Шымкент дәрігерлері жаңа туған нәрестеге бір күнде екі күрделі ота жасады
Шымкент қалалық перинаталдық орталығының дәрігерлері жаңа туған нәрестенің өмірін сақтау үшін шұғыл түрде екі бірдей жоғары технологиялық хирургиялық операция жасады. 25 қарашада дүниеге келген сәбидің жағдайы сол сәттен бастап ауыр болды.

Мамандардың айтуынша, нәрестеде бірқатар күрделі туа біткен ақау – меконийлі перитонит, гидроцеле, орхит және екі жақты пиелоэктазия анықталып, оның жағдайы тез нашарлап кетеді. Дәрігерлер консилиумы нәрестеге дереу хирургиялық көмек көрсетуді ұйғарып, бір уақытта бірнеше ақауды жоюға бағытталған жоғары технологиялық ота жасады.
Бірінші отада оң жақтан көлденең лапаротомия, іш қуысына толық ревизия, мықын ішегінің кистозды екі еселенген бөлігін резекциялау, илеостома шығару, іш қуысын санациялау және дренаждау жүргізілді. Ал екінші отада сол жақ ұрық қабықтарына ревизия жасалып, дренаждалды.
Қазіргі таңда нәрестенің жағдайы тұрақталып, өздігінен тыныс алуда, дәрігерлердің бақылауында жатыр. Осылайша мамандардың жоғары кәсібилігі, үйлесімді командалық жұмысы және дер кезінде қабылданған шешімнің нәтижесінде сәбиге жоғары деңгейде медициналық көмек көрсетілді.
Мамандар бұл жағдайдың жоғары кәсіби дайындықты, жедел шешім қабылдауды және көпсалалы командалық жұмысты талап еткенін атап өтті. Перинаталдық орталықта мұндай күрделі операцияларды жүргізуге қажетті мамандар, заманауи жабдықтар және реанимациялық қолдау толық қамтамасыз етілген. Заманауи операциялық жабдықтар, эндоскопиялық құрылғылар, мониторинг жүйелері және жаңа туған нәрестелерге арналған реанимациялық техника ота барысында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар реанимациялық бөлімшенің қуаты нәрестелерге көпсатылы интенсивті терапия жүргізуге, операциядан кейінгі жағдайын тұрақты бақылауға және асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді. Мекеме басшылығы медициналық персоналдың үздіксіз білім жетілдіруін, жаңа әдістемелерді меңгеруін және халықаралық стандарттарға сәйкес жұмыс жүргізуін басым бағыт ретінде белгілеген. Соның нәтижесінде перинаталдық орталықта жаңа туған нәрестелерге көрсетілетін мамандандырылған көмектің сапасы жыл сайын артып келеді.


