Ауған кәсіпкерлері Шымкентпен серіктестік орнатуға ниетті
Шымкентте өткен бизнес-форум аясында ауған кәсіпкерлері Қазақстан нарығына шығуға және Шымкент қаласында өндіріс ашуға қызығушылық білдірді.

Форумда сөз алған Ауғанстан Ислам Әмірлігінің Индустрия және сауда министрі Нурридин Азизи екі ел арасындағы экономикалық және мәдени байланыстардың нығайып келе жатқанын атап өтті. Ол Қазақстан Үкіметіне және көрмені жоғары деңгейде ұйымдастырған Шымкент қаласының әкімдігіне ризашылығын білдірді.
Ол өз сөзінде Ауғанстанда өндірілетін табиғи және экологиялық таза өнімдерге қызығушылықтың артып келе жатқанын айтып, Шымкентте ұйымдастырылған көрменің екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды одан әрі кеңейтуге серпін береріне сенім білдірді. «Қазақстан мен Ауғанстан – ежелден достық пен өзара сыйластыққа негізделген мемлекеттер. Бұл көрме тек сауда алаңы ғана емес, екі елдің рухани және мәдени байланыстарын тереңдете түсетін маңызды платформа. Ауған кәсіпкерлері өздерінің сапалы әрі дәстүрлі өнімдерін Қазақстан нарығына ұсынуға дайын. Біз Қазақстанмен әріптестік қатынастарды барынша дамытамыз», деді ол.
«Хамиди Энерджи» компаниясының өкілі Забибуллах Хамиди бұл форумның екі ел арасындағы экономикалық байланысты нығайтуда үлкен рөл атқаратынын атап өтті:
– «Біздің компания май және дәнді дақылдар өндірісімен айналысады. Қазір өнімдеріміз Ауғанстан мен Өзбекстанда сатылып жатыр. Болашақта Шымкент қаласында май өндіретін зауыт ашу жоспарда бар», – деді ол.
Кәсіпкердің айтуынша, бұл шешім логистикалық тұрғыдан тиімді және қазақстандық серіктестермен бірлесіп жаңа экспорттық бағыттар ашуға мүмкіндік береді.
Форум барысында тараптар ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдары және көлік салаларындағы бірлескен жобаларды талқылады.
– «Бұл форум тек сауда алаңы емес, екі елдің рухани және мәдени байланыстарын да тереңдететін маңызды платформа», – деп атап өтті Ауғанстан Ислам Әмірлігінің Индустрия және сауда министрі Нурридин Азизи өз сөзінде.
Шымкент төрінде өткен бұл жиын екі халық арасындағы достықты, өзара сенімді және прагматикалық әріптестікті нығайтудың нақты қадамы болды.


