Жайлылық пен қауіпсіздік: Қарағанды облысының мектептері жаңғыртылуда

Oinet.kz 08-09-2025 42

Қарағанды облысында білім беру мекемелерін кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстары жалғасуда. Биыл өңірде 265 білім нысанында ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізілді.

1000471218.jpg

Оның ішінде 180 мектеп, 64 балабақша, 14 қосымша білім беру мекемесі, 6 колледж және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау орталығы қамтылды.

Күрделі жөндеу жұмыстары 32 нысанда, оның ішінде 29 мектепте жүргізілуде. Тағы 232 білім ордасында ағымдағы жөндеу жасалды. Жаңғырту бағдарламасының басты мақсаты – балалар мен ұстаздар үшін қауіпсіз әрі жайлы жағдай жасау

Жаңартылған мектептердің қатарында Қарағандыдағы Сәкен Сейфуллин атындағы гимназия бар. Ол 1962 жылы №92 орта мектеп ретінде ашылған. Қазір мұнда шамамен 750 оқушы білім алуда. Жаңа оқу жылында 75 бірінші сынып оқушысы қабылданды.

– Жазда ғимараттағы баспалдақтар, есіктер мен линолеум ауыстырылды, электр желілері мен санитарлық-техникалық жабдықтар жаңартылды. Өткен жылы «Қазақстан халқына» қорының бағдарламасы аясында химия, биология және физика кабинеттері жаңа құралдармен жабдықталды, – дейді мектеп директоры Салтанат Жүнісова. – Келесі жылы фасад пен электр жүйесін ауыстыру жоспарланған.

№50 негізгі орта мектебінде де ауқымды реконструкция жүргізілуде. Бұл білім ордасы алғашқы оқушыларын 1962 жылы қабылдаған, бүгінде мұнда 585 бала оқиды. Биыл жазда екі жылдық жөндеу жобасы басталды. Қазірдің өзінде фасады, шатыры, терезелері және бірінші қабат еденнен төбеге дейін толық жаңартылды.

– Мектебіміз жаңғырту бағдарламасына енді, бірінші қабаттағы үш бастауыш сынып пен еңбек кабинеттері жаңа жиһазбен жабдықталды, – дейді мектеп директоры Жанар Балапанова. – Сондай-ақ спортзал мен асхананың реконструкциясы аяқталуға жақын. Бұл жұмыстар біздің тұрақты бақылауымызда. Келер жылы екінші және үшінші қабаттар жөнделмек.

1200-ден астам бала білім алатын №5 қосымша білім беру мектеп-орталығында күрделі жөндеу кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. 2024 жылы жылыту жүйесі мен терезелер ауыстырылды. Биыл фасад, спортзал және санитарлық тораптар жөнделді.

– Биыл біз үйірмелерге арналған жаңа кабинеттер мен ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған сенсорлық кабинет аштық, сонымен қатар кітапхананы жаңарттық. Келер жылы қалған қабаттарды жөндеу және аумақты абаттандыру жоспарланған, – деді мектеп директоры Торғын Нұрмағамбетова.

Жобаны 2027 жылға дейін толық аяқтау көзделіп отыр.

Өскелең ұрпақтың бойындағы патриотизм – болашаққа деген шынайы ұмтылыс
Комфорт и безопасность: школы Карагандинской области проходят реновацию
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу