Түркістан облысында әлеуметтік дүкендер желісі нарық бағамын тұрақтандыруға өз септігін тигізуде

Oinet.kz 20-12-2024 62

Халықтың әлеуметтік жағдайын арттыру Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауының басты бағыттарының бірі. «Біз «Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынасты түбегейлі өзгертеміз. 

Screenshot_8.jpg

Мемлекет, ең алдымен, бәріне бірдей мүмкіндік беріп, әділдік орнатады. Қоғам игілігіне арналған қызмет деңгейі жоғары болуына кепілдік береді. Әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсетеміз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да көмектесеміз», деп атап өтті Президент Жолдауында. Бұл бағытта Түркістан облысында атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес. 

«Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясы» акционерлік қоғамы тұрақтандыру қоры департаментінің директоры Лаура Жанасбаеваның айтуынша, Түркістан облысында 36 әлеуметтік дүкен жұмыс істейді. Оның ішінде, 26 дүкен Түркістан қаласында, 10 дүкен Кентау және Арыс қалаларында орналасқан. Сондай-ақ, қаладағы 4 ірі сауда үйі мен 25 сауда орнында әлеуметтік бұрыштар қойылған. Сонымен қатар бұл бастама Төлеби, Сарыағаш, Жетісай, Шардара аудандарында да өз жалғасын табуда.  

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалды тұрақтандыру бойынша бірқатар тапсырма жүктеген еді. Соған сай елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын шекті бағадан асырмау мақсатында бірқатар межелі жұмыстар қолға алынған. Мәселен, Түркістан қаласы бойынша бағаны бақылауға арнайы мониторингтік топтар жұмылдырылған. Бағаны тұрақтандыру үшін қаладағы ірі сауда орындарына тұрақтандыру қорының тауарлары күнделікті жеткізілуде. Енді кәсіпкерлер азық-түліктің үстемақысын 10-15 пайыздан асырмауы тиіс. Осы талаптың орындалуын статистика департаменті, ауыл шаруашылығы бөлімі мен кәсіпкерлік басқармасының қызметкерлерінен жасақталған мониторингтік топ күнделікті бақылауда.  

Қала әкімдігі ауыл шаруашылығы мен өнеркісіп және кәсіпкерлік бөлімі мамандарынан құралған жұмыс тобы күнделікті шаһардағы ірі сауда орындарын аралап, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктерді шекті бағадан асырмау туралы түсіндірме жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді. Негізінен әлеуметтік дүкендер мен бұрыштарда 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары нарықтан 40-50 пайызға арзан өткеріледі. Мәселен, нан бөлкесі 70 теңгеден, қырыққабаттың килограммы 55 теңгеден, картоп пен сәбіз 100 теңгеден өткеріледі. Бұдан бөлек, жұмыртқаның бір түйірі 40 теңге, сиыр еті – 2000 теңге, тауық еті – 970 теңге, сүт – 260 теңге, сары май – 2300 теңге, сүзбе 1300 теңгеден халыққа босатылуда, - дейді Лаура Жанасбаева.

Айта кетейік, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің биылғы статистикалық мәліметіне сүйенсек, Түркістан қаласы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі бойынша республика көлемінде алғашқы бестіктен орын алып отыр. 

Сонымен «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясы» акционерлік қоғамы тұрақтандыру қоры департаментінің директоры Лаура Жанасбаеваның айтуынша, өңірде сауда үстемесі мен негізсіз баға өсіруді бақылау және алдын алу бағытында шаралар күшейтілген. Қазіргі таңда азық-түлік тауарлары жәрмеңкесі жыл басынан бері аптасына 2 рет сейсенбі және жұма күндері тұрақты түрде өткізілуде. Бүгінде тұрақтандыру қорында жалпы құны 5 миллиард теңгені құрайтын 10 мың тоннаға жуық азық-түлік тауарлары мен 3 миллион жұмыртқа бар. Ал, «Айналым схемасы» шеңберінде кәсіпкерлік нысандарына бағаны тұрақтандыру үшін берілген қарыздар – 3,3 миллиард теңгені құрайды.

Бүгінде нарық бағамын бір ғана тұрақтандыру қорының ықпалымен ұстап тұру мүмкін емес. Көбінде азық-түлік бағасының қымбаттауына базардағы делдалдардың тікелей әсер етіп отырғаны белгілі. Сондықтан жергілікті өнімдердің базар мен дүкендерге кедергісіз жетуін жергілікті билік қатаң қадағалайды деген сенімдеміз.

Түркістан облысында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 3 мектеп тапсырылғалы жатыр
Түркістан облысында білім ошақтары цифрландыру жүйесінің артықшылықтарын пайдалануда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу