Тәңірберген Отарбаев пен оңтүстіктегі Алаш ардақтыларының тағдыры

Oinet.kz 17-11-2025 15

Шымкент қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде «Тәңірберген Отарбаев және Оңтүстікте қуғын-сүргінге ұшыраған алаш зиялыларының тағдыры» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. 

1000505534.jpg

Оны тарих ғылымдарының докторы, профессор Сейдехан Нұрмаханұлы Әлібек модераторлық жасады. Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Жарылқасынұлы Иса мен Қазақстан Республикасының  Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Дария Пернешқызы Қожамжарова онлайн түрде құттықтау сөздерін жолдап, Алаш зиялыларының тарихтағы рөлдері мен тағдырындағы ауыр кезеңдерге тоқталды. Сөз соңында зерттеушілер  мен қатысушыларға ізгі тілектерін білдірді.

Конференцияның ерекше сәттерінің бірі –Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ақын «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ханбибі Есенқарақызының сөз сөйлеген кезі болды. Бала кезінен Ханбибінің шығармашылығымен сусындап өскен студент жастар ерекше құрметпен қарсы алып, әр сөзіне құлақ түрді. Ол Алаш ардақтылары туралы өз еңбектерінен, соның ішінде «Ақ жол» атты көптомдық зерттеу жұмыстарына кішігірім тоқталды. Бұл еңбек қазақ зиялыларының тағдырына, олардың рухани мұрасына арналған құнды еңбек ретінде бағаланады. Ханбибі Есенқарақызы сөзінде «Ақ жол» еңбегінде белгілі ғалым С.Н. Әлібектің де аталарының бар екенін атап өтті. Бұл тың мәлімет конференцияға қатысушыларға ерекше қызығушылық тудырды. 

Пленарлық бөлімінде Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Бас директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы ҚР ҰҒА академигі—Зиябек Ермұханұлы Қабылдинов «Алаш тақырыбы бойынша жүргізілген зерттеулер мен оның нәтижелері» атты баяндама оқыды. Әр еңбектерге жеке-жеке тоқталып, алдағы уақытта көптеген жоспарлар мен жаңалықтар бар екенін айтты.

1000505536.jpg

Қазақстан радиосының ардагері, белгілі қаламгер және Қазақстанның «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері Гүлсара Смайылқызы Қабланова «Алаш ардақтысы – Садық Өтегенов» тақырыбында көлемді әрі өте мазмұнды  баяндама жасады. Садық Өтегеновтың өмірі мен қызметіне терең үңіліп, Алаш қозғалысындағы ерен еңбегін жан-жақты зерттеген. Өтегеновтың қазақ елінің азаттығы мен мәдениеті үшін жасаған жұмыстарына ерекше назар аударып, шығармашылығы мен қоғамдық-саяси қызмет кеңінен ашты. Тың деректер мен материалдарды пайдалана отырып, тыңдаушыларға оның тұлғалық ерекшеліктері мен қоғамдық маңыздылығын жан-жақты таныстырды. Алаш зиялылары жайлы білімді кеңейтіп, ел тарихындағы орнын жаңаша бағалауға ықпал етті.

Әлеуметтанушы, жазушы, Тәңірберген Отарбаевтың ұрпағы Төлентаев Мұрат Сарыбайұлы «Тәңірберген Отарбаевтың өмірі мен шығармашылық мұрасы» тақырыбында баяндама жасады. Ол тарихи деректерге, отбасылық естеліктер мен архив материалдарына сүйене отырып, оның тұлғалық ерекшеліктері мен шығармашылық мұрасының маңыздылығын айқын көрсетті. Тәңірберген Отарбаевтың өмірлік жолын, әдебиет пен мәдениеттің дамуына қосқан үлесін жаңа қырынан тануға көмектеседі.

Қоғамдық-саяси тарих архивінің директоры Шардарбекова Гүлнәр  Сәдібекқызы «Батыр Бауыржанның сүйікті ұстазы» атты баяндама оқыды. Сонымен қатар, Халел Досмұхаммедов атындағы Атырау университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Аққали Қабижанұлы Ахмет «Алаш» газеті тұралы мазмұнды, тарихи ақпараттар берді. Газеттің шығу тарихын, редакциялық ұстанымы, қазақ қоғамындағы ықпалы туралы кеңінен баяндады. Бұл зерттеу жұмысы –газет арқылы қазақ ұлтының тәуелсіздік пен бірлік жолындағы күресін бағалауға септігін тигізеді.

Конференцияның қорытынды бөлігінде Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Сейдехан Нұрмаханұлы Әлібек «Оңтүстікте ағартушылық қызмет атқарған алаш ардақтылары» тақырыбында мазмұнды баяндама жасады. Оңтүстік өңіріндегі ағартушылық бағыттағы қызметіне жан-жақты тоқталып, тарихи деректерге негізделген тың мәліметтермен бөлісті. Ол баяндамасында бүгінгі күннің аса маңызды мәселелерінің бірі—есімі тарихымыздың беттерінде қалғанымен, ел есінде өнегелі ғұмырымен сақталған, алайда мұрағаттарда ескерусіз жатқан талай арыстарымыздың бар екенін айтты. Солардың бірі Сейілбек Үсеновты ерекше атап өтті.

Сондай-ақ отандық, шет елдік ғалымдар Алаш зиялылары, алаштықтарға жүргізілген саяси репрессиялар, сол жылдарда жарық көрген басылымдар жайындағы ғылыми зерттеулеріндегі жаңалықтарымен бөлісті.

Осылайша, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде өткен конференция Алаш ардақтыларының  тарихи мұрасын жаңғырту мен қазақ тарихының әділеттілігін қалпына келтіруге бағытталған ғылыми шара ретінде есте қалды. Алаш мұрасын бүгінгі ұрпаққа жеткізу, ескерусіз қалған тұлғаларды зерттеп, олардың еңбектерін білім жүйесінде кеңінен пайдалану қажет деп білеміз.

Қарлығаш ҮСЕНҚҰЛОВА,

Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті

Ақпараттық білім беру орталығының кітапханашысы, педагогика ғылымдарының магистрі.

Шымкент қаласы







«Таза Қазақстан»: жители Шымкента вносят вклад в улучшение экологического облика города
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу