Шымкент шаруаларының еңбегі

Oinet.kz 29-10-2025 24

Ауыл – елдің тірегі, ал ауыл шаруашылығы экономиканың берік діңгегі. Соңғы жылдары Шымкенттің агроөнеркәсіп саласында айтарлықтай серпін байқалады. Бұл  жүйелі мемлекеттік қолдау мен жергілікті шаруалардың қажырлы еңбегінің нәтижесі. 

Screenshot_7.jpg

2025 жылдың алғашқы жеті айының қорытындысы бойынша, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 29,2 миллиард теңгеге жеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,9 пайызға жоғары. Негізгі өсім мал шаруашылығындағы көрсеткіштердің жақсаруы арқасында қамтамасыз етіліп отыр. Мәселен, мал шаруашылығы өнімдерінің үлесі 23,1 миллиард теңгені құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 105,5 пайызға артқан. Бұл салада еңбек етіп жүрген шаруалар үшін мемлекет тарапынан ауқымды қолдау көрсетілуде.

Жыл басынан бері «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, өнімділікті және өнім сапасын арттыру» бағдарламасы бойынша нақты нәтижелер бар. Осы бағытта 16 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісінен 176 өтінім қабылданып, оларға жалпы көлемі 479,2 миллион теңгеден астам мемлекеттік субсидия берілген. Бұл қаржы шаруаларға асыл тұқымды мал басын көбейтуге, жаңа технология енгізуге және жем-шөп базасын жақсартуға мүмкіндік беруде.

Мал шаруашылығының дамуымен бірге өнім өндіру көлемі де ұлғайған. Мысалы, сүт өндіру 4,8 пайызға өсіп, 13 288,7 мың тоннаға жеткен. Ал тауық жұмыртқасы өндірісі 18,3 пайызға көбейіп, 4 577,9 миллион дана өнім алынған. Бұл отандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды көрсеткіш.

2025 жылдың тамызындағы жағдай бойынша, мал басының динамикасы да тұрақты өсім көрсетіп отыр:

    - ірі қара мал – 95,9 мың бас (87,6%),

    - ұсақ мал – 106 мың бас (74,3%),

    - жылқы – 20,8 мың бас (103,7%),

    - құс – 1,2 миллион бас (114,3%).

Бұл деректер Шымкенттің ауыл шаруашылығы тек сан жағынан емес, сапа тұрғысынан да алға басып келе жатқанын көрсетеді.

Мал шаруашылығын дамытудың тағы бір тетігі  фермерлердің жаңашылдыққа бейімделуі. Қазір қала маңындағы шаруа қожалықтарында заманауи құрал-жабдықтар орнатылып, автоматтандырылған жем беру және суару жүйелері енгізілуде. Бұл еңбек өнімділігін арттырып қана қоймай, жас мамандарды ауылда тұрақтандыруға мүмкіндік беріп отыр.

Бүгінде Шымкент шаруалары ішкі нарықты сапалы ет, сүт, жұмыртқа және құс өнімдерімен қамтамасыз етуде. Олардың еңбегі  қала тұрғындарының дастарқаны мен ел экономикасының тұрақтылығына тікелей үлес. Алдағы уақытта агроөнеркәсіп кешенін әртараптандыру, өнімді қайта өңдеу саласын дамыту, экспорт әлеуетін арттыру бағытында нақты жобалар жүзеге аспақ. Мал шаруашылығы бір күндік емес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын еңбек. Сол еңбектің арқасында Шымкенттің агросекторы да бүгін жаңа белеске көтеріліп отыр.

Жаңа жобалар қаласы
Агроөнеркәсіпке ауқымды инвестиция
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу