Түркістан облысында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 3 мектеп тапсырылғалы жатыр

Oinet.kz 20-12-2024 69

Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен елімізде үш ауысымды, апатты, ескі мектептер мәселесін шешу бағытында «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында салынатын мектептердің жобасы әзірленген болатын. 

Screenshot_7.jpg

Жоба шеңберінде заманауи мектеп ғимаратының құрылысы жүргізіліп, ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайту көзделген. Жалпы Түркістан облысында «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жылдары 63 мектептің құрылысын салу жоспарланған. Оның ішінде 300 орындық 11 мектеп, 600 орындық 25 мектеп, 900 орындық 15 мектеп, 1200 орындық 6 мектеп, 1500 орындық 4 мектеп, 2000 орындық 2 мектеп бар екен. 

«Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы ұлттық жобаны іске асыру департаментінің Түркістан облысы бойынша өңірлік басшысы Сәкен Әшірбаевтің айтуынша, бұл білім ошақтарын салу арқылы аймақта 49 мың оқушыға мектептен орын дайындалады. Ал биыл 29 мектептің құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. 

- Бүгінгі күні Президенттің Жолдауда көтерген «Жайлы мектеп» жобасы Түркістан облысында жоспарлы жүзеге асырылуда. Жалпы бүгінгі таңда  «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған 3 білім ұясының құрылысы толық аяқталып, жақын күндері пайдалануға беру жоспарлануда. Дегенмен биыл өңірде жоба шеңберінде соғылып жатқан мектеп саны 29. Ол білім ошақтарында 20 мыңнан астам оқушы білім алуы тиіс. Заманауи талаптарға сай жабдықталған білім ошақтары Президент бастамасымен салынып жатыр. Қазіргі басты назар – сапада болып тұр. Жұмысты жеделдетіп, дер кезінде тапсыру керек. Ашылуға дайын мектептердің инфрақұрылым желісіне қосылуын жіті қадағалануда. Ерекше жобаның құрылысы қатаң бақылауда тұр, – деді ол.  

Мемлекет басшысы алдыңғы Жолдауында «Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек», дей отырып, әрбір өңірдің ерекшелігіне қарай мектеп салуды тапсырған болатын. 

Сондай-ақ Президент Жолдауында бұл білім нысандарын жемқорлыққа жол берген, олардың заңсыз тапқан қаржысы есебінен салуды ұсынған. Яғни, Мемлекет басшысы «Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек» деп қаржы көзін де анықтап берген еді Жолдауда. 

Қазақстан Республикасының оқу-ағарту министрлігінің өкілдерінің айтуынша, республикамызда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында үш жыл ішінде 504 мектеп салу жоспарланған. Бұл көлем елдегі демографиялық өсімді ескеріп жасалып отырғаны белгілі. Ал Түркістан облысында 63 мектеп жобаға енсе, биыл 29-ының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Алды Түркістан қаласы мен Сауран ауданында пайдалануға берілді. 

- Президентіміздің тапсыруы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында білім саласы 2025 жылы елімізде үш ауысымды оқудан және барлық апатты мектептен толығымен құтылады деп белгіленген. 2023–2025 жылдар аралығында жүзеге асырылатын «Жайлы мектептің» басты мақсаты ретінде «Орта білім беру ұйымдарында оқушы орындарының тапшылығын, үш ауысымды оқытуды және мектептердің апаттылығын жою» деп нақты көрсетілген. Әдетте, ең озық білім ордаларының еліміздегі ірі қалаларда ғана ашылатыны белгілі. Бірақ ұлттық жобада жаңа сипаттағы жайлы мектептердің ауылда да бой көтеретіндігі айтылған. Тек ауыл тұрғындарының саны қарқынды өскен, «белсенді дамып келе жатқан, перспективті елді мекен» болуы шарт. Ол білім ошақтарының бәрі заманауи оқу жабдықтарымен жарақтандырылады, зертханаларына дейін болады, оқушылар мен педагогтер үшін қолайлы және қауіпсіз жағдайлар жасалады.

Жоба аясында қазір 300, 600, 900, 1200, 1500, 2 мың және 2,5 мың білім алушыға арналған орта мектеп құрылыстары типтік эскиздік жобалар арқылы салынуда, - дейді «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы ұлттық жобаны іске асыру департаментінің Түркістан облысы бойынша өңірлік басшысы Сәкен Әшірбаев.

Атап өтерлігі, бұл ұлттық жобаның өз ерекшеліктері бар. Атап айтсақ, біріншіден, ұлттық жоба қаржымен толық қамтамасыз етіледі. Бұған дейін республикалық бюджеттен жылына 100 миллиардқа жуық қаражат бөлінсе, енді Мемлекет басшысының қолдауымен бұл ұлттық жобаға республикалық бюджеттен 2,6 триллион теңге қарастырылып отыр. Екіншіден, мектеп салуда біркелкі құрылыс нормативтері сақталады, ол үшін жаңа құрылыс нормативтері қабылданған. Мектеп салуда бірізділікті сақтау үшін ол жұмысты ортақ оператор атқаруда. Үшіншіден, министрлік өкілдерінің айтуынша, мемлекеттік мектептерді салғанда тек оның ғимаратын тұрғызумен шектелмей, «ішкі контентіне» баса назар аударылады. Мысалы, ондағы шәкірттер ең озық әдістемелермен оқиды. Оларды су жаңа мектеп автобустары тасуға тиіс.

«Ол мектептердің әрқайсысына баратын жолдар төселеді. Жанында автобус аялдамалары ашылады. Барлық инженерлік инфрақұрылымды да қамтимыз. Себебі, мұның бәрі жайлылық ұғымына кіреді, тиісінше ол мәселелердің бәрі қарастырылады. Бір сөзбен айтсақ, ұлттық жоба 800 мың балаға арнап, жоғары стандарттарға сәйкес заманауи, жайлы мектеп салынады дегенді білдіреді. Оған өте сапалы құрылыс материалдары қолданылады. Балалар үшін тиісті жағдайлар жасалады. Қауіпсіздік жүйелері де енгізілетін болады. Қазіргі таңда қалған мектепердің құрылысы қарқынды жүруде. Мұнда қажетті оқу жабдықтарымен, түрлі пәндік кабинеттермен, бейнебақылау және дыбыстық хабарлау жүйелерімен, балаларға арналған жеке шкафтармен және тағы басқа толық жабдықталатын болады. Облыста «Жайлы мектеп» жобасы толығымен жүзеге асқан жағдайда жаңа форматтағы мектептегі оқушылардың білім алуына толық мүмкіндік жасалып, білім сапасы артады деп жоспарлануда, - дейді өңірлік басшы.

Сонымен аймақтағы ауыл мен қалада бірыңғай жобамен салынып жатқан білім ошақтары «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Ұлттық жобаны іске асыру департаментінің Түркістан облысы бойынша өңірлік басшысы Сәкен Әшірбаевтың айтуынша, жыл соңына дейін кестеге сәйкес жоспарланған мектептер тапсырылуы тиіс. 

Түркістан облысында инвесторлар күшімен әлеуметтік нысандар көптеп салынуда
Түркістан облысында әлеуметтік дүкендер желісі нарық бағамын тұрақтандыруға өз септігін тигізуде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу