Қырғыз Республикасында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің филиалы ашылды
Бішкек қаласында Еуразия ұлттық университетінің Ош мемлекеттік университеті базасындағы филиалының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Іс-шара Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғыз Республикасына ресми сапары аясында ұйымдастырылды.
Салтанатты шараға Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Қырғыз Республикасының ғылым, жоғары білім және инновациялар министрі Бактияр Орозов, Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, Ош мемлекеттік университетінің ректоры Құдайберді Қожобеков, сондай-ақ екі елдің жоғары білім беру жүйесінің өкілдері қатысты.
«Былтыр Қырғызстан Президентінің Қазақстанға сапары аясында екі елдің жастарын жақындастыра түсетін бірқатар уағдаластыққа қол жеткізген едік. Соның нәтижесінде Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ош қаласындағы филиалы ашылуда. Бұдан бөлек, Қазақстан Үкіметі қырғыз студенттеріне 50 грант бөліп отыр. Келесі жылдан бастап грант санын 60-қа дейін көбейтеміз деп шештік»,-деп атап өтті Мемлекет басшысы сапарының қорытындысы бойынша берген баспасөз брифингінде.
ЕҰУ-дың Ош мемлекеттік университетіндегі филиалы экология, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және қызмет көрсету саласы бойынша мамандарды дайындайтын болады. Сондай-ақ, филиал базасында екі елдің студенттері орыс тілі мен әдебиеті, аударма ісі, шет тілі, журналистика, физика мамандықтары бойынша білім алып, оқуын аяқтаған соң екі университеттің қос дипломын алады.
«Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қырғыз Республикасындағы филиалы – екі елдің білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастығын жаңа сапаға көтеретін маңызды қадам. Осы алаңда басым бағыттар бойынша кадр даярлау, бірлескен зерттеулер мен қос дипломды бағдарламаларды кеңейту арқылы өңірдің адами капиталын нығайтамыз», - деді министр Саясат Нұрбек.
«Қырғыз Республикасында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің филиалының ашылуы екі ел арасындағы білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды қадам болып табылады. ЕҰУ филиалы қырғыз студенттеріне халықаралық стандарттарға сай жоғары сапалы білім алуға мүмкіндік беретін, бірлескен ғылыми зерттеулерді дамытуға, инновацияларды енгізуге, сондай-ақ экономиканың негізгі саласы үшін қажетті мамандарды дайындауға ықпал ететін заманауи білім беру және ғылыми орталық болады. Оның қызметі бүкіл Орталық Азия аймағының тұрақты дамуы мен өркендеуі үшін берік зияткерлік іргетас қалыптастырудың негізі», - деп атап өтті Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ университетінің ректоры Ерлан Сыдықов.
Айта кетейік, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті академиялық ұтқырлық және қос дипломдық білім беру бағдарламалары бойынша Қырғыз Республикасының 16 университетімен ынтымақтасады.