Мәдениет және ақпарат министрі Шымкент қаласының зиялы қауымымен жүздесті
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жұмыс сапары барысында шымкенттіктермен кездесті.
Кездесуге Шымкент қаласының зиялы қауым, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сондай-ақ шығармашыл жастар қатысты.
Жиында баяндама жасаған ведомства басшысы салада атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. алдымен ақпарат саласындағы өзгерістерді атап өткен Аида Балаева елімізде 4900-ден аса бұқаралықақпарат құралдары бар екенін айтты. Сонымен қатар «Масс-медия» заңындағы ерекшеліктер мен әлеуметтік желідегі жарнамаларбойыншаблогерлердің қызметі заңмен реттелгенін түсіндірді. Осы ретте министр ғаламторда жалған ақпарат тарататындар көбейгенін, соның салдарынан 200 мыңға жуық дерек анықталғанын жеткізіп, сенімді дереккөздерге иек артуға шақырды.
Сөйтіп кездесу аясында еліміздің ақпарат кеңістігін дамыту, БАҚ-тың қазіргі жағдайы, медиа саласындағы жаңашылдықтар, жасанды интеллектіні қолдану, ақпараттық қауіпсіздік, сондай-ақ мәдениет пен кино саласындағы өзекті мәселелер талқыланды. Министр Президент реформалары аясында іске асырылып жатқан бастамалар және министрлік құзыретіндегі барлық бағыттар бойынша баяндамасында тоқталып өтті. Сондай-ақ маңызды басқосуда бүгінгі қазақ киносының жай-күйі де көтерілді. Аида Балаеваның айтуынша, Президент тапсырмасына сәйкес министрлік жанынан арнайы сараптамалық топ құрылып, отандық фильмдердің идеологиялық мазмұнына сараптама жасалады.
– Бұл – цензура емес, керісінше, қоғамның сұранысына сай, тәрбиелік мәні жоғары туындылардың көбірек шығуына ықпал ететін қадам. Кино – көрерменге, әсіресе жастарға, тікелей әсер ететін қуатты құрал. Бүгінгі жасөспірімдер экрандағы кейіпкерлерге еліктейтінін ескерсек, олардың бойында патриоттық сезім мен ізгі құндылықтарды қалыптастыратын образдар жасау аса маңызды. Сондықтан алдағы уақытта министрлік мақұлдаған, сапасы мен мазмұны талапқа сай фильмдер ғана прокатқа шығарылады. Қазақ баласына үлгі боларлық жаңа кейіпкерлер өмірге келеді деп сенеміз, – деді министр.
Сондай-ақ министр 2025 жылғы 17 наурыздан бастап «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңға енгізілген өзгерістер күшіне енгенін еске салды. Жаңа ережеге сәйкес, Мәдениет және ақпарат министрлігі мемлекеттік органдардың қоғаммен маңызды ақпаратты қалай бөлісетінін қадағалайды. Тексеру қашықтан жүргізіледі – мамандар мекемелерге бармай-ақ, құжаттар мен ресми интернет-ресурстар арқылы талдау жасайды. Тоқсанына бір рет органдардың заң талаптарын сақтау деңгейі бағаланып, қажет жағдайда ескерту жолданады. Бұл өзгерістердің басты мақсаты – мемлекеттік органдардың ашықтығын арттыру және азаматтардың ақпаратқа еркін қол жеткізуін қамтамасыз ету.
Жиын барысында кездесуге қатысқан шымкенттіктер министрге көкейлерінде жүрген сауалдарын жолдап, ұсыныстарын жеткізді.