Түркістан облысында инвесторлар күшімен әлеуметтік нысандар көптеп салынуда
Түркістандық кәсіпкерлердің демеушілігімен көптеген нысандар салынып, ел игілігіне берілуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында инвесторларға арқа сүйей отырып, оларды демеушілік жасауға тарту керектігі айтылды.
«Инвесторлар осы елдің азаматы ретінде мектеп, аурухана, стадион, музей және басқа да әлеуметтік-мәдени нысандар салуға қомақты қаржы бөлуге міндетті. Мұндай кәсіпкерлердің есімі жомарт жандардың «алтын тізіміне» жазылады. Ал, одан бас тартқан немесе сөзбұйдаға салған кәсіпкерлерге қатысты әңгіме басқаша болады» деп атап өткен еді Жолдауда Президент.
Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтың айтуынша, аймаққа инвестиция салып жүрген инвесторлар Түркістан облысында бой көтеретін әрбір құрылыс нысаны мен ғимараттардың сәулеттік жобасын қолдауға дайын. Мәселен, өңірде жұмыс істеп жүрген ірі инвесторлардың бірі Түркістан қаласында 500 орындық мектеп пен 250 орындық балабақша салуға ниет танытқан.
- Аймаққа инвестиция салып, отандық өнеркәсіп орындарын көтеруге күш салып жүрген ірі бизнес өкілдері демеушілік жасаудан тартынған емес. Олардың күшімен емдеу орталықтары, медициналық мекемелер, мектептер мен балабақшалар, басқа да әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Кәсіпкерлердің күшімен қазірдің өзінде ондаған спорт алаңдары, алаңшалары салынып, ел игілігіне беріліп отыр. Түркістан қаласында мектеп пен балабақша салуға ниет танытқан инвесторды облыс әкімі де қолдап отыр. Бүгінгі күні ол нысандардың сәулеттік кескін келбеті қаралуда. Егер инвестор нысанды уақтылы салуға кепілдік берілсе, аймақ басшысы қолдау көрсетілетінін жеткізген болатын. Енді бір инвесторлар бар, келісіп алып, жер алып, уәде еткен нысанды салмай уақыт созып жүретін. Ондай кәсіпкерлерден жер қайта алынып, жұмысты созбалаңға салатыны үшін тиісті шара қаралатынын да ескертіп отырамыз, - дейді Нұрбол Тұрашбеков.
Бұрынғыдай емес, қазір салынатын нысанның ең алдымен сәулеттік кескіндемесі алдымен арнайы кеңесте қаралып, мақұлданғаннан кейін рұқсат беріледі. Жалы ол кеңесте медициналық орталық, көлік орталығы, галерея, емхана, көрме орталығы, мектеп пен балабақша, спорт кешендері мен мәдениет үйлерінің жобалары да қаралып, талқылаудан кейін барып ұсынылады.
Демеушілердің күшімен тұрғызылған нысандар Түркістан қаласында, Сарыағаш, Мақтаарал және Жетісай мен басқа аудандарда көптеп кездеседі. Мәселен, жуырда кәсіпкердің қолдауымен Сарыағаш ауданына қарасты Ақжар елді мекенінде жаңа балабақша ашылды. «Балдаурен 2050» бөбекжай балабақшасында барлық жағдай жасалған. Ауыл ақсақалдарының өтінішін жерде қалдырмай осындай игілікті істі қолға алып, бүлдіршіндеріміздің заман талабына сай балабақшада тәрбие алуына мүмкіндік жасаған жеке кәсіпкер Римма Қожагелдиеваға жерлестерінің алғысы шексіз.
Аталған аудан әкімінің орынбасары Нұрполат Талиповтың айтуынша, 195 орындық «Балдаурен 2050» бөбекжай балабақшасы ауылдың 23 тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қабылдауда. Бөбекжай заман талабына сай құрал-жабдықтармен қамтылған. Арнайы спорт, ән-әуез залдары және әдіскер, психолог, логопед, басқа да кабинеттері бар.
- Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық балалар үшін тең бастапқы мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталған шаралар қабылдануда. Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтуды ұлғайту үшін 2023-2027 жылдарға арналған мектепке дейінгі ұйымдарды іске қосудың қадамдық жоспары әзірленген. Бүгінде Түркістан облысы балаларды мектепке дейінгі оқытумен және тәрбиемен қамтуда жоғары көрсеткішке қол жеткізген өңірлер қатарында, - дейді облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков.