Түркістан облысында мүмкіндігі шектеулі және аз қамтылған азаматтарға әлеуметтік жағынан қолдау көрс
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында «Мемлекеттік қолдау шын мәнінде мұқтаж адамдарға көрсетілуі қажет.
Бір сөзбен, кез келген әлеуметтік көмек әділ, ашық және тиімді болуға тиіс» деп тапсырды. Түркістан облысында әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға мемлекеттік тұрғыдан тиісті көмектер көрсетілуде.
Түркістан қаласы әкімдігі «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар» бөлімінің басшысы Эльмира Бейсенованың айтуынша, биыл 216,9 мың адамды атаулы әлеуметтік көмекпен қамтамасыз ету үшін бюджеттен 12,2 миллиард теңге бөлініп, 46,7 мың баланы қосымша әлеуметтік төлеммен қамтамасыз ету жоспарланған.
- Президентіміз Жолдауында «Әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға қолдау көрсету – өте маңызды міндет. Сондықтан мемлекет әлеуметтік шығыстарды біртіндеп ұлғайтып жатыр. Қазір бюджеттің жартысынан көбі әлеуметтік салаға жұмсалады. Балалы отбасыларды қолдау үшін сәби күтіміне өтемақы төлеу мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзарды. Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарға биылдан бастап арнайы төлемдер беріліп жатыр. «Ұлттық қор – балаларға» ауқымды жобасы іске қосылды. 7 миллион баланың есепшотына Ұлттық қордың табысынан жалпы сомасы 300 миллиардтан астам теңге аударылды. Дегенмен қазір мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген кезде азаматтардың нақты табысы ескерілмей жатқанын мойындау қажет. Басқаша айтсақ, әлеуметтік қолдауға мүлде мұқтаж емес ауқатты отбасылар да мемлекеттен көмек алады. Мұндай жайттар аз емес. Осыны ескере отырып, халықты қолдау тәсілдерін жетілдіре түсу қажет. Сондықтан, Үкіметке алдағы жылдың басынан бастап «Әлеуметтік әмиян» жобасын жүзеге асыруды тапсырамын» деді.
Ал Түркістан облысында 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 14,9 мың отбасыға (89,6 мың адам) 5 265,5 миллион теңгеге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, аз қамтылған азаматтардың үлесі облыс халқының 4,2 пайызын құрады. Аз қамтылған азаматтардың табысын арттыруға бағытталған шаралардың орындалуының арқасында бөлінген қаржының 2,6 миллиард теңгесі үнемделіп, бюджетке кері қайтарылды. Облыстық «Қамқорлық» бағдарламасы одан әрі іске асырылып жатыр, өмірлік қиын жағдайға тап болған 641 отбасына 99,3 миллион теңгеге демеушілік қолдау көрсетілді. Тұрғын үй көмегі 686 отбасына 47,9 миллион теңге тағайындалды. Соның нәтижесінде табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 8,8 пайыз, жұмыспен қамту шараларына тартылған атаулы әлеуметтік көмекті алушылардың үлес салмағы 72,2 пайыз құрады, - дейді басқарма басшысы.
Ал Түркістан облысында 99,2 мыңнан астам мүгедектігі бар адам есепте тұр, ол облыс халқының 4,6 пайызы, бұл республикадағы мүгедектігі бар адамдардың 14 пайызын құрайды. 2024 жылы облыста мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету үшін барлық деңгейдегі бюджеттер есебінен 13,8 миллиард теңге бөлінген. 1 қазандағы жағдай бойынша бөлінген қаржы есебінен 48 632 техникалық оңалту құралдары мен қызметтер ұсынылып қажеттіліктің 77,7 пайызы қамтылды. Бұл қаржыға – 6 714 протездік-ортопедиялық, 930 сурдотехникалық, 1715 тифлотехникалық, 2069 кресло-арба, 11913 санаторийлік-курорттық емдеу, 1462 жеке көмекші қызметі, 1132 ымдау тілі маманы қызметі мен 22697 міндетті гигиеналық құралдар алынған.
- Бүгінгі таңда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға 294 өнім беруші бар, оның ішінде 22 ымдау тілі маманы, 19 жеке көмекшінің қызметін көрсету, 192 оңалту техникалық құралдары және 61 ұйым санаторий-курорттық емдеу қызметін қамтамасыз етуге арналған. Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді орта құру аясында биыл Amanat партиясының «Халықпен бірге» атты сайлауалды бағдарламасының 26 тармағын орындау жөніндегі жол картасына сәйкес ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін әлеуметтік инфрақұрылымның облыс бойынша 667 нысанын бейімдеу жоспарланған. 2024 жылғы қазандағы жағдайға сәйкес 380 нысан бейімделді. Атап айтсақ, Түркістан облысында 195 703 зейнеткер бар. Оның 11-і Ұлы Отан соғысының ардагерлері болса, 3172-і тыл еңбеккерлері, - дейді басқарма басшысы.
Жалпы облыста жүйелі түрде ардагерлерді сауықтыру, тегін басылымдарға жаздыру, демеушілер және жергілікті бюджеттер есебінен коммуналдық қызметтерге жеңілдіктер беру мәселелері тиісті деңгейде шешілген. Атап айтқанда, 5060 жекеленген санаттағы азамат «Ардагерлер үйі» мен «Мейір» ардагерлер үйінде демалуға мүмкіндік алған, 1537 ардагер басылымға тегін жазылады. Түркістан облысында 2024 жылғы 1 қазанындағы жағдай бойынша 7 035 мұқтаж азамат арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылды.
Сондай-ақ басқармаға қарасты арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарда – 1 083 адам қызметпен қамтылған. Оның ішінде 4 стационарлық үлгідегі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында – 872 адам (психоневрологиялық ауытқулары бар 1 және 2-ші топтағы мүгедектер, жалғызілікті қарттар мен 1, 2 топтағы мүгедектер, тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедек балалар); 6 жартылай стационарлық үлгідегі оңалту орталықтарында – 211 адам (1, 2 топтағы мүгедектер, 18 жасқа дейінгі тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедек балалар); аудандық, қалалардағы үйде әлеуметтік көмек көрсету және күндізгі қатынау бөлімшелерінде – 5 473 адам қамтылған. Оның ішінде 2191 жалғызілікті қарт пен 1 және 2-ші топтағы мүгедектігі бар азаматтар, 2274 мүгедектігі бар балалар, жасы 18-ден асқан психоневрологиялық ауытқуы бар мүгедектігі бар 586 адам, психоневрологиялық ауытқуы бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектігі бар 422 бала (күндізгі қатынау бөлімшелері арқылы) қызметтер алған.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетін 5 үкіметтік емес ұйымдарда – 479 адам бар. Оның ішінде психоневрологиялық ауытқуы бар және тірек-қимыл апапараты бұзылған 82 мүгедек бала (жартылай стационарлық жағдайда); психоневрологиялық ауытқуы бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған 206 мүгедек бала, жасы 18-ден асқан психоневрологиялық аурулары бар І, ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдар (үйде күтім көрсету жағдайда); 32 адам саудасының құрбандары; 12 адам саудасының құрбандары деп танылған шет елдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар; 127 тұрмыстық-зомбылық құрбандары; 20 «Сыйымдылығы шағын үй» пилоттық жобасымен психоневрологиялық ауытқуы бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедек балалар бар.