Шымкентте 449,4 млрд теңгеге 5 ірі инвестициялық жоба жүзеге асады
Астанада өтіп жатқан Жаһандық инвестициялар жөніндегі KGIR-2025 форумы аясында Шымкент қаласында жалпы құны 449,4 млрд теңге болатын бес ірі инвестициялық жобаны іске асыру туралы келісімдерге қол қойылды.

Іс-шараға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов қатысып, қала атынан бірқатар маңызды құжаттарға қол қойды.
Биылғы форум «Трансформация дәуіріндегі жаңа шешімдер: Қазақстан – тұрақты экономикалық дамудың орталығы» тақырыбында ұйымдастырылды. Оған 40 елден 700-ден астам қатысушы келді. Олардың қатарында мемлекеттік органдардың жоғары лауазымды өкілдері, трансұлттық корпорациялар мен ірі инвесторлардың басшылары, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен бизнес-қоғамдастықтардың өкілдері бар.
Форум барысында әлемдік нарықтағы өзекті үрдістер, инвестициялық стратегиялардың жаңа бағыттары және халықаралық капитал тартудың тиімді тетіктері талқыланды.
KGIR-2025 аясындағы дөңгелек үстел отырысында Шымкент қаласында жүзеге асырылатын бірнеше маңызды жобалар бойынша келісімдер жасалды.
Атап айтқанда:
• Ауыл шаруашылығы министрлігі, Шымкент қаласының әкімдігі және «FabeAgro» ЖШС арасында заманауи жылыжай кешенін салу жөнінде үшжақты келісім жасалды. Жоба құны – 68 млрд теңге.
• Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Шымкент қаласының әкімдігі және «Shaanxi Construction Kazakhstan Co., Ltd» ЖШС компаниясы арасында тұрмыстық қалдықтарды жағу арқылы электр энергиясын өндіру жобасы бойынша келісімге қол қойылды. Жоба құны – 55 млрд теңге.
Айдын Кәрімовтің айтуынша, бұл жобалар Шымкенттің инвестициялық тартымдылығын арттырып, өңір экономикасының тұрақты дамуына тың серпін береді.
«Жаңа жобалар қалада экологиялық және агроөнеркәсіптік өндірісті дамытуға жол ашады. Ең бастысы – жаңа жұмыс орындары ашылып, тұрғындардың әл-ауқаты артады», – деді ол.
KGIR-2025 аясында жасалған бұл келісімдер – Шымкенттің іскерлік беделін арттырып, қаланы Оңтүстік өңірдегі инвестициялық және өнеркәсіптік орталық ретінде нығайта түсетін маңызды қадам болды.


