98%-ы табиғи газбен қамтылды», - деді қала әкімі ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Сонымен қатар, қала әкімінің айтуынша, инвестицияларды тарту және өндіріс орындарын дамыту үшін инженерлік жүйелердің қуаттылығын арттыру қажет.
— Президентіміздің «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында «Оңтүстік Жарық Транзит» компаниясы есебінен 26 миллиард теңгеге «Қызылсу» қосалқы станциясын салу жоспарланып отыр, — деді Ғабит Сыздықбеков.


