Инженерлік инфрақұрылымның жаңаруы – қауіпсіз қаланың кепілі
Шымкент қаласында электрмен қамтамасыз ету инфрақұрылымы жыл сайын жаңарып, кеңейіп келеді. Мамандардың айтуынша, бүгінде қалаға қарасты 81 елді мекеннің барлығы толық электр қуатымен қамтылған.

Бұл – мегаполистің энергетикалық тұрақтылығы мен жаңа құрылыстардың дер кезінде инженерлік желілерге қосылуының нәтижесі. Қала тұрғындары тұтынатын жалпы электр қуаты шамамен 400–450 МВт болса, оның 121 МВт-ы «Энергоорталық-3» кәсіпорны арқылы жергілікті деңгейде өндіріледі. Қалған қуат Екібастұз МАЭС-інен 221 МВт, Шардара СЭС-інен 13 МВт және Жамбыл МАЭС-інен 40 МВт көлемінде тасымалданады.
Қала аумағында жалпы ұзындығы 6 966 шақырым электр желісі бар екені айтылады. Сонымен қатар 46 қосалқы станция мен 2 438 трансформатор тұрғындарға үздіксіз энергия таратуды қамтамасыз етеді. Оның ішінде коммуналдық меншікте 3 832 шақырым желі, 9 қосалқы станция және 1 217 трансформатор болса, «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС-нің теңгерімінде 3 133 шақырым желі, 37 қосалқы станция және 1 221 трансформатор бар.
Мамандар қаланың аумағы жылдан жылға кеңейген сайын жаңа шағынаудандарды сапалы электрмен қамту қажеттілігі артып отырғанын айтады. Осыған орай 2025 жылы бюджет есебінен сегіз жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, 110/10 кВ «Ақжар» қосалқы станциясының құрылысы толық аяқталып, іске қосуға дайын тұр. Ал «Бадам» қосалқы станциясының құрылысы 2026 жылға өтпелі жоба ретінде жалғасуда. Жаңа құрылыс аймақтары – Құрсай тұрғын алабы 2025 жылдың соңына дейін, ал Сайрам мен Қайнар бұлақ аумақтары 2026 жылға дейін аяқталмақ. Бұдан бөлек, Тұран-10 РП, Ақжайық және А.Оразбаева көшесіндегі ішкі орамдық жүйелер де 2025 жылдың соңына қарай пайдалануға беріледі. Жалпы, бұл жобалар 11 мыңға жуық тұрғынды сапалы электр қуатымен қамтуға мүмкіндік береді.
Электр инфрақұрылымын одан әрі күшейту мақсатында 2026–2028 жылдары тағы жеті қосалқы станцияның құрылысы жоспарланып отыр. Олардың қатарында «Ынтымақ», «Тұран», «Шымсити», «ТЛЦ», «ИЗ Бозарық-2», «Жұлдыз» және қуаттылығы ұлғайтылатын «Бозарық» қосалқы станциялары бар. Бұл – қаланың ұзақмерзімді энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды қадамдардың бірі.
Сала мамандары желілердің тозуы – басты мәселелердің бірі екенін атап өтеді. Бүгінде «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС-нің теңгеріміндегі электр желілерінің тозу деңгейі 57 пайызды құрайды. 2024 жылы жүзеге асқан инвестициялық бағдарлама аясында 100,5 шақырым желі, 36 трансформатор жаңартылып, бір қосалқы станция салынған. Нәтижесінде тозу деңгейі 57,3 пайыздан 57 пайызға төмендеген. Ал 2025 жылдың соңына дейін 90,5 шақырым желі, 33 трансформатор мен төрт қосалқы станция жаңартылып, ВЛ-35кВ желісі 3 шақырымға дейін ұзартылмақ. Жоспар бойынша жылдың соңында тозу деңгейі 56,4 пайызға төмендейді.
Анықтама ретінде айта кетсек, тозу деңгейі 50 пайызға дейінгі желілер «жасыл» аймақта, 50–64,9 пайыз аралығы «сары» деңгейде, ал 65 пайыздан жоғары желілер «қызыл» аймақта саналады. Мамандардың пікірінше, ескі қала аумағындағы жарықтың жиі сөнуі дәл осы тозған желілерге байланысты. Ал жаңа шағынаудандардағы ақаулар көбіне құрылыс компанияларының ережелерді сақтамауы, заңсыз қазба немесе құрылыс жұмыстарын жүргізуі салдарынан туындайды.
Жалпы, Шымкенттің электр инфрақұрылымын жаңарту мен кеңейту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып жатыр. Қаланың энергетикалық қауіпсіздігін арттыруға бағытталған жобалар тұрғындарды сапалы және тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.


