Кондитерлік өнімдер сатып ісі алға басты

Oinet.kz 09-11-2025 1

image.png

 

Мемлекеттік гранттардың басты мақсаты – азаматтарды өзін-өзі жұмыспен қамтуға ынталандыру. Грант иегерлері бастапқы капиталға ие болып, өз ісін бастауға жағдай жасайды. Мәселен, біреу шағын наубайхана ашса, енді бірі тігін цехын іске қосады, үшіншісі қызмет көрсету саласын дамытады. Осылайша, гранттар адамдарға экономикалық белсенділікке қайта оралуға жол ашады. Жұмыссыздарға берілетін гранттардың ерекшелігі — қайтарымсыз болуы. Яғни, азамат мемлекеттен алған қаражатты бизнес жоспарын жүзеге асыруға ғана жұмсайды, ал қайта өтеу талабы жоқ. Бұл көптеген адамдар үшін үлкен сенім мен мотивация береді. Сонымен қатар, грант алушылар қысқа мерзімді кәсіпкерлік курстарынан өтіп, бизнес жүргізудің қыр-сырын үйренеді. Бұл да олардың жаңа бастаманы сауатты әрі тұрақты түрде даму жолына қоюына көмектеседі.

"Қазақстан-2050" стратегиясында Қазақстанды әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіргізу мақсаты қойылды. Дамудың маңызды көрсеткіштерінің бірі – 2050 жылға қарай шағын және орта бизнес үлесін 50 пайызға жеткізу. Елбасы әрбір маңызды басқосуда кәсіпкерлікті дамыту жөнінде айтып, тиісті тапсырманы беріп те жатыр. Осыған орай, мемлекет экономиканы тұрақтандырудың негізгі бағыты ретінде кәсіпкер­лікті дамытуға барынша қолдау көрсетіп келеді. Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында көптеген ұлттық жобалар жүзеге асырылып, жемісін де беруде. Мәселен мемлекеттік грантпен талай адам кәсіпкер атануда. Солардың бірі  Шымкент қаласының тұрғыны Лаура Шонықбай. Жасы 29-да. Ол осы жылдың басында қалалық жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз жас ретінде тіркеліп, сәуір айында мемлекеттік грантқа үміткер ретінде жастар санатымен құжат өткізген. Оның кондитерлік өнімдер дайындау бизнес жоспарын комиссия мақұлдап оң қорытындысын берген. Көп ұзамай тиісті грант қаражаты тағайындалып, оған кәсібін бастауға арналған бірнеше құрал-жабдық сатып алған. 

- Мемлекеттің осынау қолдауы кәсіп бастаймын деген жастарға үлкен мотивация. Қармақ берді, ары қарай алып кету әркімнің өз қолында. Шын ниеті бар адам кез-келген істі алып кетеді. Оған сенімдімін. Қиындықтар болмайды емес, болады. Оны жеңетін бір-ақ нәрсе бар. Ол - еңбек, - дейді Лаура. 

Қазір Лаура кондитерлік өнімдер дайындап сату бизнесін жолға қойды. Кондитерлік өнімдер бизнесінің артықшылығы – оның икемділігінде. Кәсіпкер өндіріс көлемін қалауы бойынша кішкентай үйдің асханасынан бастап, үлкен цехқа дейін ұлғайта алады. Бастапқы кезеңде қарапайым құрал-жабдықтар мен шектеулі ассортимент те жеткілікті. Ал уақыт өте келе өнім түрлерін кеңейтіп, тапсырыс көлемін арттыруға болады. Кондитерлік саладағы тағы бір мүмкіндік – авторлық өнім жасап, ерекше дизайнмен безендіру арқылы бәсекеге қабілетті бренд қалыптастыру. Бұл бизнестің табысты болуына ең алдымен өнім сапасы мен шеберлік деңгейі әсер етеді. Жаңа піскен, табиғи қоспалардан жасалған торттар, печеньелер, кекс түрлері әрқашан жоғары сұраныста. Қазіргі тұтынушылар эстетикаға да мән береді, сондықтан кондитерлердің креативтілігі — маңызды фактор. Әсіресе туған күндерге, мерекелерге арналған арнайы торттар өндіру – табысты бағыттың бірі.

Салаға жауапты мамандардың мәліметінше ағымдағы жылы барлығы 1150 азаматқа мемлекеттік грант тағайындау жоспарланған болса, бірінші кезеңде 225 азаматқа грант тағайындалған.

Мемлекеттік грант қаражаты – ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады.

Мемлекеттік грант алуға  тіркелген жұмыссыздар, 3 жылдан кем дара кәсіпкер ретінде тіркелген немесе бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер үміткер бола алады.   Бұл ретте үміткер төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болу керек: еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар; өңіраралық қоныс аударушылар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көп балалы отбасыларға және оның жұбайына  төленетін жәрдемақы алушылар; мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам; асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар. 

Қияр егіп жағдайын түзеді
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу