Түркістан облысының туризм саласында даму бар
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында туризм саласына да тоқталмай өтпеді.
Президент өз кезегінде «Туризм жобаларын жүзеге асырғанда табиғатқа зиян келтірмей, экологияны сақтау барынша маңызды екенін ерекше атап өткім келеді» деді. Осы сөзі арқылы Мемлекет басшысы табиғат байлығын бүлдірмей, ол салада жүзеге асырылатын жобалардың қоршаған ортаға зияны болмасын дегенді анық аңғартты.
Бүгінгі күні еліміздің туристік картасындағы негізгі орындар Түркістан облысының аумағында орналасқан. Мәселен, қасиетті Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи, Ибрагим ата, Қарашаш ана, Үкаша ата, Домалақ ана кесенелері, «Ақ мешіт әулие» үңгірі, Кеме қалған, «Жылаған ата» үңгірі тағы басқа да киелі жерлер мен мәдени даму орталығы болған Сауран, Отырар секілді тарихи қалалар орнындағы музейлерді туристер мен инвесторларға тартымды ету үшін көптеген жұмыстар қолға алынған.
Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың айтуынша, туристік нысандар бойынша инфрақұрылымды жақсарту, жеңіл инфрақұрылымды жетілдіру, маркетингтік ілгерілету жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді екен. «
- Өткен жылы инфрақұрылымды жақсарту үшін туристік нысандарға барар жолдарды жөндеу бойынша жалпы құны 10,6 миллиард теңгені құрайтын 7 жоба іске асырылды. Оның ішінде, «Түркістан – Қарнақ» бағытындағы және «Самара – Шымкент» жолдары жөндеуден өткен. Аталған бағытта биыл 17,6 миллиард теңгені құрайтын 19 жобаны жүзеге асыру көзделген. Оның ішінде, Түркістан – Арыстанбаб және Сауран қалашығына бұрылыс алаңын орнату секілді жобалар қамтылған. Жобалардың аяқталу мерзімі 2024-2025 жылдарға жоспарланған. Медиа алаңдар мен әлеуметтік желілерде Түркістан облысының туристік әлеуеті жайлы ақпараттық жұмысты күшейтіп, жан-жақты материалдар таратылуда. Instagram, Facebook, TikTok және Telegram-да түрлі сапалы роликтер, креативті қысқа reels видеолар салынды. Жыл басынан бері жасалған талдауға сәйкес видеолардың жалпы қаралымы 10 миллионға жуықтады. Күнделікті қызықты ақпараттар, хабарландырулар мен туристік маршруттар жөнінде посттар жарияланып жатыр. Олар пабликтер мен оқырмандардың парақшаларында таралуда. Республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында 200-ден астам материал жарық көрді, - дейді облыс әкімінің орынбасары.
Сонымен қатар өңірдің туристік әлеуеті халықаралық туристік көрмелерде таныстырылады. Сондай-ақ облыс аумағында оқиғалық іс-шаралар мен ақпараттық турлар ұйымдастырылып, өткізіледі. Бұдан бөлек, Түркістанға келетін халықаралық әуе рейстерінің санын арттыру мақсатында Венгрияның «Wizz Air» әуе компаниясымен «Түркістан – Әбу-Даби (БАӘ)» әуе бағыты бойынша рейстерді іске қосу бойынша жұмыстар жүргізілген. Нәтижесінде әуе рейстер аптасына 2 реттік жиілікпен А-321 заманауи ұшақтарымен орындалуда.
Ресми статистикалық деректерге сәйкес, 2024 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша туризм саласындағы негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 47,5 миллиард теңгені құраған. Өз кезегінде, биыл жалпы туризм саласы бойынша облыс аумағында жалпы сомасы 35,6 миллиард теңгені құрайтын 37 туристік инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Атап айтқанда, «Lords Heir» қонақ үйі, «Khan Palace 2» қонақ үйі, «Yassy Hall and Apartments» қонақ үйі, «Болашақ құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің демалыс аймағы және тағы басқа нысандарды осы жылдың соңына дейін іске асыру жоспарланған. Айта кету керек, өткен жылы облыстың туризм саласына 53,5 миллиард теңге инвестиция тартылған.