Табиғат пен экономиканы тоғыстырған сала
Шымкент – өнеркәсібі, қызмет көрсету саласы және шағын кәсіпкерлігі қарқынды дамыған мегаполис. Соңғы жылдары қалада дәстүрлі аграрлық бағыттардың бірі – омарта шаруашылығы да жаңа серпін алып, ауылдық аймақтарда ғана емес, қалаға қарасты тұрғын алаптарда да кеңінен дамып келеді. Бал өндірумен айналысатын кәсіпкерлер саны артып, өнім түрлері көбейіп, жергілікті нарықта шымкенттік балдың өзіндік орны қалыптасты.

Шымкент қаласы мен оған қарасты аумақтар климаты мен өсімдіктер дүниесі жағынан омарта шаруашылығын дамытуға өте қолайлы. Аймақта жылы климат, ұзақ гүлдеу кезеңі, бал беретін өсімдіктердің мол қоры бар. Сарыағаш, Төлеби, Түлкібас, Қазығұрт аудандарының таулы және далалы аймақтары Шымкент омарташылары үшін негізгі бал көзіне айналып отыр. Бұл жерлерден жиналған балдың сапасы жоғары, емдік қасиеті мол. Кәсіп иелері үшін мемлекет тарапынан да қолдау бар. "Аграрлық несие корпорациясы", "Ауыл шаруашылығын қолдау қоры" арқылы жеңілдетілген несиелер ұсынылып, омарта шаруашылығын кеңейтуге жағдай жасалуда. Шымкент – халқы көп, тұтынушылығы жоғары қала. Тұрғындар арасында табиғи өнімге сұраныс артқан сайын бал өндірушілер үшін жаңа мүмкіндіктер ашылуда. Шымкенттік бал дүкендер, жәрмеңкелер, фермерлік базарлар, онлайн сауда алаңдары арқылы сатылымға шығуда. Жергілікті балдың сапасы мен табиғилығына сенім артып отырған тұтынушылар саны жылдан жылға көбеюде.
Шымкенттік омарташылар енді бал экспортын арттыруды көздеп отыр. Қазір Ресей, Қытай және Өзбекстан елдерімен арада құжат рәсімделіп жатыр. Айта кетерлігі өңірде бал өндірушілердің саны да артқан. Бұған дейін мемлекеттік субсидия селекциялық жұмыстарға ғана берілсе, ал қазір өндірілген бал көлеміне қарай қолдау көрсетіледі. Бұл өзгеріс шаруашылықтарға жаңаша серпін сыйлады. Осыған сәйкес жиналған ара балы бірге өңделіп, нарық талаптарына сәйкестендірілді. Заманауи технологиялар өнім сапасын жақсартуға мүмкіндік берді. Қазір қаладағы отбасылық омарташылардың біріктірген шаруашылықта жылына 80 тонна өсім шығарылады.
Табиғи бал – минералдарға, дәрумендерге және ферменттерге бай, адам денсаулығына пайдалы өнім. Балдың сапасы тікелей климаттық жағдайға, өсімдік түрлерінің көптігіне, ара тұқымына және күтіміне байланысты. Ара өсіру – үздіксіз бақылауды, үлкен жауапкершілікті талап ететін кәсіп. Шебер омарташы ара ұяларын мезгілінде тексеріп, ара ауруларының алдын алып, шабындықтар мен жайылымдардағы гүлдену кезеңін дұрыс жоспарлап, омарта орындарын желден, күннің ыстығынан қорғай отырып орналастыруы керек. Көктемгі бал араларын күту, жазғы бал жинау маусымы, күзгі қыстаққа дайындау сияқты кезеңдердің әрқайсысы ерекше еңбек пен тәжірибе қажет етеді. «Омарташылар өнімін өткізу үшін ресми келісім-шарттарға иек арта бастады. Енді ара балы дүкендер мен сауда желілеріне тікелей шығарылады. Жаңа бағдарлама тұтынушылар үшінөте тиімді»,- дейді омарташы Ирина Демидова.
