Кәсіптік оқу - жұмыссыздарға жаңа мүмкіндік
Шымкент қаласында жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі артып келеді. Соның жарқын үлгісі – қала тұрғыны Пернекүл Қалыбекқызы. Ол қалалық жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, мамандардың кеңесіне сәйкес кәсіптік оқытудан өтуге жолдама алған.

Пернекүл Қалыбекқызы көп жылдан бері тігін ісіне қызығып, өз кәсібін ашуды армандап жүргенін айтады. Мемлекеттік қолдау шаралары нәтижесінде ол қазіргі таңда Alisha оқу орталығында тігінші мамандығын меңгеруде. Оқу барысында ол заманауи тігін машиналарымен жұмыс істеу, киім үлгісін дайындау, пішу және дайындау технологиясы сияқты дағдыларды игеріп жатыр.
«Менің арманым тігін саласында жұмыс істеу болатын. Бұл арманыма жетуге арнайы білімімнің жоқтығы тұсау болып келген еді. Мамандардан қалада кәсіптік оқыту бағдарлам асы барып есітіп, қатысуға бел байладым. Қазір тігін саласын үйреніп жатырмын. Қолымның да икемі келіп қалды. Ештен кеш жақсы дейді ғой. Жасым 49-ға келсе де тігін өнерін меңгеріп жатқаныма өте қуаныштымын. Оқу орталығында жүріп кәсіп меңгеру ешқашан кеш емес екенін түсіндім. Тігістің түр-түрін үйреніп жатырмын. Ендігі мақсатым осы кәсіпті одан әрі тереңірек меңгеріп, өз кәсібімді ашу»,- дейді қала тұрғыны Пернекүл Қалыбекқызы.
Жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бағдарламасы жұмыссыз азаматтардың еңбек нарығында сұранысы жоғары мамандықтарды меңгеруіне мүмкіндік береді. Табысты аяқтаған тыңдаушылар тұрақты жұмыс орындарына орналаса алады немесе өз кәсібін бастау үшін мемлекеттік грант алуға өтініш бере алады.
Пернекүл Қалыбекқызы да алдағы уақытта жеке шағын тігін шеберханасын ашып, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуді мақсат етіп отыр. Ол ұсынылып отырған мемлекеттік қолдаулардың азаматтарға жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.
Мемлекеттік бағдарламалар аясында осындай нақты нәтижелердің артуы – жұмыспен қамту саясатының тиімді жүзеге асып жатқанын көрсетеді.
Жалпы орталық 25 жұмыссыз қыз-келіншек білім алуда. Оның ішінде 20 шәкірт «кестелеуші», 5 адам «тігінші» мамандығын игеру үстінде.
Шымкент қаласында жұмыссыз тұрғындарды жұмыспен қамтудың бір тетігі ретінде кәсіптік оқыту ұйымдастырылады. Қаладағы 18 жастан зейнет жасына дейінгі «жұмыссыз» санатындағы азаматтар жұмыс берушілердің сұранысына сай жаңа мамандықтарға қайта даярлана алады. Биыл осы бағытта 760 тұрғын кәсіптік оқуға жолданды. Оның ішінде 600-і білім беруұйымдарында, ал 160-ы жұмыс берушілердіңөндірістік базасында тәжірибе жинақтауда. Бүгінде олардың басым бөлігі оқуын аяқтап, сертификат алуда.
Кәсіптік оқуға қатысушыларға шәкіртақы төленеді. Білім беру ұйымдарында оқитындарға – 43 574 теңге, жұмыс орындарында тәжірибеден өтушілерге – 78 640теңге. Оқу аяқталған соң қатысушыларға арнайы сертификат табысталып, еңбекке орналасу мүмкіндігі ұсынылады.
Кәсіптік оқыту келесі салалар бойынша жүргізіледі: стилист-шаштараз, визажист, бухгалтер-кассир, аспаз, кондитер, тәрбиеші көмекшісі, тігінші-пішуші, автомеханик, слесарь-сантехник, электрогазбен дәнекерлеуші, электрик, киім дизайнері, кестелеуші. Аталған мамандықтар қазіргі еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие.
Жаңа кәсіп игеруге ниетті азаматтар тұрғылықты мекенжайы бойынша аудандық мансап орталығына барып, «жұмыссыз» мәртебесін алуы қажет. Бұл мәртебеге ие болған азаматтар кәсіптік оқуға қатысуға өтінім бере алады.
2026 жылы 610 жұмыссыз тұрғынды кәсіптік оқуға жіберу жоспарланып отыр. Оның 450-і білім беру ұйымдарында, 160-ы жұмыс берушілердің жұмыс орнында оқытылатын болады.
Қысқа мерзімді кәсіптік оқытудың басты мақсаты – жұмыссыз азаматтарды заманауи талаптарға сай мамандықтарға бейімдеу арқылы олардың еңбек нарығына жылдам араласуын қамтамасыз ету. Бұл шара әлеуметтік қолдау тетігі ретінде ғана емес, кәсіби біліктілікті арттырудың тиімді жолы ретінде қарастырылуда. Оқыту аяқталғаннан кейін қатысушылардың тұрақты жұмыс орындарына орналасуына жәрдем көрсетіледі.