Омарташылар өнім көлемін арттыру үшін ғылыми әдісткерге сүйенуде. Қалада соңғы жылдары аралардың жаңа буыны өсіріліп, балдың да сақталу мерзімі артқан. Өнімге де сұраныс жоғарылап келеді. «Статистикалық 5 жылдықты қарасақ, біздің араларға сұраныс жыл сайын көбейіп жатқанын байқаймыз. Шамамен 20-30 пайызға көтерілді. Бұл араларды біз шетелге өзіміздің бренд ретінде таныстырғымыз келеді»,- дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Роза Жұмақылышқызы.
Ара – табиғаттағы ең маңызды тозаңдандырушы жәндіктердің бірі. Ғалымдардың мәліметінше, өсімдіктердің 70 пайызға жуығы ара арқылы тозаңданады. Бұл ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға, жеміс-жидек пен көкөніс сапасын жақсартуға, экожүйенің тепе-теңдігін сақтауға тікелей әсер етеді. Сондықтан омарта шаруашылығын дамыту – тек өндіріс емес, табиғатты қорғаудың да бір бөлігі.
Омарталық – ірі көлемді инвестиция талап етпейтін, шағын кәсіпкерлікке тиімді салалардың бірі. Бірнеше ара ұясынан бастаған омарташы жыл сайын табысын көбейтіп, шаруашылығын кеңейте алады. Таза табиғи өнімге сұраныстың артуы бұл бизнестің болашағының зор екенін көрсетеді.
Соңғы жылдары қала маңындағы жәрмеңкелер мен фермерлік дүкендерде жергілікті бал өнімдеріне деген қызығушылық айтарлықтай өскені байқалады. Жергілікті шаруашылықтар жылына 320 тонна бал өндіреді. Субсидиялау бағдарламасы эскпорттық әлеуетке оң әсер етуі тиіс дейді салаға жауаптылар. «Биылғы жылы бұл салаға 30 миллионның үстінде субсидия қарастырылған. Егер жылдың соңына дейін өнімдердің саны артатын болса қосымша қаржы қаралатын болады. Қазіргі уақытта шымкенттік балды Өзбекстан, Қытай мемлекеттеріне экспорттау бойынша жұмыстар атқарып жатыр»,- дейді Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының бөлім басшысы Сағдат Маханов.
Кейінгі кездері шаһарда шаруашылық саны екі есе артып, жалпы 18 мың ара ұясы тірелген. Шымкент өңіріндегі омарташылардың басым бөлігі – ондаған жылдық тәжірибесі бар, кәсіпті отбасылық деңгейде дамытып жүрген шаруалар. Олардың айтуынша, балдың сапасы ең алдымен табиғи орта мен ара күтімінің дұрыс ұйымдастырылуына байланысты.
Омарташылық – табиғатпен егізделген кәсіп. Ол бал өндіруден бөлек, экологиялық тепе-теңдікті сақтауға, ауыл мен қала экономикасын дамытуға және жергілікті халықтың табысын арттыруға мүмкіндік береді. Еңбек пен тәжірибені талап етсе де, табысты, сұранысы жоғары сала ретінде еліміздің аграрлық секторында өз орнын нығайтып келеді.
Шымкент қаласында омарта шаруашылығының дамуы – ауыл шаруашылығының жаңа тынысы. Табиғи ерекшеліктердің қолайлылығы, мемлекет қолдауы, кәсіпкерлердің белсенділігі және халықтың табиғи өнімге сұранысының артуы бұл саланың тұрақты дамуына жол ашып отыр. Алдағы жылдары жаңа технологиялар енгізіліп, кәсіби омарташылар қатары көбейсе, Шымкент бал өндіру бойынша еліміздегі алдыңғы өңірлердің біріне айналары сөзсіз.


